Basty bet
Қалың қардағы қарбалас
Тосын табиғаттың айтпай келетін құбылыстарына амал бар ма?! Өткен аптаның сейсенбі күні кешқұрым ауа райы күрт бұзылып, алдымен қатты дауыл тұрып, мұның арты төпелеп жауған нөсер жауынға ұласты. Ал сәрсенбіге қараған түні жауып басталған ақ ұлпа қар жерге түскен сәтте-ақ қалыңдай түсіп, тоқтамай жауған қалың қардың салдарынан көшелерді қар жамылғысы басып, көше жолдары мен қоғамдық орындарда тұрғындар мен автокөліктердің жүріп-тұруы қиындай түскені белгілі. Қыстың сәні қалың қар мен шытынаған аяз емес пе?! Қар – табиғаттың сыйы. Қардың мол жауғаны жақсы-ақ. Бір жағынан мұның тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне қиындығы мен тигізер орасан зардабының бар екенін де ұмытпаған жөн сияқты…
Сонымен, қалың қар жауған сол күндері біздің ауданда жағдай қандай болды?! Ең алдымен осыған тоқталайықшы. Сәрсенбі күні қардың аз ғана қалыңдығы көлік қозғалысына аса бір қиындық тудыра қоймағанымен, ал, бейсенбі күні қалың қардың салдарынан аудан орталығында көлік қозғалысы қиындап, тұрғындардың жүріп-тұруы қиындай бастады. Әсіресе, ауданның орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында қозғалысқа ыңғайлы саналатын басты көшелерде автокөлікпен жүріп-тұру қиындап, тұрғындардың дені көбінесе барар жеріне жаяу қатынады. Көше жолдарының бойы сүрініп-қабынған жаяу жүргіншілерден көрінбейді. Мекемелерде жұмыс істейтіндері таңертең уақтылы жұмысқа барулары керек, нәпақасын сауда-саттық жасап базардан тауып жатқан тұрғындар да көптеп саналады. Жолаушылар да межелі орындарына аман-есен жетулері керек емес пе?! Ал мұндай жағдайда тосыннан басы ауырып, балтыры сыздаған науқас адамдардың жағдайы қалай болатынын өзіңіз де бағамдап отырған боларсыздар….
Аудандық орталық ауруханаға барар көше жолдарының бойында да жағдай дәл осындай болғаны анық. Б.Момышұлы ауылының (орталық аурухананың аймағы) Төле би көшесінің бойындағы қозғалысты да айтпай кетуге болмайды. Автокөліктер былай тұрсын, жаяу жүргіншілердің жүріп-тұруы қиын болды. Жалпы қандай жағдайда да қозғалыс, тіршілік тоқтап қалмайды…
Ендігі кезекте көше жолдарының жағдайына келсек, екі күн бойы тоқтамай жауған қар автокөліктердің дөңгелегінен жолдың табаны әбден тапталып қалған. Көшелердің кейбір тұстарында екі автөкөлік қатар келсе сыймайды. Осыдан келіп жол бойларында ұзын-сонар көлік кептелісінің пайда болғанын да көзіміз көрді. Ал аптаның бейсенбі күні түстен соң қардың жаууы аздап басылып, сәлден соң сулы мұздақ жауып, алдында жауған қалың қарды одан сайын тығыздап, ауырлатып тастағаны анық. Ал жұма күнгі жағдайдың қолайсыздығы тіпті басқаша өрбіді. Сол күні таңертеңнен көшенің бойындағы қар су боп езіліп, жаяу жүргіншілердің жүріп-тұруына одан сайын кедергі келтіріп, автокөліктің қозғалысын тіпті қиындатып жіберді.
Көше жолдарын тазалауға байланысты аудан орталығындағы жекелеген көшелердің тұрғындары бұл жағдайға наразылық білдіріп, оған жауапты – «Жуалы-Су» мекемесіне және Б.Момышұлы ауылының әкімшілігіне толассыз хабарласқандарын айтады.
Жұма күні біз де аудан орталығындағы нақты жағдайды бағамдау үшін бірқатар көшелерді көлікпен аралап шықтық. Жамбыл, Д.Қонаев, Н.Тұрысов, Рысбек батыр, Төле би, Парасат және орталық базар аймағындағы көшелерде көлік қозғалысы қиын болды. Аудандық орталық ауруханаға барар көше жолдарында да дәл сондай. Көшелердің бойы ары-бері қатынаған ығы-жығы адам, көлік күткен жолаушылардың қарасы көп. Бәрінің наразылығы біреу, ол – көше жолдарының қардан уақтылы күрелмеуі.
Бұл мақаланы дайындау барысында сол күндері орын алып, өткен аптадағы қалың қар кезіндегі қарбаласта аудан тұрғындарының наразылығын тудырған кейбір қолайсыз жағдайларды нақты фактілермен көрсетіп жазуға тырысып, ешкімге орынсыз кінә тағуды мақсат етпегенімізді баса айтқымыз келеді. Біздікі – тосын табиғаттың осындай «тосын» құбылыстары барлымызға сабақ болсын деген ізгі ниеттен туған әрекет.
Тосын табиғаттың айтпай келетін құбылысына не дерсің?! Халқымыз кез келген қиындық пен күрделі кезеңді тек қана ынтымақ, ауызбірлікпен, тізе қосып, күш біріктіру арқылы еңсеріп келе жатқанын жақсы білеміз. Өткен аптада өңірде екі күн бойы тоқтаусыз жауған қардың қалыңдығы шамамен бір метрге жуықтағанын ескерсек, аудан орталығындағы жағдайды қайтадан қалыпқа келтіріп, көшелер мен жаяу жүргіншілер жолын қардан тазалау жұмыстары өткен жұма күні қарқын алды. Бұл іске орталықтағы мекемелер мен мектеп, т.б. қызметкерлері жедел жұмылдырылып, аудан жастары мен еріктілердің көмегімен жалғызбасты қарттар мен басқа да көмекке мұқтаж жандардың үй аулалары қардан тазаланып, бұл бағытта басқа да игі істер атқарылды. Мұның барлығы қоғам үшін және адамдар арасындағы мейірімділікті нығайтатын өте игілікті іс саналады.
«Күннің жаманы кетер, адамның жаманы кетпес» деген. Қалың қар жауып, өңір тұрғындарына қиындық тудырған мұндай жағдайлар бұрын да болған. Бұл – табиғаттың тосын құбылысы. Осындай қиын күндерде адамдар бір-біріне қол ұшын созып, орын алған жағдайды қалыпқа келтіруге бірлесе отырып күш біріктіргенде ғана кез келген қиындықты жеңе алатынымыз анық. Бұл жолы өңірге жауған қалың қар қызметтік құрылымдардың қысқы кезеңге нақты дайындығын іс жүзінде тағы бір сынап, кез келген жағдайға дайын болу керектігін қатаң ескерткендей…