Basty bet
Басты саланың – басым бағыты
Аудан халқының негізгі табысы ауыл шаруашылығы саласымен тығыз байланысты. Мал және мал өнімдерінен тұратын өндіріс көлемі де соңғы жылдары біршама артқан. Бүгінде мал өндірісінен алынатын сүт және ірімшік өнімдері ауданның ғана емес, облыстың негізгі азық-түлік қорына еніп үлгерген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажеттігін, бұл – стратегиялық міндет екенін атап өтіп, саланы дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берген болатын. Қазіргі таңда облысымыздағы жалпы мал саны 4,9 миллион басты құрап өткен жылмен салыстырғанда 6,5 пайызға жоғарылаған. Оның ішінде мүйізді ірі қара саны – 5,1, қой мен ешкі басы – 6,7, жылқы – 9,1, түйе басы 2 пайызға артқан. Жалпы алғанда мүйізді ірі қара 569,5 мың, қой-ешкі 4178 мың, жылқы 197 мың, түйе 8 мың басқа жеткен. Мұның 340873 басты ауданда өсірілуде.
Мемлекеттік қолдау шараларына сәйкес асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін биыл бюджеттен 5,3 миллиард теңге бөлінге. Бүгінгі таңда облыстағы 2208 шаруа қожалыққа 4,3 миллиард теңге субсидия берілген. Нәтижесінде асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын, оның ішінде қой-ешкі басы 500-ден асатын 359 шаруа қожалық, мүйізді ірі қара ұстайтын 59 шаруашылыққа жеткен.
Аймақта ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнімнің 50 пайыздан астамы мал шаруашылығы саласына тиесілі. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде салада өндірілген ет өнімдері – 4,1 пайызға, сүт өнімдері – 1,4 пайызға артқан. Жыл басынан бері 887 тонна ет экспортталған. Онын ішінде сиыр еті 240,3, қой еті 446,3 тоннаны құраса, жылқы еті 0,4 тонна. Құс еті 200 тоннаға жетіп отыр. Сонымен қатар облыста қуаты 50 бастан 600 басқа дейінгі сауын сиырдан тұратын 52 сүт-тауарлы фермасы жұмыс істеуде.
Ал бүгінде аудандағы мыңның үстіндегі шаруа қожалықтың 40 пайызы мал шаруашылығымен айналысады. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаевтың айтуынша, осы жылдың бірінші жарты жылдығында аудандағы мал 340873 басты құраған. Оның ішінде, мүйізді ірі қара 53508 басқа, қой-ешкі 268312 басқа, жылқы 19056 басқа, құстар 115049 басқа жеткен. Ал шошқа басы 109 басты құрайды. Мал шаруашылығында тұрғындардың күнделікті табыс көзіне айналғаны ол сүт өндірісі. Ауданда мүйізді ірі қараның аналық басы 24 956 құрап, өндірлетін бір күндік сүт көлемі 120 мың литрді құраған. Оның 88 мыңы сүт өндеу зауыттарына өткізілсе, 32 мың литрін халық өз қажетіне қарай тұтынуда. Мал шаруашылығы саласында пайдаланылып жатқан мемлекеттік қолдаулар көлемі де жыл санап өсіп келеді.
Бүгінгі таңда асыл тұқымды мал шаруашылығымен ауданда 12 шаруа қожалық айналысуда. Жалпы биыл бұл шаруа қожалықтарда 17893 асыл тұқымды қойы және олардың будан төлдері өсірілуде. Сонымен бірге 4548 бас қошқар бар. Соның бірі – осы асыл тұқымды мал шаруашылығын кәсіпке айналдырған «Ахмет» шаруа қожалығы. Қожалық жетекшісі Сұлтан Ахметовтың айтуынша, қожалық жұмысын 2001 бастап, егін және мал шаруашылығымен айналысып келе жатқанына 22 жыл болыпты. Ал асыл тұқымды шаруашылық мәртебесін алғанына бір-екі жылдың жүзі болыпты. Содан бері асыл тұқымды қой мен мүйізді ірі қараны баптап, табысты жұмыс істеп келеді екен.
– Мал бағу оңай шаруа емес. «Мал – баққанға бітеді» дегендей, оның жайын табу, көктемде көктеуге, жазда жайлауға, күзде күзеуге, қыста қыстауға көшіріп, бабын жасау қиынның қиыны. Өйтпесең, бір орында, айтақырда тұрып мал қоң жинамайды. Малға да бап керек. Бабын тапсаң ғана табыс болады. Қазір шаруашылықта 230 бас қой бағылуда. Одан бөлек, 200 бас мүйізді ірі қараның да бабы жасалуда, – дейді шаруа.
Сұлтан өзіне қажетті мал азығын шаруашылыққа тиесілі 350 гектар алқаптан жинауда. Қожалық бүгінде 600 басқа арналған сүт тауарлы фермасын салуда. Оның құрылыс жұмысын алдағы уақытта аяқтап, сүтті бағытта жұмыс істеуге нитетті.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаевтың айтуынша, бүгінде аудандағы асыл тұқымды және будандасқан мүйізді ірі қараның саны 2790 басты құрайды екен. Оның қара ала басы 366, голштейн – 845 бас, сементал – 64, монбилярд – 30, басқа тұқымдары – 1485 басты құрайды. Ал асыл тұқымды жылқы саны 903 бас және 86 айғыр бапталуда.
Ауданда мал бағып, шаруасын үйіріп отырған қожалықтың бірі – «Алтынай». Қожалық жетекшісі Ербол Рүстембековтың айтуынша, қожалық 2001 жылдан бері жұмыс істеп келеді екен. Бүгінде қожалықта 100 бас жылқы бағып отыр. Оның иелігінде 760 гектар егістік алқап бар. Осы алқаптардан қожалық мал азығын дайындауда.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еліміздегі шағын және орта кәсіпті дамытуға барынша қолдау көрсетіп отыр. Сол қолдауды өзіміз де сезініп, кәсібімізді дөңгелетіп келеміз. Біздің ұстанған жолымыз, ата-бабадан жалғасып келе жатқан мал шаруашылығы. Бұл елімізде қабылданған «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында мүмкін болуда. Мен де осы жобаның қатысушысының бірімін. Осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекет тарапынан қабылданған «Алтын асық», «Құлан» мен «Сыбаға» бағдарламаларына қатысып, бағымды сынап, мал басын асылдандыруды қолға алдым. Бүгінде мал басын көбейтіп, ет бағытында жұмыс істеудемін. Алда шаруашылықты кеңейтіп, мал бордақылау алаңын ашуды жоспарлаудамын, – дейді ол.
Қорыта айтқанда, бүгінде асыраушы сала экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып, табиғаты мал шаруашылығына қолайлы өңірде ауыл шаруашылығы саласы жыл санап алға озып келеді. Осы орайда, суармалы алқаптардың аумағын арттыру, заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу, асыл тұқымды мал санын арттыру, ақылды фермалар мен цифрландырылған өндіріс орындарын ашуға күш жұмсалмақшы.
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
“Жаңа өмір”