Basty bet

Қант диабеті және оның алдын алу шаралары қандай?

Диабет – гректің сүзгіден өту, яғни сүзілу деген ұғымды білдіреді. Қант диабеті – ұйқы безінің бетта-клеткаларының инсулинді аз мөлшерде шығаруымен осы инсулин гормонының жетіспеушілігінен пайда болатын және осы себепті барлық зат алмасу түрлерінің, айрықша қант алмасуының бұзылуымен сипатталатын ауру. Ауру инсулинге тәуелді, инсулинге тәуелсіз болып екі түрге бөлінеді.
Ең басты себептердің бірі – тамақтану салтының өзгеруі, атап айтқанда, қантқа тез айналатын көміртегі бар тағамдарды шектен тыс пайдалану болып табылады. Сол сияқты қажеттен артық тамақтану және дене еңбегімен шұғылданбау семіздікке әкеп соқтырады. Қант диабетінің көп таралу себептерінің бірі де осы семіздікпен байланысты. Сырқатқа шалдығудың көп себептері тұқымдық бейімдеушілік екенінде айтып өткен жөн. Тұқым қуалаушылықтың әсерінен қант диабеті балалар арасында өте көп таралып отыр. Тағы бір себебі, экологиялық жағдайдың бұзылуы, химиялық өндірістің (фосфор мен қорғасынның) зиянды әсері. Бұл ауру жас талғамайды. Әйтседе, бұл сырқат егде адамдар арасында көп кездеседі. Оның басты себебі, организмді қоректендіретін қан тамырлардың, әсіресе ұйқы безіне келетін тамырлардың қан жүргізу қабілетінің азаюы.
Қант диабетінің кең таралуына ұйқы безінің қабынуы, зақымдануы және ісіктердің пайда болуы әсер етеді. Ғалымдар осы уақытқа дейін ауру қоздырғыштарын таппай отыр. Қант диабетінің балалардағы ерекшелігі: Ауру қатты екпінді басталады. Балаларда аурудың жеңіл түрі кездеспейді. Асқынуға бейімді. Бұл қауіпті асқынулар гипергликемиялық және гипогликемиялық комалар. Екі типтегі диабетте де қанда қант деңгейі жоғарылайды, гиперкликемия пайда болады.
Қант диабетінің бірінші белгілері пайда болады: ауыздың құрғауы, қатты шөл, тез несеп шығару (полиурия). Тамақ ішіп болған соң кісілерде қан деңгейі жоғарылайды. Бірақ диабетиктарда инсулиннің жетіспеушілігінен (диабеттің бірінші типі) немесе клеткалардың қабылдамауынан (екінші типтегі диабет) бұл қант клеткаларға барып түспейді. Қанда глюкоза көп, бірақ клеткалар аш қалып, жеткіліксіз тамақ туралы белгі жіберіп отыратын жағдайларда туындайды. Бұл белгілерге ағза бауырдағы қант қорларын жіберіп жатады, бірақ ол да клеткаларға түспейді. Нәтижесінде ағза майларды жара бастайды. Жару нәтижесінде кетондық денелер пайда болады: ацетон, ацетальдегид, түрлі қышқылдар. Клеткалар көптен күткен энергияларын алады, бірақ қанда қышқылды баланс бұзылады, соның салдарынан кетоцидоз (ағзаның қышқылдануы) пайда болады. Емделмеген жағдайда коматоздық жағдай және өлімге алып келеді.
Қант диабеті ауруының алдын алу. Артық салмақтан құтылу, дене шынықтыру жаттығуларымен шұғылдану, май мен қантты пайдалануды төмендету қажет. Туған-туыстардың арасында диабетиктер болса қандағы қант деңгейін жүйелі тексеріп тұру қажет. Екінші типтегі қант диабетінен қалай сақтану керек. Дұрыс тамақтану. Майлы тамақты аз, өсімдік талшықтарын көп пайдаланыңыз. Күніне жеміс, жиделермен бес рет тамақтан. Көмірсутегіне бай азықтарын көп пайдаланыңыз. Бұл қанға глюкозанын жетуін бәсеңдетеді, холестериннің деңгейі төмендейді. Сондықтан ірі тартылған ұнның нанын, макарон өнімдерін, күріш, жемістер, сұлы, арпа, қырыққабат, қарақұмық, картоп жеңіз. Кішкентай порциямен әр төрт сағат сайын тамақтаныңыз. Бұл – ішкен тамақты қорыту үшін қанды қажетті инсулинмен қамтамасыз етудің ең жақсы тәсілі.
Қант пен тұзды пайдаланбаңыз. Кішкентай қанттың өзі қандағы қант деңгейін көтеріп жіберуі мүмкін. Ал тұзды тамақ қан қысымын тез көтереді. Өз салмағыңызды қалыпты ұстаңыз. Тез жүру – семірудің бірден бір емі. Аптасына бес рет дене шынықтыру жаттығуларымен шұғылданатын кісілер қант диабетімен ауру қаупі дәрежесін 50 % дейін төмендетеді. Кез келген ауа райында күніне төрт шақырым жаяу жүріңіз. Дәрумендер қабылдап, күйзеліске түспеңіз. Аурудың алдын алу қант диабетін анықтаған күннен бастап жылына екі рет эндокринолог дәрігердің бақылауында болу. Арнайы мамандардың кеңесін алып, невропатолог, окулист, кардиолог, нефрологтың қабылдауынан өту қажет!

Фатима Абубакирова,
аудандық орталық аурухананың эндокринолог дәрігері

Таңдаулы материалдар

Close