Basty bet

«Тәртіп – тән үшін, ынтымақ – жан үшін керек!»

негізгі мақсат – заңды қатаң сақтап, қоғам қауіпсіздігін мейлінше қамтамасыз ету

«Тәртіп – тән үшін, ынтымақ – жан үшін керек. Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды». Бұл – даңқты қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлының жас ұрпаққа қалдырған нақыл сөздері. Тәртіпке бағынып, ел дамуына жанашырлықпен атсалысу – әрбір отандасымыздың міндеті. Олай болатыны, тәртіп пен талап болмаған кез келген қоғамда ешқандай даму да, ешбір алға ілгерілеу де болмайтыны анық…
Заң мен тәртіпті қатаң сақтау, сол арқылы қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, қауіпсіз мемлекет құру мәселесі алдымызда тұрған маңызды міндеттердің бірі екені анық. Әділетті әрі құқықтық мемлекет құру үшін мұның барлығын сақтау ел дамуындағы негізгі міндеттердің бірі десек, артық емес.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған 2024 жылғы Жолдауында: «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Тағы да айтамын: біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек» деген Президенттің парасатты пайымы мемлекет пен халық қауіпсіздігінің және қоғамда заң үстемдігін орнатудың негізгі өлшемі десек те болады. Президент ерекше атап өткендей, қоғамдағы маңызды құндылықтардың ең негізгісі – Заң және Тәртіп. Заңның алдында – бәрі бірдей. Бұл – баршаға ортақ мызғымас қағида.
Президенттің: «Мен еліміздің даму бағдары туралы пайымдарымды үнемі айтып жүрмін. Соны тағы да қайталағым келеді. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз.
Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз. Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет» деп атап өткенін жақсы білеміз.
Президент ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында құқық қорғау органдарында бірқатар жүйелі жұмыстар қолға алынып, ұйымшылдықпен атқарылып келе жатқаны белгілі.
Жамбыл облысының полиция департаментіне қарасты Жуалы аудандық полиция бөлімі «Заң және тәртіп» қағидатын қатаң басшылыққа ала отырып, бұл бағытта бірқатар жүйелі жұмыстар да атқарылған. Аудандық полиция бөлімінің 2026 жылдың 5 айымен атқарған жұмысының қорытындысына тоқталсақ, есепті кезеңде құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмыстарды ашу, іздеудегі қылмыскерлерді анықтау және ұстау, қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы жоспарлы жұмыстар жүргізгенін айта кеткен жөн. Қызмет көрсету аумағында жедел жағдай тұрақты бақылауда ұсталып, азаматтардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылды.
– Есепті кезеңде аудандық полиция бөлімінде барлығы – 30 қылмыс тіркеліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, қылмыс саны – 49-дан 30-ға дейін немесе 38,8 пайызға төмендеді. Тіркелген қылмыстардың 15-і өндіріспен аяқталып, ашылу деңгейі 60 пайызды құрап отыр.
Қылмыс құрылымына талдау жасағанда ауыр қылмыстар санының – 9-дан 6-ға дейін төмендегені байқалады. Ауыр қылмыстар бойынша 7 іс аяқталып, ашылу көрсеткіші 77,8 пайызды құрады. Аса ауыр қылмыстарға жол берілген жоқ. Орташа ауырлықтағы қылмыстар – 12-ден 4-ке дейін азайып, онша ауыр емес қылмыстар – 15-тен 7-ге дейін төмендеді. Қылмыстық теріс қылықтар саны өткен жылдың деңгейінде қалып, 13 деректі құрады.
Есепті кезеңде адам өлтіру, қасақана денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактілері тіркелген жоқ. Бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша 4 дерек тіркеліп, олардың басым бөлігі бойынша тиісті процессуалдық шешімдер қабылданды. Алаяқтық қылмыстары бойынша 6 дерек тіркеліп, оның ішінде, интернет-алаяқтықтың 2 фактісі орын алған. Интернет кеңістігінде жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында халық арасында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұзақылық қылмыстары бойынша жаңа деректер тіркелген жоқ,- дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Сәбит Мамытбеков.
АПБ-ның бастығы өз сөзінде, өткен жылдардағы және бұрын жасалған қылмыстарды ашу жұмыстары тұрақты бақылауда тұрғанын айтып, есепті кезеңде өткен жылдары жасалған бір алаяқтық қылмысы ашылған. Сонымен қатар, соңғы жылдардан қалған ашылмаған қылмыстық істерге талдау жүргізіліп, перспективалы қылмыстар бойынша жедел-тергеу жұмыстары жалғасуда.
Іздестіру бағытында қазіргі таңда 5 тұлға іздеуде тұр. Оның ішінде 3 тұлға қылмыс жасағаны үшін, 2 тұлға хабар-ошарсыз жоғалғандар санатында есепте тұр. Есепті кезеңде жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде бір хабар-ошарсыз кеткен азаматтың жүрген жері анықталып, іздеу тоқтатылды. Сонымен қатар, іздеуде жүрген бір тұлға анықталып, ұсталған. Экстремизмге қарсы күрес бағытында аудан аумағында тұрақты түрде жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Экстремистік мазмұндағы материалдар анықталған жоқ. Радикалды діни көзқарастарды ұстанатын тұлғалар профилактикалық бақылауда тұр. Осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалу деңгейін тексеру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде.
– Есірткі қылмыстарына қарсы күрес саласында есепті кезеңде есірткі өткізумен байланысты қылмыстар тіркелген жоқ. Алайда жүргізілген жұмыстар барысында есірткі заттарын заңсыз сақтау бойынша 4 қылмыстық теріс қылық анықталды. Заңсыз айналымнан 260 грамнан астам кептірілген марихуана тәркіленді. Қызметтік-іздестіру иттерін пайдалана отырып 171 тексеру іс-шарасы жүргізілді.
Тергеу және анықтау бағытында жалпы өндірісте 83 қылмыстық іс болған. Оның ішінде 54 қылмыстық іс аяқталып, көрсеткіш облыстық орташа деңгейден жоғары қалыптасты. 21 қылмыстық іс сотқа жолданды. Жеделдетілген өндіріс тәртібімен аяқталған істердің саны артты. Тергеу мерзімдерінің сақталуы мен қабылданған шешімдердің заңдылығы тұрақты бақылауда ұсталды.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында аудан аумағында кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізілді. «Құқықтық тәртіп», «Қауіпсіз жол», «Борышкер», «Тұрмыс», «Есептегі элемент», «БОМЖ», «Кашар» және басқа да жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізілді.
Нәтижесінде қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар – 57,1 пайызға төмендеді. Көшелерде жасалған қылмыстар да 57,1 пайызға азайды. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған қылмыстардың саны едәуір төмендеді. Мас күйінде жасалған қылмыстардың саны өткен жылмен салыстырғанда, 62,5 пайызға азайды. Сонымен қатар, сотты болған тұлғалармен жасалған қылмыстардың өсуі байқалады. Осыған байланысты профилактикалық есепте тұрған азаматтармен жеке жұмыстар күшейтіліп, олардың тұрғылықты мекенжайлары тұрақты түрде тексерілуде,- дейді Жуалы АПБ-ның бастығы, полиция полковнигі Сәбит Мамытбеков.
Тәртіп дегеннен келіп шығады. Қоғамда тәртіпті сақтап, заңдылықты қамтамасыз ету бағытында кәмелетке толмағандармен жүйелі жұмыс жүргізудің де маңызы өте зор. Бұл ретте ауданда кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Есепті кезеңде кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар тіркелмеген. Аудан аумағындағы білім беру ұйымдарында барлығы – 178 профилактикалық кездесу өткізіліп, жасөспірімдер арасында буллинг, лудомания, интернет қауіпсіздігі, жол қозғалысы ережелері тақырыптарында түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылған.
«Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында аудан аумағында профилактикалық жұмыстар жалғастырылды. Есепті кезеңде 21 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол-көлік оқиғаларының жалпы саны төмендегенімен, қаза болған адамдар санының өсуі алаңдаушылық туғызады. Осыған байланысты республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда бақылау күшейтілді.
Жолдардың жай-күйіне 176 зерттеу жүргізіліп, анықталған кемшіліктер бойынша уәкілетті органдарға нұсқамалар жолданды. Жол қауіпсіздігі талаптарын орындамаған лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік практика бағытында 4 230 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде, 1 994 құқық бұзушылық жол қозғалысы қауіпсіздігі саласында тіркелді. Әкімшілік айыппұлдардың өндіріп алыну деңгейі – 79,5 пайызды құрады.
Көші-қон қызметі бойынша 256 шетел азаматы уақытша тіркеуге алынды. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 32 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 9 шетел азаматы ел аумағынан шығарылды. Заңсыз көші-қон арналарын ұйымдастыру және мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту фактілеріне жол берілген жоқ.
Жеке құрам арасында заңдылық пен қызметтік тәртіпті сақтау мәселелері тұрақты бақылауда. Есепті кезеңде сыбайлас жемқорлық қылмыстарына жол берілген жоқ. Қызметтік тәртіпті бұзған қызметкерлерге қатысты заң талаптарына сәйкес шаралар қабылданды. Жалпы алғанда, 2026 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша Жуалы аудандық полиция бөлімінің негізгі қызметтік көрсеткіштері бойынша оң нәтижелер қалыптасты деп айтуға болады. Қылмыс деңгейінің төмендеуіне, қоғамдық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуіне және профилактикалық жұмыстардың тиімділігіне қол жеткізілді. Сонымен қатар, қылмыстардың ашылу деңгейін арттыру, өткен жылдардағы қылмыстарды ашу, жол-көлік оқиғаларының ауыр зардаптарын төмендету және кадрлық әлеуетті нығайту бағытындағы жұмыстар жағастырылатын болады» дейді Жуалы АПБ-ның бастығы, полиция полковнигі Сәбит Мамытбеков.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close