Basty bet

Татулықтан асқан құндылық жоқ

Өмірдің мәні – адамдардың бір-біріне деген жанашырлық ақ пейілдері мен шынайы ықыластарында. Әлемді мейірімділік, ризашылық, сүйіспеншілік пен риясыз сезім мен әдемі үйлесімділік ұстап тұрғандай.

Тіршілікте жолымыз түзу болса, Алла бәрін береді. Сондықтан мейлінше қарапайым, кішіпейіл болуымыз керек.
Алғыс айту күнінің басты мәні – тарихи жадыны сақтау, ұрпақтар сабақтастығы мен іргесі берік негіздегі ел бірлігін нығайту. «Көңіл көңілден су ішетін» бұл күнді халқымыз асыға күтіп, ерекше жылылықпен қарсы алады. Алғыс айту күні – бірлік-ынтымақты ту еткен кең-байтақ елімізде тұрып жатқан сан алуан этносқа ортақ, шын мәнінде жалпыхалықтық мереке.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында: «Бізді қай заманда да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдірет – ел бірлігі. Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел. Түрлі жағдайларға байланысты қазақ жеріне әр кезеңде әртүрлі ұлт өкілдері көптеп қоныстанды. Қазақ халқы ешкімді жат көрмей, бауырына басты. Бүгінде олардың туған жері де, Отаны да – Қазақстан. Біз көп этностық сипатымызды артықшылыққа айналдыра алғанымыз анық. Көптеген шетелдік сарапшының елімізге қатысты «Еуразиядағы шырпы тисе, лап еткелі тұрған қурай», «failed state» сияқты болжамдарын жоққа шығардық.
Ешкімді бөле-жарған жоқпыз. Бәрінің өсіп-өнуіне толық жағдай жасадық, бірдей мүмкіндік бердік. Біздің ұлтаралық келісім саясатымыз әлемді мойындатты. Халқымыздың осындай ырыс-ынтымаққа негізделген жарасымын бағалай білуіміз керек. Бұл – келешекке бастайтын бірден-бір дұрыс жол», деп жазды.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керектігін айта келіп, «Мысалы, Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады» деген еді. Бүкіл еліміз болып атап өтіп жатқан Алғыс айту күні де осындай құндылықтарымыздың ажырамас бөлшегі екені рас.
Ел сүйсінтер бірлік бар жерде ғана берекелі тірлік болады. Елімізде өзге ұлт өкілдері де еліміздің дамуына үлес қосып, талмай еңбек етіп келеді. Барлығымыздың ортақ мақсатымыз – ел іргесінің шайқалмауы, ел-жұрт сенімінің сетінемеуі.
Бүгінде қазақ даласының, Қазақстан халқының ауыр да азапты тарихынан бейхабар кей жастар адамды ұлтына қарай бағалайтын болып жүр. Нашар ұлт болмайды, нашар адам болады. Бізді біріктіріп тұрған тамырлы тарих, ортақ тағдыр. Бүгінгі жастар осыны ұғынуы, түсінуі керек.
Жақсы өмір жақсы ойдан, жақсы іс-әрекеттерден тұрады. Дана халқымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп әлдеқашан айтқан. Әлемде қай мемлекетте болсын бейбітшілік пен келісімге, этностар арасындағы шынайы ризашылыққа, аппақ пейілге, алғаусыз алғысқа ештеңе тең келмейді.
Қарапайым халық арасындағы бір-бірін жақсылыққа шақыру, татулыққа үндеу, бейбітшілікті насихаттау сияқты үрдістер бізбен қатар, болашақ ұрпаққа да пайдалы дүние деп білемін. Қай кезде де адамдар бір-бірін құрметтеп, бір-біріне алғыс айтып жүргенде ешқандай да келіспеушілік болмайды деп ойлаймын. Ондай елге Құдайдың да мейірі төгіледі. Алла барлығын халықтың пейіліне береді. Сондықтан бұл күнгі мейірбандық осы күнмен шектелмей, жыл бойына жалғасуы керек.
Отанды сүю, елге, жерге деген патриоттық сезім – ата-анаңды, бауырларыңды, алтын ұя мектебіңді, туған ауылыңды сүюден басталады. Әр отбасында мейірім, махаббат, сүйіспеншілік пен өзара үйлесімділік болса, елімізде де ауызбіршілік болады.
Баршамызды бірлік пен мейірімге үндейтін мерекеміз – Алғыс айту күні құтты болсын!
Алла тағала еліміз бен жерімізді түрлі сынақтан сақтап, халқымызды аман еткей. Деніміз қуатты, әр күніміз шуақты болсын!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close