Basty bet

Ауылға серпіліс әкелген жоба

«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» қанатқақты жобасы бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында өз жалғасын тауып отыр. Есте болса, 2019 жылы облыста бұл жобаның бес бағыты бойынша жалпы алғанда 9,2 миллиард теңге бөлініп, игерілген болатын. Оған облысымыздағы 10 ауданының 11 ауылдық округінен 25 елді мекен таңдап алынған еді. Онда 2478 аула мен 11 жаңа құрылған ауыл шаруашылығы кооперативі жобаға қатысқан.
Сөйтіп аймақта қанатқақты жобаға қатысқан елді мекендерде үй іргесіндегі жерді тиімді игеру 95 пайызға артыпты. Ал мал шаруашылығы бағытын дамытуға сол тұста 6,4 миллиард теңге бөлініп, 45032 бас мал сатып алынған еді. Қазір ол мал басы 186100 басқа жетіп отыр. Елді мекен маңайындағы игерусіз жатқан 10113 гектар алқап игеріліп, 21 мың тонна өнім жиналды. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін қажетті техникамен және ауыл шаруашылығы тіркемелерімен қамтамасыз ету мақсатында 972,4 миллион теңгеге бөлініп 190 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған болатын. Бұл техникалар бүгінгі таңда кооперативтердің жұмысын алға басуына септігі тиюде. Соңғысы, жергілікті тұрғындарға шағын бизнес ашу үшін 56,2 миллион теңгеге 11 жоба қаржыландырылып, шағын цехтар өз жұмыстарын жүргізуде.
Осы алғашқы жобаның аясында қол жеткізілген жетістіктер де аз емес. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтың айтуынша, қанатқақты жоба енгізілген соң жеке кәсіпкер саны – 2282-ге артқан. Жұмыссыздар саны 194 адамға кеміп (528-ден 334-ке дейін) 589 жаңа жұмыс орны ашылған. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 1058 отбасыға немесе 65 пайызға кеміген (1615-тен 557 отбасыға). Атаулы әлеуметтік көмек төлеу есебінен үнемделген қаражат – 10358 миллион теңгені құраған. Қанатқақты жобаға қатысушылардың орташа айлық табысы 44 мың теңгеден 73 мың теңгеге, немесе 65 пайызға артқан.
Осы жоба аясында 2021-2022 жылдары револьверлік кредиттеу жолымен 7,2 миллиард теңге қайтарылып, қанатқақты жобаға тағы үш ауылдық округ қосылған болатын. Олар Байзақ ауданындағы Үлгілі, Жамбыл ауданындағы Өрнек және Жуалы ауданындағы Ақсай ауылдық округтері. Онда 253 жобаны қаржыландыруға 1,096 миллион теңге қаралған. Бүгінгі күні ол округтердегі жұмыстар жандана түскен.
Ал өткен жылдың желтоқсанынан бастап республикалық бюджеттен «Ауыл халқына ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау үшін микрокредиттер беру» жобасы шеңберінде 6,047 миллиар теңге бөлінді. Оған облысымыздың барлық ауданы енгізіліп, олардың ішінен 10 ауылдық округ таңдап алынды. Ол жобаға енген он аудандағы Жалғызтөбе, Қарақемер, Жетітөбе, Кенен, Ақермен, Биназар, Бірлікүстем, Абай, Жайылма, Ойық ауылдық округтерінде қазір бұл жоба табысты жүзеге асырылуда.
Сол жобаға қатысушының бірі – ауданға қарасты Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылының тұрғыны Ерсұлтан Әлжаппаров. Ол бесінші бағыт бойынша бизнес-жобаны жүзеге асыру үшін 14 миллион теңге несие алып, сүт өнімдерін өндіруде. Оның шығарып отырған өндірісінде құрт, сары май және ірімшіктің бірнеше түрі бар.
– Менде 10 адам жұмыс істейді. Олардың әрбірінің өз міндеті бар, атап айтсақ, менде зертханашы, технолог, ірімшік жасаушы және басқа мамандықтар бойынша жұмыс істейді. Өндіріс үшін барлық қажетті техникалық база бар және өнімді өткізу жолдары жолға қойылған, – дейді Ерсұлтан Әлжаппаров.
Сондай-ақ, Қайрат ауылында Сәрсекүл Әбеева 4,6 миллион теңге несие алып, оған 11 бас мүйізді ірі қара мен жем сатып алған.
– Жобаның тиімді тұстары өте көп. Ең бастысы ауылда отырған шаруаға өте қолайлы. Мал басын арттырып, мал бордақылап, сиыр сауып, сүт өнімдерін өндіруге мүмкіндік бар. Бұл жоба ауылға зор мүмкіндік пен серпін әкелді деп ойлаймын, – дейді ол
Оның көршісі Диас Рахманқұлов портреттері бар түпнұсқа жүннен жасалған кілемдер шығарумен айналысады. Өз ісін кеңейту аясында ол Моңғолияда Иірілген жіп сатып алу үшін 2,8 миллион теңге алып, жұмысын жолға қойған. Ал Қуанышбек Төребеков болса машина-трактор станциясын ашты. Ол жабдықтар мен шикізатқа біраз қаражат жұмсаған. Машина-трактор стансасында ол округтің 4 тұрғыны жұмыспен қамтып отыр.
«Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дәулет Әбілқайыровтың айтуынша, жобаға қатысуға ниет танытқандардың өтінімдерін қарау кезінде жұмыссыздарға басымдық беріледі екен. «Осы жылдың мамыр айының басында «Ауыл аманаты» жобасына қатысушыларға 11,563 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі таңда келіп түскен өтініш саны 1675. Бұл өтініштердің қазіргі уақытта 489-ы мақұлданған. Ендігі кезекте қанатқақты жобаға барлығы 26 ауылдық округі еніп отыр. Соның ішінде Қарасаз, Қызыларық ауылдық округтері де бар. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2019 жылдан бастап 2023 жылғы сәуірге дейін 14,343 миллиард теңге көлемінде 3951 азаматқа несие берілді. Жобаға қатысушылар тарапынан бүгінге дейін «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на 4,614 миллиард теңге қайтарылды» дейді ол.
– Осы жылдың соңына дейін 3923 жоба мақұлданып, 26 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарлануда. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін 3,199 миллиард теңге қаралған. Оған 332 бірлік техника алынады. Айналым қаражатын толықтыруға кооперативтерге екінші бағыт, мал шаруашылығы бойынша кредит алған ауыл шаруашылығы кооперативтерінің мүшелерінің жемшөп базасын қамтамасыз ету үшін 545 миллион теңге беру жоспарлануда, – дейді басқарма басшысы Нұрби Жігітеков.

Марат ҚҰЛИБАЕВ,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close