Basty bet
Жаңа технология жаңашылдыққа бастайды
өңірде су үнемдеу технологиялары сақталған егістік алқап көлемі 140 гектарға ұлғайып отыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев асыраушы сала саналатын ауыл шаруашылығындағы агроөнеркәсіптік кешенін жан-жақты дамыту арқылы халықтың табысын арттыруға айрықша назар аударып отырғаны белгілі. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар да жүргізіліп келеді.
Бұл ретте қасиетті Жуалы ауданының табиғаты ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қолайлы өңір болып саналады. Қазіргі таңда аудан көлемінде мал азығын дайындау, сонымен қатар, жаздық арпа мен күздік бидай алқаптарының өнімі толықтай орылып, ендігі кезекте мақсары мен картоп, бау-бақша дақылдарын жинау жұмыстары қалып отыр.
Аудан бойынша ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі – 216 306 га, оның ішінде, 95 435 гектары егістік, (жалпы суармалы егістігі – 8 460 га.) Шабындық 2 046 гектар, жайылым 109 439 га, көпжылдық екпелер 265, басқа да жерлер 2 128 гектарға тең. 2025 жылдың өнімі үшін егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі барлығы – 54 956,0 га орналастыру жоспарлануда 102,6 пайыз (2024 жылы 53 516,0 га ). Атап айтқанда, биылғы жаздық арпа алқабы – 28 510,0 гектарды құраса, майлы дақылдар 17 976,0 га, көпжылдық шөп алқабы 4 500, картоп 2 494, көкөніс 704, дәндік жүгері 150, сүрлемдік жүгері 708, бақша дақылдары 13, мал азығы 30 079, егілген күздік бидайдың алқабы 10 300 гектарды құрап отыр.
Айта кету керек, биыл өңірде қуаңшылықтың байқалуына байланысты орақ кезінде жаздық арпаның түсімі әр гектардан орта есеппен небәрі 6,9 центнерді құраса, күздік бидайдан алынған өнім әр гектардан 9,2 центнерден айналып, аталған екі дақылдан жиналған жалпы өнім 29 мың тоннаға жуықтады.
Мал азығын дайындау жұмыстарына келсек, алдағы мал қыстату науқанына дайындалатын мал азығы, пішен (сено) – 198 000 тонна, пішендеме (сенаж) – 22 000 тонна, сабан – 38 000 тонна, ал сүрлем қоры – 25 000 тонна.
Ағымдағы жылы шабуға белгіленген алқап көлемі – 36 688 гектар, оның ішінде, көпжылдық шөп – 32 709 га, табиғи шөптер – 2 971, сүрлемдік жүгері – 300 гектарға тең. Бүгінгі күнге жалпы – 32 709 гектар алқартың шөбі (бірінші орым) орылып, жиналған пішен – 139 210 тонна, сабан – 37 950 тоннаны құрады.
– Көктемгі дала жұмыстары барысында жаздық арпаға қажетті тұқым көлемі – 5131,8 тонна болса, оның ішінде, өткен жылы алынған супер элита тұқымынан 44,0 тонна және 1-репродукция 358,6 тоннаны құрайды. Алматы ғылыми-зерттеу институтынан жаздық арпаның 32,0 тонна көлемінде «Сымбат» тұқымы сатып алынған. Сонымен қатар, Нұрлыкент ауылдық округінен «Злиха» шаруа қожалығы Нидерланды мемлекетінен 20 тонна «Пикассо» элиталық картоп тұқымын әкеліп, алқаптарға егілді. Ал өңір шаруаларының тарапынан биылғы күзгі дала жұмыстарына 2026 жылдың өнімі үшін Алматы ғылыми-зерттеу институтынан 77,7 тонна элиталық бидай тұқымын сатып алуға өтінім берілді. Ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдігі арасындағы келісімдердің түйінді нысаналы индикаторларының тізбесі бойынша 1-репродукциядан төмен емес тұқым қолдану үлесі 1,85 пайыз (203 тонна) болып жоспарланған,- дейді аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаев.
Жер өңдеп, сала жұмысын жеңілдету ісінде ауыл шаруашылығы техникаларының маңызы зор деп айтуға болады. Биылғы көктемгі дала жұмыстарына қатысатын ауыл шаруашылығы техникалары саны – 730 бірлікті құрайды. Оның ішінде, 369 дана доңғалақты трактор, 127 дана соқа, 149 қопсытқыш, 60 дәнсепкіш, 5 дәнулағыш және 20 дана басқа да техникалар бар. Ауыл шаруашылығы техникалары паркін жаңартуға келсек, биылғы жоспар – 104 дана. (1 комбайн, 44 трактор, 59 тіркеме). Бүгінгі күнге жалпы сомасы 393,5 мың теңгеге 58 жаңа техника сатып алынды. (23 трактор – 275,1 млн теңге, 35 тіркеме – 1 18,4 млн.тг). Орындалуы 5,8 %.
– Айта кету керек, 2025 жылғы көктемгі және күзгі дала жұмыстарына көктемге 2766,4 тонна, ал күзгі дала жұмыстарына 556,5 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінді. Дизель отынын таратушы оператор болып «Ақ Қайың» ЖШС бекітілген.
Ауданда агроөнеркәсіп кешенін несиелеу де жолға қойылған деп айтуға болады. 2025 жылы «Жуалы» несие серіктестігінен «Кең дала» бағдарламасы арқылы көктемгі дала жұмыстарына 20 шаруашылық 221,9 млн теңге қаражат алды. Ал «Агробизнес» бағдарламасымен 9 шаруашылық 115,3 млн теңге несие алып, онымен қоса 2 шаруашылық 40,0 млн теңгеге өтінім беріп отыр. «АгроНесиеКорпорация» АҚ-нан «Кең дала» бағдарламасымен көктемгі дала жұмыстарына 21 шаруашылық 273,9 млн теңге көлемінде несие алып, жұмыс атқару үстінде. Сонымен қатар, «АгроНесиеКорпорация» АҚ-нан «Кең дала-2» бағдарламасымен көктемгі дала жұмыстарына 30 шаруашылық 277,1 млн теңге алды. Одан бөлек, «Агробизнес» бағдарламасымен 1 шаруашылық 17,9 млн теңге несие алғанын айта кеткен жөн. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 16 шаруашылық 16 дана техниканы 193,2 млн теңгеге сатып алды,- дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жауапты мамандары.
Ауыл шаруашылығындағы жаңа технология жаңашылдыққа бастайды. Мұны біз өңір шаруаларының тәжірибесінен де көріп жүрміз. Бұл мақсатта 2024 жылы аудан шаруашылықтарында су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемі – 2 380 гектарға жетсе, ал 2025 жылы Қарасаз ауылдық округінде «Нұржан» шаруа қожалығы 10 гектар картоп алқабына тамшылатып суғару, ал «Тұрсынбай» ШҚ 20 гектар көп жылдық шөп алқабына жаңбырлатып суғару, Нұрлыкент ауылдық округінде «Злиха» шаруашылығы 20 гектар картоп алқабына тамшылатып суғару технологиясын, Қызыларық ауылдық округіне қарасты «Айбек» ШҚ 50 гектарға, осындағы «Садиров» шаруа қожалығы 40 гектар көпжылдық шөп алқабына жаңбырлатып суғару технологиясын орнатып, жалпы су үнемдеу технологиясы 140 гектарға жетіп отыр.
Ендігі кезекте мал шаруашылығына оралсақ, ауданда 2025 жылғы мал басы саны мүйізді ірі қара – 53 062 бас, қой-ешкі – 261 361, жылқы – 21 720 басты құрап отыр.
Сөз соңында ауданда «Ауыл аманаты» жобасының 5-бағытын жүзеге асыру жұмыстары былтыр басталып, биыл да жалғасуда. Бұған дейін ауданда 575,5 млн теңгеге барлығы 79 жобаны іске асыру жоспарланып, бүгінгі күнге «Тараз» ӘКК»-ден 51 кәсіпкерге 430,9 млн теңге несие беріліп, онымен бірге, 27 кәсіпкердің 267,2 млн теңгені құрайтын құжаты оң қорытынды алғанын айта кеткен жөн.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»