Basty bet

Мемлекет пен халықтың арасындағы сенім көпірі

23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні. Бұл күн ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі. Бұл кәсіби мереке мемлекеттік қызметтің қоғам өміріндегі мән-маңызын айқындап, халыққа әрдайым адал қызмет етуді өмірлік ұстанымына айналдырған адал азаматтарға құрмет көрсетудің жарқын көрінісі болып табылатынын да ерекше атап өткен жөн.
Мемлекеттік қызмет атқару – мемлекет пен қоғам тарапынан көрсетілген үлкен сенімболып табылады. Мемлекеттік қызметші өзіне жүктелген міндеттерді кәсіби деңгейде орындап қана қоймай, елдің дамуы мен өркендеуіне жауапты тұлға ретінде халық мүддесіне қалтқысыз қызмет етуі тиіс. Сондықтан мемлекеттік қызмет әрдайым адалдықтың, әділдіктің, жауапкершілік пен кәсібиліктің үлгісі болуы қажет!
Бүгінде қоғамның мемлекеттік қызметкерлерге қоятын талаптары бұрынғыдан да жоғары. Азаматтар мемлекеттік қызметшіден тек сапалы қызмет көрсетуді ғана емес, сонымен бірге, ашықтықты, әділдікті, жоғары мәдениетті және халықпен тиімді қарым-қатынас орнатуды күтеді. Себебі, мемлекеттік қызметші – биліктің бет-бейнесі, сонымен қатар, мемлекет туралы қоғамдық пікірдің қалыптасуына тікелей ықпал ететін тұлға болып саналады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қызмет саласында меритократия қағидаты нығайтылып, бюрократиялық кедергілерді азайту, халықпен тиімді кері байланыс орнату және мемлекеттік аппараттың ашықтығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарының біріне айналды. Осыған сәйкес мемлекеттік қызметшілер азаматтардың өтініші мен мәселелеріне жедел ден қойып, олардың заңды талаптары мен сұраныстарына барынша сапалы жауап беруге ұмтылуда. Халықпен етене жұмыс істеу, әрбір тұрғынның мәселесіне бей-жай қарамау – бүгінгі мемлекеттік қызметшінің басты міндеттерінің бірі.
Жуалы ауданында да мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру және кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Ауданда ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызмет саласында абыройлы еңбек етіп, туған өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан білім де білікті мамандар аз емес. Олардың еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланып келеді.
Өткен жылы Жамбыл облысы әкімінің және Жуалы аудан әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғысхатымен жалпы саны – 27 мемлекеттік қызметші марапатталды. Бұл – мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігі мен адал еңбегіне берілген жоғары баға.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ауданда меритократия қағидаты нақты нәтижесін көрсетуде. Қызметкерлердің кәсіби қабілеті мен еңбегінің нәтижесіне қарай мансаптық өсуіне барлық мүмкіндіктер қарастырылған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауданда екі мемлекеттік қызметші жоғары лауазымдарға тағайындалып, өздерінің кәсіби біліктілігі мен тәжірибесінің арқасында мансаптық өсудің жарқын үлгісін көрсетті.
Жуалылық мемлекеттік қызметшілер күнделікті қызмет барысында ғана емес, қоғамдық және спорттық өмірде де әрдайым белсенділік танытып келеді. Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті ұйымдастырған 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні кәсіби мерекесіне арналған облыстық спартакиадада ауданның командасы жоғары нәтижеге қол жеткізіп, жүлделі бірінші орынды иеленді. Бұл жетістік жергілікті мемлекеттік қызметшілердің ұйымшылдығы мен белсенді азаматтық ұстанымын айқын көрсетеді.
Мемлекеттік қызметші күні – елге адал қызмет етудің мән-маңызын дәріптейтін, қазақстандық патриотизмді нығайтатын ерекше мереке екені белгілі. Мемлекетке адал қызмет ету, халықтың сенімін ақтау және елдің өркендеуіне үлес қосу – әрбір мемлекеттік қызметшінің басты парызы.
Мемлекеттік қызмет – мерейлі міндет! Елдің дамуы мен туған өңірдің гүлденуі жолын аянбай еңбек етіп келе жатқан барша әріптестерді 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіз Қазақстан Республикасының дамуы жолындағы жауапты да мәртебелі қызметтеріңізге толағай табыс, кәсіби жетістік, зор денсаулық және әрбір отбасына амандық тілеймін! Мемлекет пен халық игілігі жолындағы еңбектеріңіз әрдайым жемісті болып, абырой-беделдеріңіз асқақтай берсін!

Дидар НҰРБЕКОВ,
аудан әкімі аппаратының басшысы.
Әдеп жөніндегі уәкіл

Таңдаулы материалдар

Close