Basty bet

Өмір салты мен ұстанымы – жас буынға үлгі-өнеге

Биыл саналы ғұмырында 80 жасты еңсерген еңбек ардагері Оразалы Күзембаевтың балалық шағы қасиетті Жуалы ауданының бір пұшпағындағы табиғаты көркем аймақ Шыңбұлақ тауының бауырында өтті. Онда әкесі Күзембай ақсақал сол маңдағы таудың қарауылы еді. Олар отырған қойнау Күреңбел аймағындағы бұрынғы «Чапаев» колхозы мен М.Горький колхозының дәл шекара тұсында орналасқан табиғаты көркем жер болатын.
Бала Оразалы жастайынан еңбекке, жалпы табиғатқа жақын болып өсті. Табиғатқа, жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне қызығушылығы оны кейіннен аңшылыққа, қасиетті өңірдің табиғатын кеңінен танып-білуіне және қоршаған ортамен етене жақын болуға алып келгені анық. Табиғатты аялауды, қоршаған ортаны, жалпы аң-құсты және өсімдіктер дүниесін көздің қарашығындай қорғауды өскелең ұрпақ табиғат тамыршысы атанған Оразалы сияқты аға буын жанашыр азаматтардан үйренсе игі…
Ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылының байырғы тұрғыны Оразалы ақсақалдың тағы бір қыры ретінде оның бау-бақша баптайтын бағбандығын баса айтуға болады. Ол біраз жылдан бері үй іргелік жерін тиімді игеріп, шағын ғана шарбақта бау-бақша дақылдарының біраз түрін өсіруді әдетке айналдырғанын айтады. Ерте көктемнен қияр мен қызанақтың, т.б. көкөністердің көшетін өз қолымен өндіріп, оны уақтысында жерге қондырып, үй іргелік жерінде жаз бойы күтіп-баптау – кәнігі бағбанның жылдағы дағдысы.

Бұл бір жағынан еңбек ету арқылы жастарға үлгі-өнеге көрсету болса, екінші жағынан денсаулыққа пайдалы экологиялық таза өнімді жыл бойы тұтынудың бірден бір кепілі.
Экологиялық өнімді өсіріп-өндіру үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Бұл үшін тек еңбек етіп, үй іргелік жерді тиімді пайдалансаң ғана жетіп жатыр. Бұл – қыстық азық қорын да жасаудың тиімді жолы саналады. Қарияның шарбағы ауылды кесіп өтетін үлкен сайдың жағасында орналасқан. Еңбекқор азамат Оразалы ақсақал бақшаны суғару үшін сайдан су шығарудың да тиімді тәсілін тапқан. Ол үшін үш бірдей су моторы іске толығымен жарап тұр. Шарбақтың сай жақ беті (күншығыс жағы) түгел алма бау. Оның ішінде, қыстық алма ағаштары көп. Одан беріректе орналасқан бақшалықта маусымдық дақылдардан картоп, құлпынай, таңқурай, қызанақ, қияр, сарымсақ, пияз, жүгері, т.б. көкөністер егіледі.
– Жалпы еңбек ету, табиғатқа жанашыр болу – менің өмірлік ұстанымым. Бала кезден ауылда тұрып, табиғатқа жақын болып өскенбіз. Марқұм әкемнің жанында жүріп көп нәрсені үйрендім, оның ішінде, туған жердің қасиетін танып, оның сыры мен жұмбағына қанықтым. Біле білгенге бұл ұлағатты тәрбие.
Аудан орталығында тұрақты тұрып жатқаныма жарты ғасырдан астам уақыт болды. Орталықта көп мекемеде жұмыс істедім. Негізгі жұмыс бір бөлек. Ал онымен бірге үйдегі тірлікті де бірге алып жүруің қажет. Онсыз болмайды. Мен негізінен үйде бау-бақша өсірумен айналысамын. Бұл – менің өмір салтым. Үйде балалар бар, немерелер желкілдеп өсіп келеді. Ұрпағым таза табиғатта өндірілген таза өнімді тұтынса деген ниет менікі.
Биыл да жылдағы әдетіммен бақшаға түрлі көкөністер егіп, баптап жатырмын. Биыл егілген жүгері ерекше болып шықты. Бойы да анағұрлым биік. Соталары да үлкен. Қанша жылдан бері бау-бақша баптап келемін. Жүгерінің мұндай тұқымын кездестірген емеспін. Бұл дақыл біраз күнде жеміс бермек.
Бау-бақша терең сайдың қабағында орналасқандықтан, мұнда ағын су әкелуге мүмкіндік жоқ. Суды тек мотормен тартып шығару қажет. Өкінішке орай, биыл өңірге жауын-шашын аз түскендіктен сайда да су аз. Бақшаны суғаруға үй жанындағы құдықтың суын пайдаланамын. Жалпы өзің сүйетін іспен айналысу адамға ерекше шабыт сыйлап, өмір сүруге күш-қайрат береді. Еңбекпен айналысу – адамның өмірге деген талпынысын білдірсе керек. Бұл – менің ұрпағыма көрсеткен өнегем мен берген тәлім-тәрбием. Қанша өмір сүреміз, оны бір Алла біледі. Бірақ тіршілікте еңбектен қол үзбеген дұрыс,- дейді бағбан, еңбек ардагері Оразалы Күзембайұлы.
Оразалы ақсақал үнемі ізденісте жүретін кісі. Оның дәлелі ретінде оның жүзім өсіретін қырын айтуға болады. Ол бірнеше жылдан бері өз үйінің ауласында жүзімдік өсіреді. Жүзімнің «Черный мускат» деп аталатын тұқымын Өзбекстанның Әндіжан аймағында тұратын ұлты орыс досы бұрынырақта әкеліп берген екен. Жүзімнің осы түрін тұқымынан (сабағынан) тамырлатып, көбейткенін айтады тәжірибелі бағбан.
Қазір қарияның ауласында өңір табиғатына жерсіндірілген жүзімнің бірнеше дана ағашы өсіп тұр. Ол жыл сайын жеміспен бірге үйдің ауласына да ерекше сән береді. Әлбетте, жүзімдікке күтім жасау оңай жұмыс емес. Жемістерін жинап алғаннан кейін күзде алғашқы суық түсе жүзім ағаштарын жерге жығып, су өтпейтін арнайы материалмен жабылуы қажет. Көктемде күннің көзі көрініп, жылына салысымен, ағашты топырақтан аршып алып, жоғарыға ілу қажет. Сонда ғана жүзімдіктің сабағы өркен жайып, жақсы өседі. Жақсы өскеннен кейін тиісінше, өнімді де мол береді.
Еңбек адамының күнделікті тыныс-тіршілігімен танысып, өз қолымен баптаған жүзімдігін көру үшін өткен аптада қарияның үйіне барып, әңгімесін тыңдадық. Аулада жоғары өрмелеп, өркен жайып өскен жүзім ағаштары биыл да жемісті жақсы салыпты. Бұл – тәжірибелі бағбанның жүзімдікке тиісті күтім жасағанының нәтижесі. Ол биыл жүзімдік ағаштарын екі мәрте минералды тыңайтқышпен қоректендіргенін айтады.
– Жүзімдікке күтіп-баптау жұмыстары тәжірибе мен еңбекті қажет етеді. Барлық нәрсе жақсылап қарап, күтім жасауға байланысты. Баптамаса ешбір дақыл өспейді, ағаш та жеміс бермейді. Құрт-құмырсқа ұя салып, жүзімдікке зиян келтірмес үшін көктемде оның тамырына арнайы препараттар себіледі. Тиісті дәрумендер кезең-кезеңімен беріліп отырмаса, жүзімдіктен мол өнім ала алмайтының анық,- дейді бағбан.
Бағбанның жүзімдік баптаудағы өзіндік әдіс-тәсілдері бар. Жүзімдіктің сабақтары мен жапырақтары «Биормелиорант», «Медный купорос», «Топаз», т.б. препараттармен жиі-жиі өңделіп отырады. Жеміс салған жүзімдік тамыз бен қыркүйек айының аралығында толық пісе бастайды.
Әрине, еңбекқор бағбан үшін бұл да өзінше бір қуаныш. Оразалы қария жүзімнің жемісін сатпайтынын айтады. Балалары мен немерелерінен артылғанын туған-туыстарымен бөліседі. Біле білгенге бұл да жақсы өнеге. Бағбан өз сөзінде, қолындағы қос немересі Әлихан мен Нұрдәулетті еңбекке баулып өсіріп жатқанын айтады.
Қасиетті Жуалы өңіріне «Аңшы Ораз» болып танылған Оразалы Күзембайұлының негізгі мамандығы – механика, техника саласына қатысты. 1964 жылы училищеден механизатор мамандығын, бір жылдан кейін шофер мамандығында оқып, куәлік алады. Әскерде жүргенде құрылыс батальонында автокранның жүргізушісі болды. Кейіннен ауданның құрылыс мекемелерінде бірнеше жыл автокраншы болып жемісті еңбек еткен ол 1970 жылы аудан орталығы Б.Момышұлы ауылынан (онда Бурное селосы) пәтер алып, осында көшіп келіп, орнығады.
Иә, ол тұста ауданда аңшылық инспекциясы жұмыс істейтін. Оразалы аға сол мекемеде бірнеше жыл бақылаушы болып еңбек етті. Ара-арасында басқа мекемелерде аз уақыт жұмыс істегені болмаса, кейіпкеріміздің зейнетке шыққанға дейінгі саналы ғұмыры аудандық аңшылық инспекциясында өтті. Жеті жылдай осындағы су шаруашылығы мекемесінде эксковатор жүргізіп, 1983 жылдан Кеңес Одағы ыдырағанға дейінгі уақыт аралығында Жуалы аңшылық инспекциясының төрағасы болып жемісті еңбек етті. Сол кезеңде оның қасиетті өңір табиғатының сақталуына, аң-құстың және су маржандарының көбейіп, биологиялық тұрғыдан өсіп-өнуіне үлкен еңбек сіңіргені анық…
Айта кету керек, «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасында бақылаушы-кассир болып еңбек еткен жылдары су айдынында балық ұстайтын әуесқой балықшыларды су маржандарының көбеюіне атсалысуға шақырды. Балық аулаудың қыр-сырларын да жас балықшыларға үйретуден жалыққан емес. Табиғатқа деген шын жанашырлығы сол емес пе, «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасындағы судың бір бөлігі тартылып, балықтар қайраңға шығып қалған кездерде ешкімнен ешқандай бұйрықты күтпей-ақ, балықтарды арнайы су құйылған бөшкеге салып, өңірдегі өзге де су айдындарына талай рет тасыды. Оразалы аға бұл жұмыстардың барлығын ешкімнің көмегінсіз жалғыз өзі және өз көлігімен атқарған.
Қарапайым тұрмыс кешіп, қарапайым еңбек салтын ұстанған еңбек адамы Оразалы Күзембаев отбасында марқұм Бескемпір апай екеуі тәрбиелеген ұл-қыздардан немере-шөбере сүйген ұлағатты ата. Иә, еңбек адамының өмір салты мен ұстанымы – жас буынға молынан үлгі-өнеге!

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close