Basty bet

Діни сенім бостандығы және заң талаптары

Дін – мемлекеттік саясат пен қоғам азаматтарының рухани өмірінде маңызды орын алатыны белгілі. Себебі, кез-келген мемлекеттің қалыптасуында, діннің тәрбиелік және әлеуметтік маңызы зор сана түрі ретінде қызмет атқарады. Сонымен қатар, дін мәдениеттер мен өркениеттердің дамуына да елеулі ықпал еткен. Өйткені, дін дегеніміз – тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, моральдық нормалар, қарым-қатынас әдебі, рухани қағидалар жүйесі. Дін, өнер және ғылым – бір ағаштың бұтақтары.
Діни сенім бостандығы туралы түсінік адамзат тарихында ежелден келе жатқан, бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтпаған мәселелер қатарына жатады. «Ар-ождан бостандығы» ұғымы «діни сенім бостандығы» түсінігінің даму нәтижесінде қалыптасқан. Ар-ождан бостандығы – ең алдымен жеке адамның кез келген идеологиялық бақылаудан бостандығын білдіретін адамның негізгі жеке құқықтарының бірі, әркімнің рухани құндылықтар жүйесін өз еркімен таңдау құқығы. Ар-ождан бостандығы адамның абсолюттік құқығы болып табылады. Конституция – елді зайырлы мемлекет ретінде орнықтырады және діни сенім бостандығын қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасының Конституциясы әрбір адамның ар-ождан және діни сенім бостандығына кепілдік береді, сондай-ақ, конфессиялық, этникалық және басқа да белгілері бойынша кемсітушіліктің кез келген түріне тыйым салады.
Қазақстан – зайырлы мемлекет. Алайда, бұл ұғым діни сенімнен бас тарту немесе руханиятты елемеу дегенді білдірмейді. Дін мен заң бөлек қаралса да, дін мен қоғамды бір-бірінен оқшаулау мүмкін емес. Бірақ әрдайым белгілі бір тепе-теңдікті сақтау қажет. Ол үшін азаматтардың заңға келгенде де, дінге келгенде де сауатты болуы керек.
Сенім – жүрекке орнаған құндылық. Ал, заң – сол сенімнің шектен шықпай, өзге азаматтардың құқығына нұқсан келтірмеуін қамтамасыз ететін құрал. Осы екі ұғымның арасын нақты ажыратып, өзара шекарасын білу құқықтық сана мен мәдениеттің белгісі. Өкінішке орай, мұндай сана бәрінде бірдей қалыптасқан дей алмаймыз. Кейбір азаматтар өздерінің діни сенімдерін заңнан биік қояды, ал кейбірі мүлде дінге қатысты құқықтарын білмейді
Мысалы, Конституция әрбір азаматқа ар-ождан және діни сенім бостандығына кепілдік береді. Әрбір адам өз сеніміне сай дінді ұстануға, таратуға немесе мүлде дінсіз болуға құқылы. Бірақ, бұл бостандық шекарасыз емес. Ол басқа адамның құқығы мен еркіндігі шектелмеген жағдайда ғана жүзеге аса алады. Осыны түсінсек, дін мен құқық арақатынасы түсінікті бола бастайды.
Еліміздің зайырлылығы мемлекеттік билік органдарының діни наным-сенімге көзқарасын айқындайды. Зайырлы мемлекетте мемлекеттік билік дін және діни бірлестіктерден бөлінген. Мемлекет дін ісіне, ал дін және діни бірлестіктер мемлекет ісі мен саясатқа араласпайды.
Қазақстан көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет болғандықтан, елімізде түрлі дін өкілдері бейбіт өмір сүріп келеді. Мемлекетіміз азаматтардың діни сеніміне құрметпен қарай отырып, барлық конфессиялар үшін тең құқықтық жағдай жасауды мақсат тұтады.

Керімхан Төреқұлов,
аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы

Таңдаулы материалдар

Close