Basty bet
Жастардың дамуына серпін берген бағдарлама
Республикамызда жастарға қолдау көрсету мақсатында жасалып жатқан жобалар аз емес. Соның бірі – 2014 жылы бастау алған – «Серпін-2050» «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» бағдарламасы. Бағдарламаның мақсаты – халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр тапшылығын бастан кешіріп отырған Қазақстанның шығыс, солтүстік және орталық облыстарында оқытып, жұмысқа орналастыру. Аудандық білім бөлімі мамандарының мәліметінше, ауданда 2015 жылдан бері күні бүгінге дейін аталған бағдарламаның аясында барлығы 119 жас жолдама алып, студент атанған.
Аталмыш бағдарламаның аясында мамандық игерген жас маманның бірі – Қаракөз Қуантай. Қаракөз Қалижанқызы Қайрат ауылының түлегі. 2018 жылы осындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебін аяқтап, сол жылы аудан әкімдігінің білім бөлімі арқылы оқуға жолдама алған. Ол «Серпін-2050» «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» бағдарламасымен жолдама алған Қаракөз Қалижанқызы 1962 жылы іргесі қаланған, республика бойынша педагогтарды даярлаудан үздік үштікке кіретін Павлодар қаласындағы Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетіне тарих және дінтану пәнінің мұғалімі мамандығын оқып, бітірген. Қаракөз қазіргі таңда балабақшада тәрбиеші қызметін атқаруда, өз саласының білікті маманы.
Қаракөз әуелбастан мұғалім болуды армандағанын, алайда ҰБТ-дан аз бал жинап бастапқыда арманым орындалмай қалама деген күдігінің болғандығын да жасырмады. Қаракөз Қалижанқызы өзіне мүмкіндік сыйлаған «Серпін-2050» «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» бағдарламасының қолайлы әрі пайдалы тұстары жайында өз ойымен бөлісті.
-Бағдарлама аясында кәсіптік, ауыл шаруашылық, педагогикалық мамандықтары бойынша білім алуға мүмкіндік беретіндігін айтты. Аталған жобаның жалпы білім гранттарымен ұқсастығы – жоғары білім грантын иеленгендердің шәкіртақымен, темір жол арқылы барып-қайтатын жол шығындарының өтелуінде екенін баса назарға ала отырып жеткізді.
Сонымен қатар, жатақхананы кезектен тыс қамтамасыз етілуінің өзі үлкен жеңілдіктердің бар екеніне куәландырады. Айта кетерлік ерекшелігі ұстаздардың білімі мен біліктілігі өте жоғарғы деңгейде, сондай-ақ грант негізінде оқуға түскен студенттер екі үлкен кепілдікке ие болатыны атап өтті. Біріншісі, жатақханамен оқуды бітіргенге дейін толық қамтамасыз етіледі. Жалпы грантпен оқуға түскендерде ондай кепілдік жоқ, – дейді Қаракөз. Екіншісі, егер оқу бітірген соң, сол өңірде қоныстанып қалған жағдайда, жұмыспен толық қамтамасыз етіледі. Бұл «Серпін-2050» – мәңгілік ел жастары индустрияға!» бағдарламасы мен оқуға түскен студенттер ғана ие бола алатын мүмкіндік екенін тілге тиек етті. Яғни, алдағы күндерде қиналмай-ақ жұмыс тауып, өздерінің әлеуметтік жағдайларын жақсартуға мүмкіндіктің мол екенін айтып өтті.
Қарапайым мамандықтар бойынша шәкіртақының сомасы 31 000 теңге болса, педагогикалық мамандықтарда оқитын білімгерлер 52 000 теңгенің көлемінде шәкіртақы үлестіріледі. Аталған бағдарлама арқылы, орта арнаулы оқу орнына оқуға түсуге мүмкіндік бар екендігін ашып айтты. «Серпін-2050» бағдарламасымен оқуға түскендердің басқа оқу гранттарынан айырмашылығы, жылына екі рет жол шығындары төленеді және қыстық киімдер алуға қаржы бөлінеді, барлығына үш мезгіл ыстық тамақ беріледі. Студенттерге бар жағдай жасалынады. Осы өңірмен оқыған өңірінде де қоныстанып қалған түлектерді жұмыспен қамту жан-жақты қарастырылғандығын айтты. Ал, оқуды аяқтаған соң өзімнің туған өлкеме барып жұмыс жасаймын деген жастарға ешқандай шектеулер жоқ, керісінше еңбек етуге жол ашады!
«Серпін-2050» жобасы аясында жоғары оқу орны мен колледждерге түскен жастарға арнайы тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Жобамен оқып жүрген барлық жастар арнайы құрылған «Серпін» әлеуметтік ұлттық қорының белсенділері болып табылады. Басты мақсаты – оларды біріктіру, жеке қасиеттерін дамыту, дәстүрлі ұлттық тәрбиемен қатар, нарықтық заман талаптарына сай келетін қасиеттерін қалыптастыру. Осы мақсатта жылына екі рет республикалық деңгейде, барлық аймақтарда «Аламан» фестивалі өткізіледі. Көшбасшылар лагері, жазғы құрылыс отрядтары ұйымдастырылып, бос уақыттарында жұмыс істеп, қаржы табу мәселесі қарастырылған. Игі істермен айналысып, еріктілер клубтары ашылып, қоғамға өз үлестерін тигізеді. Студенттік өмірлерін білім алумен қатар, шығармашылыққа, спорт секцияларына қатысып жан-жақтылыққа дағдыланады. Бұл жастар өздерін «Серпіндіктерміз!» деп мақтанышпен айтады. Бұл да бағдарламаның үлкен артықшылықтарының бірі екендігін атап өтті,- Қаракөз Қалижанқызы.
Қортындылай келе, «Серпін-2050» бағдарламасын 2014 жылдан бері көптеген жастарға үлкен мүмкіндіктер сыйлаған бағдарлама деп айтуға болады. Жас ұрпақтың діптеген мақсатына қол жеткізуі үшін «Серпін- 2050» бағдарламасы аясында білім алып, ел болашағына өз септігін тигізе алады. Бұндай игі бастама жастардың білімді, білікті маман болып қалыптасуына жол ашады.
Нұрғалым МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
жас маман.
Қайрат ауылы