Basty bet

Конституция – Отанның алтын арқауы

Адамзат баласының өмір сүруі белгілі бір заңдылықтарға бағынатыны сияқты ғаламшарды мекен еткен әр мемлекеттің де негізгі заңы болуы шарт. Ол заңның барлық тілдердегі мойындалған атауы – Конституция.

Еліміз 1995 жылы өзінің талғам-талқысынан өткен басты құжаты Конституциясын жүрек қалауымен қабылдады. Жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Конституция біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Қастерлі құндылығымыздың қағидаттарын бұлжытпай орындаудың нәтижесінде біз қысқа мерзімде мызғымас мемлекетімізді орнатып, Тәуелсіздігімізді тұғырлы еттік.
Ата Заңымыздың қабылдануы, мемлекеттік рәміздеріміз Елтаңба, Туымыз бен Әнұранымыздың бекітілуі, ұлттық валюта теңгенің енгізілуі Қазақстан мемлекетінің қалыптасуының аса маңызды кезеңдері болды.
30 тамыз – Конституция күніне орай аудандық орталық кітапхананың «Білім орталығы» залында абономент бөлімінің кітапханашысы Шарифат Қаниеваның ұйымдастыруымен «Конституция – Отанның алтын арқауы!» атты құқық сағаты өтті.
Шараның мақсаты – Ата Заңның бағасын білу, жас ұрпақты еліміздің басты құжатын құрметтеуге және ұғым түсініктерін қалыптастыру, онда бекітілген баланың негізгі міндеттері мен құқықтары атты тараулармен таныстыру. Сонымен қатар, оқырмандарға адамның – ең қымбат қазына екендігін, оның өмірімен, құқықтарымен таныстыру, шығармашылық қабілетін дамыту.
Құқық сағатының шымылдығы Мемлекеттік Әнұранмен түріліп, шара барысында, №12 М.Әуезов атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Карина Ғани Мемлекеттік рәміздер: Елтаңба, Ту және Әнұранның шығу тарихы туралы ақпараттарымен бөлісті. Ал, аудандағы №1 мектеп-гимназияның қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, жас маман Арман Әбдіжапаров қазақ тілінің байлығы туралы тереңінен сыр шертті. Әрі қарай, тақырыпқа сай дайындалған бейнеролик көрсетілген соң, «Азат елдің ар-намысы – Ата Заң» атты кітап көрмесіне аудандық орталық кітапхананың көзі көрмейтін және әлсіз көретін бөлімнің кітапханашысы Аида Шәкір шолу жасады.
Жиынды аудандық орталық кітапхананың бірыңғай қорларды пайдалану бөлімінің меңгерушісі Мәрзия Сатыбалдықызы қорытындылап, қатысушылар «Атамекен» әнін хормен орындады.

 

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close