Basty bet

«Балажан» балабақшасы ашылатын күн жақын

Қазақ халқының нағыз азаматын тәрбиелеп өсіру негіздерін қалыптастыратын тұңғыш мектеп – ол балабақша.
Балабақша келер ұрпақты еңбекке, өнер-білімге, елінің ар-намысын қорғауға және ізгі адамгершілік ниеттерге баулитын қасиетті орда.

Осыған орай, ауданымызға қарасты Көлбастау ауылындағы Б.Майлин көшесінің бойынан салынып жатқан екіқабатты 100 орындық «Балажан» деп аталатын балабақшаның құрылысы таяуда ғана аяқталды. Мектепке дейінгі білім мекемесі 1 ақпан күні ауданымыздың бүлдіршіндеріне есігін айқара ашады деп күтілуде.
Балабақшаның директоры Айжан Агатаеваның айтуынша, қазіргі таңда балабақша ашылуға толықтай дайын. Әлеуметтік желілерде де арнайы парақшалар ашылып, мұнда балабақша туралы барлық ақпараттар орналастырылған. Бүгінде алдын ала 20 бала жазылып үлгерген. Балаларының болашағын ойлайтын әрбір ата-ана балабақшаның жұмысымен жан-жақты танысып, ризашылықтарын білдіріп жатқанын айтады.
Бұл мекемеде арнайы іс-тәжірибеден өткен білімді педагогтар жұмыс жасайтын болады.
«Ғимараттың құрылысы шартты түрде 2019 жылы басталып, 2022 жылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізе бастадық. Жолдасым әрі ауданға жеке кәсіпкер ретінде танылған Руслан Тілеубаев екеуміз өз қаражатымыздан 90 миллион теңге қаржы жұмсадық. Сондай-ақ, негізгі балабақшаның құрал-жабдықтарына және ғимараттың әрлеу ісіне «Халық банкінен» 35 миллион теңге несие алдық. 1 ақпанда біз ең жақын адамдарды шақыруды және оларға шағын тұсаукесер дайындап, фуршет үстелі және көптеген қызықты дүниелерді ұйымдастыруды жоспарлаудамыз. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында шағын және орта бизнесті дамытуды назардан тыс қалдырған емес. Алайда біздің бастамамызға мемлекет тарапынан ешқандай көмектің болмағаны қатты қынжылтты», дейді Айжан.
Айта кету керек, балабақша заманауи үлгіде салынған. Іші кең, жап-жарық әрі жып-жылы. Бірінші қабатында екі жатын және екі ойын бөлмесі, ертеңгіліктер мен түрлі іс-шараларға арналған үлкен акт залы, су жаңа құрал-жабдықтарымен жабдықталған киім ауыстыратын бөлмесі бар. Барлық бөлме көз тартарлықтай әсем.
Екінші қабатта екі жатын және екі ойын бөлмесі, сондай-ақ әр қабатта ванна бөлмелері, балалар дәретханасы мен қолжуғыштары орналастырылған.
Балабақшаның салынуына әулеттің аяулы анасы Закира Дембаева түрткі болған екен. Ал атауын Айжан ойлап тапқан. «Балажан» сөзі қазақ тілінен аударғанда «бала сүйгіш» дегенді білдіреді. «Балабақшамызға осындай атауды таңдадық, өйткені бүлдіршіндерге деген мейірімді, жылы көзқарас балабақшамыздың басты ұстанымы. Балалардың амандығы мен ата-ананың тыныштығы – біздің басты басымдықтарымыздың бірі» дейді директор.
Кәсіпкерлердің ендігі жоспары – қолдағы бар дүниені идеалға жеткізіп, болашақта қалаларда балабақша немесе білім орталығын ашу болып отыр.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close