Basty bet
Жаңбырда туған жауын жыр
Сыйлардай жауын жанарға мұңды,
Білмеймін қалай бағамдарымды…
Жуып-шаю үшін жауа ма, жаңбыр,
Күнәлі басқан қадамдарымды?…
Жаннан түңілу жанға жау дедім,
Жаңбыр астында сандала бердім.
Аспан жылап тұр, кірпігім құрғақ,
Жүрегім тас болып қалған-ау менің…
Жаңбырдай таза көңілім қайда,
Айналған сынды өмірім лайға?
Жаңбыры жауып жүрексіздердің,
Шоқ боп өшкендей жалыны бойда.
Жолдарда су басқан қалар іздерім,
Көрінбей кетсе… боламыз керім.
Сіркіреп құйған жауында мынау,
«Қолшатыр» болар адам іздедім…
Парасат биігінің аршасы сынды,
Жазбады үміт жаршысы жырды.
Қара жерге де сіңермін бір күн,
Жаңбырдың тамған тамшысы сынды.
Жауған жаңбырдан көз алармысың,
Жаралы жанымды жаза алармысың.
Мен де жылайын жаңбырмен бірге,
Кірлеген жанымды тазалау үшін…
Санжар ДАЯРБЕК,
жас ақын
Нұрлыкент ауылы