Basty bet
Ата Заң – Тәуелсіз ел дамуының адастырмас темірқазығы
Қазақстан Республикасының Конституциясы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деген сөйлем жолдарымен басталатыны белгілі.
Қазақстан Республикасының Ата Заңы саналатын Конституцияның тарихына тоқталатын болсақ, осыдан 30 жыл бұрын, 1995 жылы 30 тамызда Конституциялық референдум өтті және соның нәтижесінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды.
Жалпы Тәуелсіз Қазақстанның төл Ата заңының тарихы 1993 жылдан басталады. Ал қазіргі қолданыстағы екінші Конституция жобасы заң саласындағы ірі тұлғалардың, ғалымдар мен саясаткерлердің қатысуымен 1995 жылы 30 тамызда қабылданғаны белгілі.
Күні бүгінге дейін Конституцияға 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары өзгерістер енгізілді. Ата Заңға соңғы өзгертулер мен толықтырулар 2022 жылы 5 маусымда өткен жалпыұлттық референдум арқылы қабылданды. Нәтижесінде Конституцияның 33 бабына бірнеше ондаған өзгеріс енгізілді.
Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар: суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу; бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу; Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру; елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту және азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру үдерістеріне құқықтық негіз қалыптастыруға арналған.
«Біз Конституциямызда жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екенін нақты көрсеттік. Осы норманың арқасында «Ұлттық қор – балаларға» атты ауқымды бағдарламаны қолға алдық. Ұлттың ұлылығы әрбір отбасының, әрбір азаматтың әл-ауқатынан көрінеді. Сондықтан ел экономикасы, ең алдымен, халықтың мүддесі мен игілігі үшін жұмыс істеуі қажет», Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата Заңдағы өзгерістер мен толықтырулар туралы осылай атап өтті.
Биыл 30 тамызда Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толады. Бұл – еліміздің мемлекеттілігінің, құқықтық жүйесінің және демократиялық қағидаттарының қалыптасуындағы маңызды белес. Конституция – тәуелсіз Қазақстанның негізгі заңы ретінде елдің саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуының тірегі болып саналады.
Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясы 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Бұл құжат Қазақстанның зайырлы, құқықтық және демократиялық мемлекет ретінде дамуына негіз қалады. 30 жыл ішінде Конституция бірнеше мәрте өзгерістер мен толықтыруларға ұшырады. Бұл реформалар қоғамдағы өзгерістерге жауап беру және мемлекеттік басқаруды жетілдіру мақсатында жүргізілді.
ҚР Конституциясы адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын нақты әрі жан-жақты бекітеді, заң үстемдігін қамтамасыз етеді, билік тармақтарының өзара әрекеттесу және тепе-теңдік қағидаттарын белгілейді, азаматтық қоғамды дамытуға құқықтық негіз береді.
Конституция – тек құқықтық құжат қана емес, сонымен қатар халық пен билік арасындағы қоғамдық келісім. Ол қоғамда тұрақтылық пен сенімділікті қамтамасыз етеді.
Бүгінде еліміз демократиялық даму бағытын берік ұстанып отыр. Бұл жолда Конституция – негізгі бағыттаушы құжат.
Қазақстан Республикасының Конституциясы – ел Тәуелсіздігінің темірқазығы, 30 жыл ішінде ол еліміздің даму жолында тарихи әрі тағдырлы рөл атқарды. Алдағы кезеңде де Конституция қоғам мен мемлекеттің өзара үйлесімді дамуында басты құжат болып қала береді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»