Basty bet

Жамбыл облысы «Кітап оқитын ұлт» жобасына қосылды

Бүгін облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков өңірде кітап оқу мәдениетін дамытуға және жобаны жүзеге асыруға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Жамбыл облысы еліміздің рухани әрі мәдени орталықтарының бірі саналады. Дәл осы қасиетті өңірде қазақтың көрнекті қаламгері, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы дүниеге келген. Оның әдеби мұрасы бүгінгі күні де ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі болып табылады. Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабы «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафонының ұсынылған әдебиеттер тізіміне енгізіліп, жамбылдықтар оқитын негізгі шығармалардың біріне айналады. Жоба аясында өңірде мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер, спорт саласының өкілдері, еңбек ұжымдары мен отбасылар арасында кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған кешенді іс-шаралар жүзеге асырылады.

Ынтымақтастықтың басты бастамасы – әртүрлі буын өкілдерін қазақ және әлем әдебиетінің үздік шығармалары төңірегіне біріктіретін «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны болмақ. Бауыржан Момышұлы дүниеге келген өңірде марафон қатысушыларының дәл оның «Ұшқан ұя» кітабын оқуының өзіндік символдық мәні бар. Бұл жобаға ерекше мазмұн беріп, ұлт мақтанышының әдеби мұрасын бүгінгі кітап оқу мәдениетін дамыту бастамасымен сабақтастырады.

Жобаның маңызды құрамдас бөлігі – технологиялық серіктес Yandex Qazaqstan компаниясының «Яндекс Кітаптар» сервисі. Ынтымақтастықтың нәтижесінде облыс тұрғындары ауқымды цифрлық кітапханаға тегін қол жеткізе алады. Заманауи технологиялардың арқасында мыңдаған шығарманы қала тұрғындары ғана емес, ең шалғай ауылдық елді мекендердегі оқырмандар да еш кедергісіз пайдалана алады. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жобаның жүзеге асырылуы Мемлекет басшысының зияткер ұлт қалыптастыру жөніндегі стратегиялық бағытына толық сәйкес келетінін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зерделі ұлт қалыптастыру мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі екенін бірнеше мәрте атап өтті. Бүгінгі меморандумға қол қою – осы міндетті Жамбыл облысында нақты жүзеге асырудың көрінісі. Бауыржан Момышұлы дүниеге келген өңір үшін кітапқа деген құрметті сақтап, оны жас ұрпаққа аманаттау ерекше маңызды. «Кітап оқитын ұлт» жобасы кітап оқуды насихаттаудың, отбасылық құндылықтарды нығайтудың және білімді, ойлы жастарды тәрбиелеудің тиімді алаңына айналады деп сенемін», – деді Ербол Қарашөкеев.

«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков облыстың жобаға қосылуының ерекше символдық мәніне тоқталды. «Біз үшін «Кітап оқитын ұлт» жобасына Бауыржан Момышұлы дүниеге келген облыстың қосылуының мәні ерекше. Оның «Ұшқан ұя» кітабы республикалық кітап оқу марафонының ұсынылған әдебиеттер тізіміне енгізілген. Бұл шығарма тек отбасы туралы ғана емес, ол – тұлғаны тәрбиелеу, үлкенге құрмет, Отанға сүйіспеншілік және ұрпақтар сабақтастығы туралы шығарма. Дәл осындай кітаптар адамның дүниетанымын қалыптастырып, зияткер ұлттың рухани негізіне айналады», – деді Бақытжан Тұрлыбеков.

Алдағы уақытта облыста өңірлік жоба кеңсесі құрылып, білім беру және мәдениет ұйымдарында үйлестірушілер айқындалады. Сонымен қатар қатысушыларды тіркеу және оқылған кітаптарды есепке алуға арналған цифрлық платформа іске қосылады. Жобаға ауылдық және шалғай елді мекендердің тұрғындарын тартуға ерекше назар аударылып, әрбір отбасының қатысуына мүмкіндік жасалады. Жамбыл облысының жобаға қосылуы «Кітап оқитын ұлт» республикалық бастамасын кеңейтудегі маңызды кезеңдердің бірі болды. Бүгінде жоба кітап оқуды күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру, кітап оқу мәдениетін нығайту және зияткер ұлт қалыптастыру жолында мемлекеттік органдарды, білім беру ұйымдарын, технологиялық серіктестерді және қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыруда.

Таңдаулы материалдар

Close