Basty bet

Теміржол – менің өмірім!

Жүйіткіген пойызды басқарап, қаншама жолаушы барар жеріне аман-сау жеткізіліп, пойыздың әр теміріне мұқият болу – теміржолшылардың міндеті. Бұл салада аянбай тер төккен адамдардың еңбегі қай кезде де елеусіз қалмайды. Қызығынан қиындығы басым саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандарға халықтың да алғысы шексіз. Теміржол елмен елді, жермен жерді байланыстырып тұрған күре жол. Ол жерде қаншама жанның өмірлері және қауіпсіздігі үшін жауап беретін теміржол саласының мамандарына артылар жүкте ауыр. Осындай жауапкершілік пен ыждаһаттылықты талап ететін мамандарының жұмысын көпшілікке таныстыруды жөн көрдік.
Осы орайда, “Шақпақ” теміржол бекетінің электромеханигі Аслан Тіленбайдың жұмысына тоқталғанды жөн көрдік. Ол Шақпақ өңірінің азаматы, №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектебінде білім алған. Кейін Тараз қаласындағы №9 Теміржол колледжіне оқуға түседі. Осы саладағы білімін жетілдіру мақсатында Алматы қаласындағы Логистика және көлік академиясына теміржол электромеханика мамандығында білімін алып шығады.
Ол бала кезден “Шақпақ” станциясының маңында тұрғандықтан және әкесі Айтбектің де теміржол саласында табаны күректей 30 жылдай еңбек етуі бала Асланның да осы салаға қызығуына түрткі болды. Ол бұл салаға бейімділігін мектеп қабырғасында физика-математика және сызу пәндерін игеруге деген құлшыныстарынан да байқалған. Осылайша өрбігін өмір жолы, қызмет жолы жас маманды өзі туып өскен Шақпақ станциясында 2013 жылдары механик кейіннен электромеханика қызметіне алып келді. Ол осы салада 11 жылдан астам еңбек етіп келеді. Бұл сала өзіндік қиындығы мен табандылықты талап ететіндіктен оңай сала емес. Теміржолшы жұмысқа деген еңбекқорлығымен, тиянақтылығымен көзге түсті. Уақыт өте келе, ол өз ісінің нағыз маманына айнала білді.
-Біздің күнделікті жұмыс жүрдек пойызының уақтылы тоқтауына жәрдемдесетін бағдаршам және бұрылмалы қозғалтқыш аппараттарын жөндеп, қалыпқа келтіру жұмыстарымен айналысу. Аталған құрылғылардың бұзылуына мүлде болмайды. Ол тоқтаусыз жұмыс істеп тұруы тиіс. Әйтпегенде, жолаушылардың өміріне қауіпті. Рельстерді жөндеудің қиындығы қытымыр қыстың күнгі борандарда және мұз қатқан жағдайларда жұмысымызды екі еселей түседі. Табиғаттың да жұмысқа кедергі келтіретін кездері болатынын жоққа шығара алмаймыз. Бір бекетте екі маман жұмыс атқарамыз. Бұл жұмыстың маңыздылығы жұмысты сапалы атқаруда. Олай болмаған жағдайда тіпті адам, теміржол апаты болуы мүмкін. Үнемі жұмысқа шығарда бір Аллаға сиынып шығамын. Өйткені, мамандығым жауапкершілікті қажет етеді. Қаншама адамның өмірі сенің қолыңда тұрғандай болады. Сондықтан үнемі сақтықпен қызмет етемін. Бір сәтте қателесуге болмайды. Адам өмірі – аманат. Үйдегі отбасым да алаңдап отырады. Алайда, жұмысымды жақсы көргендіктен қызығы мен шыжығына шыдап келемін. Мамандық таңдағанда ойланып таңдау қажет. Сондықтан жастарға айтырым:теміржолға келсеңдер, ұнатып келіңдер. Мамандықтарыңа деген құрметтерің болсын, – дейді теміржолшы.
Теміржолшы мамандардың еңбегіне деген құрметі саладағы мамандарды жұмысқа деген жауаптылықтарын ескере отырып, бағалауында. Аслан Тіленбай – «Осы саладағы үздік еңбегі» үшін Астана қалалалық теміржол бекетінің басшысының және Тараз қалалық теміржол бекетінің басшысының «Еңбекті қорғау мамандарына» Алғысхаттарымен марапатталған.
Аслан Айтбекұлы қарапайым көпбалалы отбасында дүниеге келген. Үйдің үлкені болғандықтан бала кезден артынан ерген бауырларына барлық жағынан үлгі болуға тырысқан. Ол өз жұмысына өте жауапты, ұқыпты, білімді, тәжірибелі маман. Болашағынан үлкен үміт күттіретін маман өзінің балаларының да теміржол саласында еңбек еткендерін қалайтындығын жасырмады. Ол әке жолын қуды. Ендігі кезекте ұл-қыздарының да осы салада еңбек етіп, білім алғандарын қалайды. Өмірлік жолдасы Айдын екеуі үш қыз, бір ұл тәрбиелеуде. Ұрпақтарын да темірдей тәртіпке бағынып, мықты адам болуыларын тілейді. Анасы Алия Әлжанқызы баласының жетістіктерін мақтаныш етеді. Осындай еліне адал қызмет еткен, білімді, жанашары, білікті мамандар қатарының көп болуын тілейміз. Аталған мереке қарасаңында барша теміржолшы мамандарды атаулы мерекемен құттықтап, отбасыларына бақ-береке тілейміз!
Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close