Basty bet
Жастармен жұмыс жүргізу – басты назарда
Мемлекеттік жастар саясаты – қоғамның стратегиялық ресурстары дамуының маңызды бағыттарының бірі. Болашақтағы жаңа Қазақстанның жолы жас ұрпақпен тікелей байланысты. Бүгінгі күні жастар өзінің әлеуетін жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктерге ие. Осы үшін кәсіби мансап пен тұлғалық өсуді қалыптастыруда тең мүмкіндіктер құрылуда.
Бүгінгі күні Жуалы ауданы тұрғындарының саны 52 990 адам болса, оның ішінде, жастардың саны 13 924 адам, бұл жалпы халықтың 26,2 % құрайды.
Ауданда «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі жастармен тығыз жұмыс істейді. Әлеуметтік қолдау шараларымен жастарды толықтай қамту мақсатында жыл сайын ауданның аймақтары кесіндісінде жастар арасында жағдайға талдау жасалып, атқарушы органдардың тарапынан айрықша назар аударуды талап ететін бағыттар анықталып, іс-шаралар және жобалардың қатары жүзеге асырылады.
Жалпы, аудан жастары белсенді. Олар үнемі жақсы істердің жаршысы болып жүреді. Аудан жастарына жағдай жасау, олардың қоғам үшін маңызды деген іс-әрекеттерін қолдау – аудан басшылығының назарынан тыс қалған емес.
Әрине, осындай қамқорлықтың да қайтарымы жоқ емес. Аудан жастарын бір шаңырақтың астына ұйытып отырған орталықтың бастамасымен ағымдағы жылдың алты айында 551 әртүрлі бағыттағы іс-шаралар өткізіліп, онда ауданның 10 305 жас азаматы қамтылды. Қазақ халқының дәстүрлерін жастар арасында кеңінен насихаттау және жастардың бойында ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыру мақсатында «Жігіт сұлтаны – 2022» байқауы, сонымен қатар «Жуалы аруы – 2022» ,«Ақ босаға» атты аудандық келіндер сайысы секілді бірнеше ауқымды шаралар өткізілді. Сондай-ақ, орталыққа 2002-ге жуық жас әртүрлі мәселелер бойынша кеңес сұрап келген, аталған жастар өздеріне қажетті ақпаратты алған. Оның ішінде жұмыссыздық мәселесімен 512 жас, мемлекеттік бағдарламалар туралы 243 жас және басқа да салалар бойынша 1 247 жас кеңес алған.
Аудан жастарын қолдауға басымдық беріліп, осы бағытта көптеген шаралар жүзеге асырылуда. Әсіресе, соңғы уақытта ел жастарына көңіл бөлу, оларға барынша жан-жақты қолдау ісі ерекше қарқын алуда. Аудан жастары арасында «Жасыл Ел», «Дипломмен – ауылға!», «Серпін-2050» және «Жастар тәжірибесі» бағдарламалары кеңінен танымал. Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен насихаттау мақсатында ауылдық округтердегі жастар ісі жөніндегі инспекторлары ауыл жастарымен жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Аудан көлемінде жастарға арналған бағдарламалар аясында жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылуда. Айта кететін болсақ, үстіміздегі жылдың алты айының қорытындысымен «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында көтерме жәрдемақымен 30 жас маман қамтылып, оларға барлығы 9 млн 189 мың теңге берілді. Тұрғын үй сатып алуға барлығы сегіз жас маман 36 млн 756 мың теңге несие алып, баспаналы болып отыр.
Жастардың білім алуына үлкен мүмкіндік беретін «Серпін-2050» бағдарламасы аясында ауданымыздан еліміздің солтүстігіне 2021 жылы 11 жастың оқуға түсуіне атсалыстық.
Ағымдағы жылы 100 жасты «Жасыл Ел» бағдарламасымен жұмысқа тартуды жоспарлаудамыз. Аталған бағдарламаға NEET санатындағы жастар мен ауданның жұмыссыз жастары жұмыс жасауда. Қазіргі таңда 57 жас маусымдық жұмысқа қабылданып, жастар еңбек жасағы қоғамдық орындарда, саябақтарда, мәдени орындарда өсінді шөптерді орып, тал-дарақтар отырғызып, оны күтіп-баптап, суғарып, сонымен қатар, аудан орталығында қоршауларды сырлау, арық – атыздарды тазарту жұмыстарымен айналысуда. Жалпы қолға алынған осындай шара аясында аумақтар тазаланып, нәтижесінде 15 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен бірге, 7,5 гектар жер зиянды қоқыстардан тазартылып, саябақтардағы тал-дарақтар суғарылған.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» Еңбек бағдарламасына сәйкес, аудандағы жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыру мақсатында екі рет «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өткізілген. «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен өткізілген іс-шаралардың және жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде 2022 жылдың ІІ тоқсанында 427 жас әртүрлі бағыттарда жұмыспен қамтылды. 2022 жылдың соңына дейін 131 жасқа қайтарымсыз грант беру жоспарлануда.
Бұл ретте аудан орталығынан шалғайда жатқан ауылдық округтер мен ауылдарда тұратын жұмыс істеуге ниетті жас азаматтардың ұсынған жобалары басымдыққа ие болуда. Қайтарымсыз грант қаражаттары әлеуметтік жобаларды дамытуға салынатын болады.
Ауданда «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің жанынан «Қамқор» еріктілер клубы қызмет атқарады. Олардың қатарында студент және оқушы жастар санатынан 70-тен астам жас азамат бар. Клубтың негізгі қызметі – тұрғындарға қайырымдылық көмек көрсету, әртүрлі іс-шараларды өткізуге жәрдемдесу болып табылады.
«Қайырымдылық – адам жанының нұры» дейді дана халқымыз. Ерікті жастардың атқарып жатқан қайырымды істерін атап өтпей болмайды. Клуб мүшелері 2022 жылғы жоспар бойынша волонтерлық қозғалыстың 12 бағыты аясында 109 іс-шараға атсалысқан.
«Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің бастамасымен ашылып, клуб мүшелерінің және аудан кәсіпкерлерінің қолдауымен жұмыс жасап отырған «Қамқор» еріктілер қайрымдылық дүкенінен 2022 жылы жалғызбасты, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі және аз қамтылған 95 отбасына киім-кешектей көмек, 28 отбасына азық-түлікпен көмектер көрсетілген.
Кәсіби жақсы білім, жақсы жалақы төленетін тұрақты жұмыс, саламатты өмір салтын жүзеге асыруға арналған мүмкіндіктердің болуы жастар мәселесін шешуге бағытталған қадамдардың бірі.
Мейіржан ТЕЛЕУШОВ,
аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ның директоры.
Аудандық мәслихаттың депутаты