Basty bet

Мал азығы молынан дайындалуда

Жуалы ауданы аграрлы аудан болғандықтан жемшөп дайындау жұмысы өте маңызды мәселе болып саналады. Ауданда мыңғыртып мал өргізген шаруалар үшін жауапты кезең саналатын шөп шабу науқаны басталды.
Өткен жылы ауданда ауа райы құрғақ, жауын-шашын аз болды. Биыл керісінше көктемде жауын-шашын көп болып астық пен көпжылдық шөп биік болып өсті. Мұның өзі егін егетін шаруаларға көп көмек. Мал азығы мол болады.
Таулы аймақтарда орналасқан жекелеген ауылдық округтердегі шаруалар көпжылдық шөп алқаптарына орақ салды.
Боралдай ауылдық округіне қарасты Рысбек батыр ауылындағы «Алтын дән» шаруа қожалығы да шабындық алқапты оруды бастады. Шаруашылықтың техникалары да жауапты науқанға дайын. Науқандық жұмысқа қазіргі таңда 10 адамды жұмыспен қамтып отыр.
-Биылғы көктем айлары, әсіресе мамыр айында жауын-шашын мол болды. Ал, қазір маусым айы қатты ыстық болып тұр. Бұл шаруалар үшін қолайсыз жағдай тудыруда. Өйткені мұндай ыстықта дала өртінің орын алуы мүмкін. Сондықтан біз таңғы және кешкі салқын мезгілді тиімді пайдаланып, шөпті орып, дайындап жатырмыз. Шөптің шығымдылығы өткен жылға қарағанда жақсы.
Бүгінгі күннің өзінде 10-15 гектардай эспарцет орылып, жиналуда. Жалпы біз биыл 42 гектар жерге эспарцет шөбін еккенбіз.
Таза жоңышқаға орақ әлі түсірген жоқпыз. Оған бір-екі аптадан соң орақ саламыз,-дейді Ерболат Амангелдіұлы.
Қожалық 2001 жылы Көлтоған ұжымынан бөлініп шығып, өз алдына жеке болып құрылыпты. Әу баста қожалық жұмысын әкесі Амангелдінің өзі жүргізген. Ұзақ жылдар колхозда мал бағып, ауылдың гүлденуіне үлес қосқан еңбекқор азамат ұлдарына шаруаның қыр-сырын үйретіп, дұрыс бағыт – беріп отырады. Кейінен қожалықтың ісін ұлы Ерболатқа сеніп тапсырады. Қожалық қолдағы төрт-түлік малының қыстайғы шөбі мен жемі иелігіндегі 250 гектар алқаптан дайындалады. Мұнда шаруашылыққа қажетті техниканың барлық түрі бар. Соның ішінде бір-бірден шөп және астық оратын комбайн және «Германка», шөп тайлайтын және дән себетін агрегаттар мен үш Беларусь тракторы, соқасы бар. Шаруашылық техникамен толықтай қамтылған. Өткен жылы Беларусь 952 тракторының екі данасын алып, техника паркін жаңартқан.
Шабындық басында жүретін, қысқы мал азығын дайындауда техника тілін жақсы меңгерген, сенімді көмекшісі Ұлан Шыңғысбаевты айтпай кетуге болмас. Өйткені ол күннің аптап ыстығына қарамастан күн-түн демей шөп ору науқанында шөп оратын комбайынды тізгіндеп, науқан біткенше жұмыстың бас қасында жүреді.
Олардың басты мақсаты – мал азығын уақтылы жинап алу. Рысбек батыр ауылында шөп ору науқаны әлі толықтай басталған жоқ. Жұмысқа енді ғана ғана кірісіп жатқан шаруалар көп.
Шаруашылық шөпті ең алдымен өзінің жұмысшыларына таратады екен. Әрі қарай ауыл тұрғындарын қамтамасыз етеді. Одан қалып жатса аудан орталығына сатылымға шығарады.
Шаруа қожалық егін егуден бөлек мал шаруашылығымен де айналысады. Қазіргі таңда қожалықта 30 бас жылқы, 15 бас сиыр, бір отар қойы бар. Қыста үйде болады, ал көктемде малдың барлығын тауға бағылады. Ол жерде өздерінің малшысы мен сауыншысы бар. Сауылған сүтті олар аудан орталығында орналасқан «Ақмол» ЖШС-ның сүт зауытына апарып өткізіп отырады.
Шөп оратын комбайн аумағы атшаптырым алқапты бір демде айналып шығады. Төңіректе мотордың гүрілі мен шалғы сырылынан басқа үн жоқ. Бұл алқапта көпжылдық шөп орымы аяқталғаннан кейін «Германка» ауыл сыртындағы басқа алқапқа түседі. Қожалық басшысы орақ науқанын аз күнде аяқтап, мал азығының берік қорын жасайтынына сенімді.

Баян Оразбаева,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close