Basty bet
«Тараз» футболының жарқын болашағы: жас таланттар үлкен футболда алғашқы жетістіктеріне қол жеткізді
Жамбыл футболының болашағы – бүгінгі жас буынның талпынысы, табандылығы мен алаңдағы жетістіктерінен басталады. Соңғы уақытта «Тараз» футбол клубының жас ойыншылары өздерінің қарым-қабілеттерін дәлелдеп, кәсіби футболдағы алғашқы маңызды белестерін бағындырып келеді. Жас футболшылардың QJ League додасындағы нәтижелері мен Қазақстан Екінші лигасындағы өнері клубтың жастар даярлау бағытындағы жұмысының жемісін көрсетіп отыр.
Жуырда «Тараз» футбол клубының жастар командасын марапаттау кешінде бірқатар жас ойыншының жетістігі ерекше аталып өтті. Салтанатты шара барысында болашағынан үміт күттіретін футболшыларға арнайы марапаттар табысталып, олардың спорттағы алғашқы қадамдарына қолдау білдірілді.
Кештің алғашқы арнайы марапаты 16 жасқа да толмаған ең жас ойыншы Мадияр Бекмұратқа бұйырды. Ол QJ League аясында «Тараз» футбол орталығының U-17 командасы сапында өнер көрсетіп, жасына қарамастан өзінің әлеуетін танытып келеді. Сонымен қатар Мадияр Қазақстан Екінші лигасында өнер көрсететін «Тараз» ФК жастар командасының құрамында «Оңтүстік-Батыс» конференциясының күміс жүлдесіне қол жеткізді. Бұл – жас футболшының үлкен спорттағы тәжірибесін шыңдап, алдағы дамуына жол ашатын маңызды жетістік.
Жас қақпашы Дінмұхамед Мейірхан да сенімді ойынымен ерекшеленіп жүр. Ол небәрі 16 жасында Қазақстан Екінші лигасында дебют жасап, алғашқы кездесулерінен-ақ жауапкершілігі жоғары ойыншы екенін көрсетті. «Талас» командасына қарсы сырт алаңда өткен дебюттік матчында бірнеше қауіпті соққыны қайтарса, «Жас Қыран» командасымен кездесуде де маңызды сейвтерімен көзге түсіп, команданың жеңісті есебін сақтап қалуға үлес қосты. Дінмұхамедтің бұл көрсеткіштері оның қақпашы ретіндегі әлеуетін айқындай түседі.
Жас футболшылар арасындағы тағы бір жарқын жетістік U-17 командасының ойыншысы Арслан Жылысбекке тиесілі. Оның «Каспий» командасының қақпасына соққан әдемі голы Freedom QJ League U-17 санатында қазан айының үздік голы деп танылды. Лига тарапынан берілген арнайы марапат жас ойыншының шеберлігі мен алаңдағы өнеріне көрсетілген жоғары баға болды. Марапатты «Тараз» ФК жастар командасын марапаттау кешінде клубтың медиа-маркетинг бөлімінің басшысы Айжан Ауелбекова табыстады.
Сонымен қатар U-18 командасының ойыншылары Ахан мен Алан Ерболұлы, U-17 командасының өкілдері Мадияр Бекмұрат пен Дінмұхамед Мейірхан Қазақстан Екінші лигасында өнер көрсететін «Тараз» ФК жастар командасының сапында «Оңтүстік-Батыс» конференциясының күміс жүлдегері атанды. Бұл нәтиже жас футболшылар үшін кәсіпқой футболдағы алғашқы маңызды жетістіктердің бірі саналады. Жоғары деңгейдегі жарыстарда тәжірибе жинақтау, ересектер футболына бейімделу және командалық нәтижеге үлес қосу олардың спорттық шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді.
Жалпы, жас футболшылардың жетістіктері – бір күндік табыстың емес, жүйелі дайындықтың, үздіксіз еңбектің және футбол орталығындағы тәрбиенің нәтижесі. Жас ойыншылардың жоғары деңгейдегі жарыстарға қатысып, алғашқы марапаттары мен жүлделеріне қол жеткізуі клубтың болашақтағы спорттық әлеуетін арттыра түседі.
«Тараз» футбол клубының жас таланттарына алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз! Бүгінгі жас ойыншылар ертең ел футболының намысын қорғайтын кәсіби спортшыларға айналып, жанкүйерлерді жарқын жеңістерімен қуанта берсін!