Basty bet

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі өзгерістер туралы

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (Қор) жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейін жүзеге асырады.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржы ресурстары жұмыс берушілердің өз жұмыскерлері үшін, сондай-ақ дара кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын адамдардың өздері үшін ең төменгі бір жалақыдан кем емес және жеті еселенген мөлшерінен аспайтын табыстың 3,5% мөлшерінде төленетін әлеуметтік аударымдары есебінен қалыптасады.
2024 жылдан бастап ең төменгі жалақының 85 мың теңгеге дейін артатынын ескере отырып, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік аударымдардың ең төменгі мөлшері айына 2 975 теңгені (3,5%*85 000 теңге), ал ең жоғары мөлшері – 20 825 теңгені (3,5%*7*85 000 теңге) құрайтын болады.
Әлеуметтік аударымдардың уақтылы түсуі әлеуметтік тәуекелдердің 5 түрі – еңбек ету қабілетінен айырылуы, асыраушысынан айырылуы, жұмысынан айырылуы, жүктілікке және босануға, сондай-ақ бала күтіміне байланысты кірісінен айырылуы кезінде азаматтарға әлеуметтік төлемдер алуды қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, атап өтетін жағдай, жұмыскер үшін әлеуметтік аударымдар түскен жағдайда базалық мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша Қордан ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемнің 2 түрі төленеді.
Қордан еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі белгіленген кезеңге тағайындалады және еңбек қызметін жалғастыруына қарамастан төленеді.
Қордан асыраушысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем асырауындағылар 18 жасқа толғанға дейін, ал күндізгі оқу нысаны бойынша оқыған жағдайда – 23 жасқа дейін төленеді.
Бұл төлемдердің мөлшері жыл сайын арттырылады. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдердің мөлшері автоматты түрде 7%-ға өсетін болады.
Жамбыл облысы бойынша 4 066 алушыға еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайға және 2 723 асыраушысынан айырылған жанұяға төлемдер мөлшері ұлғайтылады.
Осылайша, жұмыс істейтін азаматтар алатын төлемдердің жиынтық мөлшері жұмыс істемейтін азаматтарға қарағанда көбірек болады.
Бұдан басқа Кодексінің 85-бабының 2-тармағына сәйкес, бала күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлемнің мөлшері осы Кодекстің 76-бабына сәйкес, ұсталуға жататын міндетті зейнетақы жарналарын қосымша есептей отырып, осы Кодекстің 82-бабына сәйкес бала туу кезектілігіне қарай белгіленген бала күтіміне байланысты жәрдемақының мөлшерінен кем болмауға тиіс.
Осыған байланысты, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайына төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшері міндетті зейнетақы жарналарын қосымша есептеу ескеріле отырып, мемлекеттік жәрдемақы мөлшеріне дейін арттырылады.
Сонымен қатар, төлемдерді қайта есептеу, арттыру және ұзарту автоматтандырылған режимде жүргізілетінін, яғни алушыларға қосымша құжаттар жинаудың қажеті жоқ екенін ерекше атап өткім келеді.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі туралы толығырақ ақпаратты Қордың gfss.kz интернет-ресурсы арқылы, сондай-ақ Қор мен филиалдардың әлеуметтік желідегі аккаунттарынан алуға болады.

Н.Искаков,
Жамбыл облысы бойынша
«МӘСҚ» АҚ филиалының
директоры

Таңдаулы материалдар

Close