Basty bet
ҰБТ-ның «БАҒЫ мен БА-БЫ»
Ұлттық бірыңғай тестілеу – Қазақстан Республикасында орта білім беру ұйымдарын бітірген түлектердің білім деңгейін бағалау мен жоғары оку орындарына түсу мүмкіндігін анықтайтын маңызды емтихан жүйесі. Бұл ҰБТ жүйесі елімізде 2004 жылы енгізілді.
ҰБТ түлектерге өз білімін дәлелдеуге мүмкіндік береді және жоғары оқу орнына әділ жолмен түсуге жағдай жасайды. Ауданның 2024 – 2025 оқу жылын аяқтайтын мектеп түлектері үшін үлкен сынақ қаңтар айында басталды. Қазіргі таңда ҰБТ жылына бес рет өткізіледі: Ақылы оқуға түсу үшін – қаңтар, наурыз, тамыз айларында; Негізгі (мамырдан шілдеге дейін) – грантқа түсу үшін 2 рет тапсыруға болады.
Біз қазіргі таңда ұлттық бірыңғай тестілеудің қалай өтіп жатқаны жайлы аудандық білім бөлімінің әдіскері, ҰБТ-ға жауапты маманы Бауыржан Ашекеевпен әңгімелескен болатынбыз.
-Мектеп бітіруші 638 оқушының 2025 жылдың қаңтар айында 98 пайызы, яғни 580 оқушы ҰБТ-ға қатысып, 65 пайыз білім сапасын көрсетіп отыр. Ал (2024 жыл – 96 пайыз оқушы тіркелген, 74 пайыз білім сапасы, 9 пайызға жоғары).
Наурыз айында 547 оқушы тіркеліп, 89 пайыз оқушы қатысты. Білім сапасы 70 пайызды құрады. (2024 жыл – 86 пайыз оқушы тіркелген, 67 пайыз білім сапасы, 3 пайызға төмендеген). Білім сапасы былтырғы жылмен салыстырғанда үш пайызға өскен. Аудандағы ҰБТ – ға қатысатын 28 орта мектепте жалпы саны 40 рет қағаз түрінде, 114 рет электронды түрде байқау сынама тестері алынды. Алынған сынама тесттерінің нәтижесі бойынша 68 пайыз білім сапасын көрсетіп отыр. Мамыр айындағы ҰБТ-ға 618 оқушы тіркеліп, оның 598 қазақ бөлімі, 20 оқушы орыс бөлімі бойынша тест тапсырады. Бұл жалпы оқушылардың 96 пайызын құрап отыр.
Соңғы қоңырау салтанатты жиынының 23 мен 24 мамыр күндері өтуіне байланысты, 23 мамырдағы ҰБТ 25 мамырға, ал 24 мамырдағы 1 маусымға ауыстырылды. Яғни, 23 мамырға тіркелген оқушылар 25 мамыр күні, 24 мамырға тіркелген оқушылар 1 маусым күні тапсырады. Бұл туралы білім бөліміне қарасты білім мекемелеріне ескерту хат жіберілді. Биыл Алтын белгіге үміткер саны – 24 оқушы, Үздік аттестатқа үміткер саны – 72 оқушы.
Ал, қаңтар айындағы ҰБТ қорытындысы бойынша төмендегі мектептің оқушылары жоғары көрсеткіш көрсетті: Ы.Алтынсарин, Қ.Қошмамбетов, Т.Тастандиев, М.Әуезов, Б.Момышұлы. Наурыз айындағы қорытынды бойынша: М.Әуезов, Көктөбе, М.Ломоносов, Т.Тастандиев, Б.Момышұлы мектептерін атап айтсам болады,-деді білім бөлімінің әдіскері.
Бұл соңғы нақты мәлімет емес, өйткені көрсеткіш әлі де өзгереді дейді білім бөлімінің мамандары.
Тағы да айта кететін жайт, өздерініз білетіндей жылда мектеп бітіруші түлектердің соңғы қоңырау салтанатына бірдей киім тіктіруі, мектепке және ұстаздарына сыйлық жасауы, әртүрлі бағытта демалыстар ұйымдастыруы тым өрескел көрінеді. Өйткені бұл жерде барлық ауыртпашылық ата-ананың қалтасындағы қаражатқа түседі. Одан қалса бітіруші түлектер аудан орталығындағы көшелерде машинамен шеру жасайтындары тағы бар. Ол көріністі суреттер болсақ, тізбектелген жеңіл көліктерде түлектер машина терезесінен денесін шығарып, қолдарын көтеріп келе жатқаны көрінеді. Ал, бұл жердегі ең басты мәселе олардың қауіпсіздігі. Тіпті, түлектер қарсы жолға шығып кетіп, жол көлік оқиғасына да қауіп келтіреді. Сол үшін қазірден бастап, мектеп директорлары, ата-ана, мектеп психологтары және учаскелік полиция инспекторлар барлығын қадағаласа, өрескел оқиғаларға жол берілмес деген ниеттеміз. Мектеп бітіруші түлектердің алдында бір мақсат тұр, ол білім ошағын жақсы көрсеткішпен аяқтап, Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағынан сүрінбей өтуі.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»