Basty bet

Жұртшылықтың пікірі қатаң ескерілуі тиіс!

Әрбір дамыған мемлекет үшін энергетикалық қауіпсіздіктің маңызы өте зор. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Қазақстан энергия көздеріне деген тәуелділікті болдырмау үшін қосымша қуат көздерін қолданысқа енгізуге нақты қадам жасағалы отыр. Жалпы жер бетінде ресурстардың азаюына байланысты әлем елдерінің көбісі баламалы қуат көздерін өндіруге барынша күш салып отырғаны белгілі. Болашақта энергиялық тәуелділікті болдырмау үшін біздің елге де маңызды қадам жасаудың маңызы зор.
Қоғам талқысына салынған маңызды мәселенің бірі – елімізде атом электр стансасын салу көптен бері көтеріліп келеді. Оның да жұртшылықтың назарына салынғанына біршама уақыт болды. Бұл мәселеде қоғам мүшелерінің пікірі де әртүрлі. Бірі АЭС салуды қоддаса, енді бірі оның экология мен адам өміріне аса зиянды тұстарын айтуда. Қалай десек те, біз үшін мұның маңызы өте зор.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында: «Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын.
Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын.
Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз» деп атап өтіп, АЭС салу мәселесіне ерекше назар аударды. Мұнда терең мән-мағына бар. Президент АЭС салу туралы мәселені де қоғам мүшелерінің талқысына бекерден бекер салып отырған жоқ.
Отандық ғалымдардың пайымынша, қазіргі заманауи технологиялар энергияны көп қажет еткендіктен энергия көздерін зерттеу бүгінде маңызды бола түсуде. Ғылымның дамуымен қатар су электр станциялары мен жылу электр станцияларының, сондай-ақ қайта қалпына келетін энергия көздерінің рөлі электр энергиясын өндіру ісі күннен-күнге артып келеді. Оларға күн, жел, биоотын, геотермалдық энергия сияқты негізгі қайта қалпына келетін энергия көздері жатады. Қайта қалпына келетін энергия көздері қоршаған орта үшін экологиялық таза болып саналады. Алайда, бұлтты ауа-райында және жел жоқ кезде мұндай энергия өндірісі мүлдем мүмкін болмай қалады. Жылу электр станцияларында энергия көмір немесе газ есебінен өндіріледі. Мұндай энергия өндірісінің шикізат бағасы күн сайын өсіп келеді. Ал, атом электр станциясы (АЭС) отын ретінде өте аз мөлшерде уранды пайдаланып, өте көп мөлшерде энергия өндіреді деген пікірді алға тартады ғалымдар.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың халыққа арнаған биылғы жаңа Жолдауында нақты атап көрсетілгендей, атом электр стансасын (АЭС) салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биыл 6 қазанда өтеді деп күтілуде. АЭС салу – барлығымыз үшін маңызды мәселе. Сондықтан, бұл мәселе жалпыұлттық референдумның барысында нақты шешіледі деп сенеміз. Қалай болғанда да, бұл турасында жұртшылықтың пікірі қатаң ескерілуі тиіс!

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close