Basty bet
Бабалар ерлігіне тағзым – асыл парыз
«Мәңгілік алауға» гүл шоқтары қойылып, ардагерлерге сый-құрмет көрсетілді
Биыл Ұлы Жеңіске – 81 жыл толып отыр. Айта кету керек, былтыр Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған тағылымды іс-шаралар біздің ауданда да жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны белгілі. Иә, ел өміріндегі атаулы датаға орай қолға алынған мерекелік іс-шаралардың қоғам мен жас ұрпақтың болашағына пайдалы болғанын айта кеткен жөн.
Биыл да Жеңіс мерекесі күні ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылында «Даңқы өшпес – ұлы күн!» тақырыбында шағын митинг ұйымдастырылды. Онда аудан әкімі Жалғас Мұртаза бастаған аппарат қызметкерлері, өңір ардагерлері, аудандық мәслихаттың депутаттары мен мекеме басшылары, қызметкерлер және жергілікті жұртшылық «Мәңгілік алау» ескерткіш-монументіне гүл шоқтарын қойып, батыр бабалар мен Ұлы Отан соғысына қатысқан және майданда ерлікпен қаза болған жуалылық ардагерлердің әзіз рухына тағзым жасап, боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Ескерткіш-монументке гүл шоғын қойып, ерлікке тағзым етіп, бабалар рухына құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылған дәстүрлі митингке аудан орталығындағы білім беретін мектептер мен оқушыларға қосымша білім беретін мекемелердің ұжымы да қатысты.
Ұлы Жеңіс күнінде – батыр бабалардың ерлігіне тағзым етудің, аталар ерлігін жас ұрпаққа аманат етудің маңызы өте зор. Бұл күн – бейбітсүйгіш халқымыздың ерлігі мен төзімінің, батырлардың жанқиярлық күресінің мәңгілік естелігі іспетті. Соғыс жылдары 1,2 миллионнан астам қазақстандық майданға аттанса, оның ішінде, жуалылық жауынгерлер де Отанның шебін жаудан күзетіп, қаһармандықтың жарқын үлгісін көрсетті.
Аға буынның өшпес ерлігі – жас ұрпаққа ұлағат. Отаншылдық пен жанқиярлық – ұрпаққа үлгі-өнеге. Отан үшін от кешіп, бейбіт күн үшін қанын төгіп, жанын қиған батырларды жас ұрпақ ешқашан ұмытпайды. Оларды жыл сайын еске алып, рухына тағзым ету – біздің асыл парызымыз болып қала бермек…
***
Жеңісті жақындатып, елде бейбіт өмірдің орнығуына батыр бабалармен қатар, тылда аянбай еңбек еткен ардагерлердің де қосқан үлесі мол. Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда еңбек еткен өңір ардагерлеріне аудан басшылығы тарапынан және ауданға қарасты ауылдық округ әкімдерінің атынан сый-құрмет көрсетіліп, естелік сыйлықтар табысталды.
Сөз жоқ, Ұлы Жеңіс – қасиетті Отанды қорғаудың өшпес өнегесі мен ерліктің ерен үлгісі болып адамзат шежіресінде мәңгілік жазылып қалғаны анық. Ар мен намысты, Отанға деген адалдық, туған ел мен туған жерге деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен батыр бабалардың қаһарман рухына тағзым – ардақты парызды орындап, асқақ даңққа қосқан үлесіміз болмақ.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»