Basty bet

Мемлекеттік қызметшілер ерледі

Жуырда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен облыс орталығындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні мерекесіне орай Жамбыл облысының мемлекеттік қызметшілері арасында спорттың 11 түрінен (үстел теннисі, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, кіші футбол, бильярд, асық ату, арқан тарту, садақ ату, армрестлинг (қол күрес), волейбол және жүзу спорт түрлерінен) спартакиада өткізілді.
Айтулы додаға өңірге қарасты аудандардағы әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік орган қызметкерлерінен құралған 28 команда бақ сынасты. Жалпы спорттық іс-шараға 700-ге жуық мемлекеттік қызметшінің қатысқанын ескерсек, доданың қаншалықты тартысты болғанын өзіңіз де бағамдай беріңіз.
Мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиадаға аудан әкімдігінің қызметкерлері барлық спорт түрлеріне қатысып, нәтижесінде жүлделі орындарды иеленді.
Садақ атудан аудан әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімшесінің басшысы Жанерке Налекова, асық атудан Күреңбел ауылдық округі әкімі аппаратының іс-жүргізу және есеп бөлімшесінің басшысы Нағашбекұлы Еркеғали І орындарды және қазақ күресінен Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Алмас Рахмашов ІІ орынды жеңіп алды.
Жуалы командасы командалық волейболдан және кіші футболдан екінші орын алса, арқан тартудан жерлестеріміз үшінші орынға табан тіреді.
Әріптестер арасында тартысқа толы болған облыстық спартакиаданың қорытындысында жалпы командалық есепте Жуалы ауданы әкімдігінің құрама командасы жүлделі III орынды қанжығаға байлады. Әріптестерді жүлделі орын алуымен құттықтай отырып, қызметтеріне табыс тілейміз!

Аудан әкімінің аппараты

Таңдаулы материалдар

Close