Basty bet
Күшіміз – жастардың бірлігінде!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жастарға басымдылық берді. Ел Президенті Жолдауда күшіміз – жастардың білімінде екендігін баса айтты. Сондай-ақ, жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі екендігін жеткізді. «Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді» деді ел Президенті.
Ауданымыздағы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағыты 2015 жылғы 9 ақпандағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк жастар саясаты туралы Заңы және «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы аясында өз деңгейінде жүргізілуде. Заңның мақсаты жастардың ойдағыдай әлеуметтенуіне, олардың әлеуетін елді одан әрі дамытуға бейімдеуге бағытталған мемлекеттік жастар саясатының тиімді моделін қалыптастыру.
Осыған орай, аудан жастарының атқарып жатқан жұмыстары туралы және биылғы жылға жоспарлаған жұмыстары жөнінде білу үшін аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Телеушовпен сұхбаттасқан едік.
-Мейіржан Бегасылұлы, ауданымыздағы жастардың саны қанша? Жастардың жұмыспен қамтылуы және жұмыссыз жастар туралы сөз қозғасақ?
-Жалпы ауданда статистикалық көрсеткіштер бойынша 2022 жылы тұрғындар саны 52 990 адамды құраса, оның ішінде жастардың саны 13 924 адамды құрайды. Экономикалық белсенді жастар – 13 738. Оның ішінде мектеп оқушылары – 3 576, білімгерлер – 3 336, NEET санатты жастар – 53, мүмкіндігі шектеулі – 116, пробация қызметіндегі есепте тұрғандар – 11 жас, сотты болғандардың арасында 6 жас бар.
Өзіңіз айтып отырғандай, аудан жастарын жұмыспен қамту бойынша, өткен жылдың есептік кезеңіне дейін аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығына барлығы – 1 879 жас жұмыссыз ретінде тіркелген, 566 жас тұрақты жұмысқа, қоғамдық жұмысқа – 113 жас, 154 жас «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша және 40 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған. Одан бөлек, 29 жас қысқа мерзімді оқу курстарына жіберілсе, «Бастау» курсынан 742 жас өткен және 130 жас қайтарымсыз грант қаражатын жеңіп алса, микронесиені 5 жас алған. 100 жас «Жасыл-Ел» бағдарламасына жұмысқа тартылып, жұмыссыз жастар саны – 15-ті құраған болатын.
-Жаңадан отбасын құрған жас отбасылар, мемлекеттік бағдарлама негізінде жұмысқа орналасқан және кәсіп ашып өз ісін жүргізіп отырған жастар туралы не айтасыз?
-Мемлекеттік қызметтегі 29 жасқа дейінгі жастардың саны – 48 адам. Өткен жылдың есептік кезеңіне дейін аудан бойынша 176 жас отбасы неке құрып, оның ішінде неке бұзғандар қатарына екі жас тіркелген. 2022 жылдың желтоқсан айына дейін әскер қатарына көктемгі, күзгі іріктеуге 500 жас шақырылып, бүгінгі күні 159 жас әскерге аттанған.
Кәсіпкерлік саласы бойынша айтар болсақ, өткен жылы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына 854 жас өз кәсіптерін ашып тіркелген. 2022 жылы бес жасқа шағын кәсіпкерлікті дамытуға несие берілсе, 130 жасқа қайтарымсыз 159 276 000 теңге гранттар берілді. Сондай-ақ, аудандық кәсіпкерлік палатасында кәсіпкерлікке баулу мақсатындағы «Бастау» курсынан 742 жас өтіп, білімдерін шыңдап, сертификаттарға ие болды.
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен 52 маманға 100 (жүз) еселік айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы және 36 маманға баспана алуға 1 500 еселік айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада бюджеттік кредит беру шаралары ұсынылды.
«Жасыл-Ел» бойынша, 2022 жылы NEET санатындағы жастар және жұмыссыз жастар тартылды. Одан бөлек, «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің жастарды ақпараттандыру және мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында 3 412 жасқа кеңестер берілді. Сондай-ақ, ерікті жастармен бірлесе отырып түрлі шаралар атқарылып келеді.
– Аудан жастары арасындағы қылмыстың, нашақорлыққа салынудың және өз-өзіне зиян келтірудің алдын алу бойынша қандай жұмыстар жүргізілді?
– 2022 жылдың желтоқсан айына дейін ауданда барлығы 116 қылмыстық іс тіркелсе, оның ішінде 26 дерек жастардың қатысуымен орын алып отыр. Оның ішінде, 12 – ұрлық, екеуі жол көлік оқиғасы, төрт – бұзақылық, үш – есірткі затын тұтыну, екі – масаң күйінде көлік жүргізу, бір – өзгенің затын иемдену, бір – алимент төлеуден жалтару және бір – зорлау деректері тіркелген.
Аудандық ауруханаға нашақорлық бойынша есепке сегіз жас тіркелсе, алкоголизм бойынша 5 жас және өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша 7 жас тіркелген.
2022 жылдың 11 айында жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 84 іс-шара өткізілген. Сондай-ақ, Б.Момышұлы ауылы және ауылдық округтерде 50 түнгі рейдтік жұмыстар жүргізіліп, 1800-ге жуық жас қамтылды.
«Жастар ресурстық орталығы» және «Жастар денсаулық орталығы» мекемелерінің нашақорлықтың және өз-өзіне зиян келтірудің алдын алу мақсатында да түрлі іс-шаралар ұдайы өткізіліп отырады.
-Ағымдағы жылға жастар орталығы қандай жоспарлар қойып отыр? Сол туралы кеңінен әңгіме қозғасақ.
-2023 жылдың жылдық жұмыс жоспарына сәйкес, көптеген ауқымды шаралар өткізу жоспарлануда. Атап айтар болсақ, «Жігіт сұлтаны», «Жуалы аруы – 2023», «Ақ босаға», “Толағай” жас отбасылар сайысы, «Бірлігі жарасқан, ел аман бол!» атты этнос өкілдерінің фестивалі, «Асыл әжелер» атты әжелер арасындағы байқау, «Шахмат – ақыл-ой спорты», 12 тамыз «Жастар күні» мерекесіне орай облыстық спартакиада, «Қыздарға әсемдік жарасады» атты этнос өкілдері қыздары арасында сұлулық байқауы, «Жайдарман» финалдық сайыстары, «Тарихы терең – Жуалы» атты жастар арасында бейне бақылау өткізбек ниеттеміз. Сонымен бірге, «Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры», М.Жұмабаевтың туғанына – 130 жыл толуына орай жас ақындар мүшәйрасы, «Жуалы жайсаңдары» атты жастар сыйлығы, Ш.Құдайбердіұлының 165 жылдық мерейтойына орай «Шәкәрім өсиеті – адалдық айнасы» атты интеллектуалды сайыс, Махамбет Өтемісұлының туғанына – 220 жыл толуына орай жас ақындар мүшәйрасы, «Менің арманым» атты сурет салу байқауы, «Үздік маникюр», «Үздік визажист», «Профи – 2023», «Енелер» клубы мшелерімен «Отбасы – бақыт мекені», “Жас әкелер” клубымен «Әке – отбасының тірегі» атты кездесу, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздеріне – 30 жыл толуына орай «Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздіктің нышаны!» тақырыбында акциялар, челлендждер, кездесулер сапалы әрі жоғары деңгейде өткізу жоспарлануда.
– Сұхбатыңызға рақмет! Жұмысыңызға табыс тілеймін!
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
“Жаңа өмір”