Basty bet

Жауапкершілік жүгі қашанда ауыр

Дәрігер деген кең ұғым, қастерлі мамандық. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнап келе жатқан абзал жандар қаншама. Қаншама жас мамандар келіп, осы үлкен өмірге қадам басуда. Солардың бірі – аудандық орталық аурухананың жалпы тәжірибелік дәрігері Бақытжан Сәбитов.

Ол Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Келінтөбе ауылында дүниеге келген. Сол ауылдағы орта мектепті бітіріп, әрі қарай Қарағанды қаласындағы медициналық университетке оқуға түсіп жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығын алып шығады.
Еңбек жолын Жуалы аудандық орталық ауруханада бастайды.
– Дәрігер болуды арман ететіндер өте көп. Алайда, екінің бірі дәрігер бола алмасы анық. Ол үшін дәрігерлік қызметке деген қызығушылық пен мамандық алу ғана жеткіліксіз. Сондай-ақ, олардың адам өміріне жауапкершілігі, құлшынысы мен адалдығы, адамдығы маңызды. Дәрігер болатын жанға үлкен жүрек керектігі, ақ халатты кір шалдырмау керектігі де бекер айтылмайды. Қанша сын айтылса да, халық дәрігерлер қауымын ерекше құрмет тұтатыны ақиқат. Бұл қызметке келгелі де, оған дейін де «Әр адам өз ісінің маманы болу керек» деген бір ғана ұстанымым бар. Денсаулық сақтау саласында амалсыз жұмыс істеуге болмайды. Қызметтің жауапкершілігіне байланысты міндеттерің ұлғаюы мүмкін. Бірақ дәрігер – тәулігіне 24 сағат дәрігер.
Жалпы кез келген мамандықты ауылдан, туған жеріңнен бастаған жөн деп ойлаймын. Ауылда дәрігер көмегін қажет ететін науқастар көп. Елді мекендерде тұрғындардың тұрмыстық жағдайы әртүрлі: біреулер уақтылы медициналық көмекке қол жеткізе алмай жатады. Менің ойымша, дәрігер болу – тек дертті емдеу емес, халықтың материалдық, моральдық жағдайын түсіне отырып, қолдай білу. Дәрігер тек дәріні ғана қолданып емес, науқастарға жылы сөйлеп, сөзбен де емдей білуі қажет. Өз басым сондықтан да ауылға барып жұмыс істеуге бел будым.
Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап осы ауруханаға жалпы тәжірибелі дәрігер болып орналастым. Бұл орта мені жылы қабылдады. Мұнда тәжірибелі, өз ісінің мамандары, ақ халатты абзал жан деген үлкен жүкті арқалап жүрген дәрігерлер көп екен. Солардың ішінде мен Қалбике Әлиқызын, Еркебұлан Бердалыұлын және Шолпан Диханбаеваны ерекше айта аламын,- дейді Бақытжан Сәбитұлы.
Қазіргі таңда жас маман мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыға құжат жинастыруда екенін жеткізді.
Медицинаның атасы Гиппократ: «дәрігердің жүзі жылы, ұқыпты, киімі таза, қолдары жұмсақ, жағымды» болу керек деген екен ертеректе. Дәрігерлік тек оқумен ғана шектелмейді, дәрігер болу ол да бір өнер!
Бақытжан Сәбитұлы отбасында алты ағайын екен. Ол үйдің екіншісі. Қазіргі таңда Бақытжан отбасымен Түлкібас ауданы Қабанбай ауылында тұрады. Отбасында жұбайы екеуі екі бала тәрбиелеуде.
Ол қазіргі таңда №17 учаскелік аймақтық дәрігер. Қарамағында 1624 адам бар. Жанында тәжірбиелі Сырсылу Жакенова және Мадина Абубакирова сынды медбикелер жұмыс істейді. Жас маман білмеген жерлерін тәжірибелі мамандардан сұрап отырады.
Жалпы тәжірибелі дәрігер науқастың талдауларын алып, оған дұрыс диагноз қойып, оны толық емдеумен айналысады. Науқастың жағдайын күнделікті бақылап, қажетті емдік шараларды қолданады. Дәрігерлер қоятын диагноздан қателеспеуі керек.
Дәрігердің арқалайтын жүгі ауыр. Бұл мамандықты ол кішкентайынан армандаған. Ендігі жас маманның алдына қойған мақсаты – тәжірибесін осы орталық ауруханада дамытып, ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуға өз үлесін қосу болып отыр.
Бақытжан Сәбитұлы, жас мамандарға ауылға келуге еш тартынбай, қалалық жерге қарағанда, ауылдық жерде тәжірибе жинау өте қолайлы екенін айтады.
Қызылды-жасылды қызығы көңілден кетпес мынау жарық дүниеде адамның бірінші байлығы денсаулық екені даусыз. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса болды денсаулық сақшыларының көмегіне мұқтаж болып, жанымызға сая іздеп жатамыз. Сондықтан дәрігер мамандығы әрқашанда биік тұруы тиіс.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close