Basty bet

Референдумға қатысу – перзенттік борышымыз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 5 мамыр күні Қазақстан халқына арнаған Үндеуінде конституциялық реформаның маңыздылығына тоқталып, 5 маусым күні бүкілхалықтық референдум өтетіндігін айтқан болатын.

Президент: «Жолдауда айтылған бастамалардың негізгі мақсаты – саяси жүйемізді түбірімен өзгерту. Бұл халықтың көп жылғы талап-тілегінен туындап отыр. Азаматтарымыз мемлекетті басқару ісіне қатысуға кең мүмкіндік берілгенін қалайды. Сондай-ақ саяси үдерісті түбейгелі демократияландыру қажет деп санайды. Мұны тиімді жүзеге асыру үшін Ата Заңымызға өзгерістер енгізу қажет» деп Конституцияның үштен бірі халық қалаған өзгерістер негізінде реформаланатынын жеткізді. Бұл – ауқымды өзгеріс, ел тарихындағы аса маңызды қадам.
Кеше аудандық кітапхананың Білім орталығында Конституциямызға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды аудан тұрғындарына түсіндіру мақсатында жиын өтті. Жиынға осы мақсатта құрылған облыстық штабтың мүшелері, облыстық ардагерлер ұйымының мүшесі, «Қарахан» журналының бас редакторы Сатыбалды Досымбеков және ардагер журналист Бекет Момынқұл, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудандық штабтың төрағасы Сейітхан Жұмашев және штаб мүшелері қатысты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, сөз кезегін облыстық штабтың мүшелеріне берді.
-Біздің мақсат – жаңалықты халыққа дұрыс жеткізу, халықтың референдумға толық қатысуына, тұрғындарды қоғамдағы керітартпа сөздерге ілеспей, дұрыс көзқараста болуына үлес қосу.
Соңғы кездері қоғамда көп өзгерістер орын алуда. Байқасаңыздар, көп мәселе ашық айтылуда. Сондықтан реформа керек. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар елдің көкейінде көптен бері жүрген мәселелер. Оның маңыздылығы өте жоғары. Бұл – мемлекетімізді нығайтуда, Жаңа Қазақстанды құруда негіз болатын өзгерістер. Сана тазармай, орта, қоғам тазармай, еліміз дамымайды. Бұл өзгеріс тазалыққа әкеледі деп сенеміз.
Бүгінгі қоғамда арылуды қажет ететін келеңсіздіктер көп. Соның бірі – патерналистік, масылдық көңіл күйді азайту, немқұрайдылық.
Жалпы еліміздің болашағы үшін әрбіріміз референдумға қатысып, өз таңдауымызды білдіруіміз керек. Бұл – біздің осы елдің ертеңіне алаңдайтын перзенті ретінде борышымыз,- деді облыстық штаб мүшелері.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев бұл науқаннан күтілетін нәтиже көп екенін және оның ел келешегі үшін шешуші рөлі басым екенін айта келіп, елімізде барлық саладағы статистика үшін өтірік ақпарат беру, көзбояушылық, жемқорлық, бақталастық, сыбайластық сияқты келеңсіздіктермен халық болып күресу керектігін айтты.
Облыстық штаб мүшелері тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы қорытындылады.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close