Basty bet

Тұрғындар көтерген мәселелер зерделенеді

Бейсенбі күні Ақсай ауылдық округінің әкімі Қазыбек Бейсеқұлов округке қарасты Диқан ауылы тұрғындарының алдында есеп беру кездесуін өткізді. Есептік кездесуге ауыл тұрғындарымен қатар, Диқан орта мектебінің мұғалімдері де шақырылды.
Жиын жұмысына аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Сауырбаев, аудандық мәслихаттың депутаты Мұхамеджан Әсемов қатысты.

Есептік кездесуді ауылдық округтің әкімі Қ.Бейсеқұлов ашып, ол ең алдымен тұрғындар алдында 2021 жылы атқарылған жұмыстардың қорытынды есебін жариялады.
Соның ішінде Диқан ауылына қатысты атқарылғандарын атап өтетін болсақ, былтыр тұрғындардың өтінішімен ауылдағы ескірген ауызсу құбырлары жаңасына ауыстырылған болатын. Бұл әрине, тұрғындарға таза ауызсу тұтынуға мүмкіндік береді. Аталған жұмыстар атқарылуына 30 миллион теңге бөлініп, жауапты мердігер мекеме тарапынан толығымен игерілді. Нәтижесінде диқандықтар таза ауызсуға қол жеткізіп, оны әкімнің есептік жиынының барысында тұрғындар қуанышпен атап өтті.
Тағы бір айта кетерлігі, Диқан ауылының жұртшылығы көптен күткен мәселе – ол әрине, ауылдан типтік үлгіде жаңа мектеп салу мәселесі еді. Бұл мәселе өз кезегінде алдыңғы жылдары облыс басшылығының назарына ұсынылып, соның нәтижесінде, облыс қазынасынан қомақты қаражат қарастырылып, 2021 жылы ерте көктемде 180 орындық орта мектептің құрылысы басталған болатын.
2022 жылға өтпелі құрылыстың барысына келер болсақ, бүгінде мектеп құрылысын қарқынды жүргізіліп жатыр деуге болады. Тұрғындар мен ұстаздар мектеп құрылысының басталғанына қуанышты болғанымен, оны жобалау барысында мектеп ішінен акт залы қарастырылмағанын айтады. Мектепте іс-шаралар өткізу үшін әрине, акт залы керек-ақ. Бұл мәселеге аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Сауырбаев жауап беріп, аталған мектеп құрылысына тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы мекемесі екенін баса айтып, мектептің типтік үлгіде салынып жатқанын, ал онда акт залының неге қарастырылмағанынан хабарсыз екенін жеткізді.
Ауылдық округ әкімі Қ.Бейсеқұловтың баяндамасында айтылған салалардың жұмысымен толықтай танысып болған соң ауыл тұрғындары әкімге және жиын жұмысына қатысушы жауапты азаматтарға сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Атап айтатын болсақ, ауыл тұрғыны, ардагер ұстаз Жамалбек Ботагөев өз сөзінде, Диқан ауылындағы Жамбыл көшесін орта жөндеуден өткізу мәселесінің күн тәртібінде тұрғанын жеткізді. Сонымен қатар, ол ауылда ағын су мәселесінің де көп жылдан бері шешілмей келе жатқанын айтады. Соның салдарынан тұрғындардың бақшалығы мен еккен ағаштардың қурап жатқаны да белгілі болды.
Иә, ағын судың тапшылығы бір ғана Диқан ауылына тән проблема емес, мұндай мәселе әрбір екінші елдімекенде бар. Дегенмен, былтырдан бері аудан басшысы О.Қаржауовтың бастамасымен өңірде көп жылдан бері қараусыз қалған ішкі шаруашылық каналдары механикалық тазалаудан өтуде. Диқан ауылына ағын су келетін жоғарыдағы канал да биыл осындай әдіспен тазаланатын болады. Ауылдық округтің әкімі Қ.Бейсеқұлов өз сөзінде, Диқан ауылына қатысты мәселе ретінде биыл бес шақырым каналдың тазаланатынын, ол үшін жобалық-сметалық құжаттар жасалып, тиісті қаржысын бөлу үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына өткізілгенін айтады. Ал Жамбыл көшесін орта жөндеуден өткізу мәселесіне келсек, биыл бұл мақсатқа 18 миллион теңге қаражат бөлінген. Бұл жұмыс жыл ішінде атқарылады деп күтілуде.
Есептік жиында тұрғындар ауылда салынған тротуардың талапқа сай еместігін қатты сынға алды. Тұрғындардың айтуынша, жаяу жүргіншілер жолына екі адам қатар сыймайды екен. Одан бөлек, Диқан орта мектебінің жаңа ғимаратына барар жолдағы сайдың тұсын кеңейту қажет. Тротуарды салу барысында мұндай мәселелер назардан тыс қалған.
Бұл мәселеге жауап берген ауылдық округ әкімі Қ.Бейсеқұлов, жаяу жүргіншілер жолын салған жауапты мердігер мекеменің басшылары көктем шыға қайта келіп, кемшіліктерді түзейтініне тұрғындарды сендірді. Одан бөлек, ол өз сөзінде, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің барлығы назарға алынып, жан-жақты зерделенетінін жеткізді. Ауыл әкімі жиын барысында түскен сұрақтармен қатар, Ақсай ауылдық округінде қолға алынған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасының жұмысы туралы айтып, бұл мақсатта округте құрылған ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне мүше болу арқылы жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, кәсіп ашуға болатынын жеткізді. Бұл үшін тұрғындардың белсенділігі қажет.
Жиында тұрғындар одан бөлек, сүрлемдік жүгері егу үшін арнайы техника күшінің қажет екенін айтып, көмек сұрады. Әрине, бұл мақсатта округте АШӨК есебінен кооператив мүшелері жеңілдетілген несие арқылы 16 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алып отыр. Ауылдағы шаруаларға осы техникалардың көмегі тиетін болады.
Есептік жиынның соңында Ақсай ауылдық округіндегі ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Құрмашев сөйлеп, әкімнің былтырғы атқарған жұмыстарына оң баға бере келе, бірқатар қоғамдық және әлеуметтік мәселелерді көтерді.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close