Basty bet
Мұқағали – поэзия пайғамбары!
ақиық ақынның туған күніне орай жас ақындар арасында жыр жарысы өтті
Бүгін менің туған күнім,
Ой, пәлі-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай.
Мына дүние неге жатыр үндемей,
Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.
Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып,
«Мынау шапан,
Мынау атың, мін» демей.
Мынау жұртқа жақпады ма әлденем?!
Бекер өмір сүргенім бе әлде мен?
Халқым,
Сенің қасиетіңді білем деп,
Босқа өмірім өтті ме екен әуремен?!
Айтамын деп қуанышың, мұңыңды,
Басқа арнаға бұрдым ба әлде жырымды?!
Мен бәрібір өзіңменен бір болам,
Өзегіңнен тепсең дағы ұлыңды…
Көзі тірісінде өзінің туған күні туралы осылай жырлаған ақиық ақын, халқының мұңы мен қуанышын жырға қосқан жыр дүлдүлі, қайталанбайтын жасын жырлары арқылы поэзияның пайғамбарына айналған Мұқағали Мақатаевтың поэзиясы – мәңгілік, халықтың байлығы, соңына қалдырған телегей теңіз мұрасы – болашақ ұрпақтың еншісі. Ақын өлеңдерінің көпшілігі тіршілік пен өмір жайында. Мұқағали Мақатаев қазақ жырының – Хан Тәңірі іспеттес.
Көзі тірісінде «Жазылар естеліктер мен туралы…» деп аз ғұмырының мәңгілікпен жалғасатынын дөп басып айтуы – көрегенділік емей немене?! Иә, уақыт өткен сайын асқақ ақынның алып тұлғасы дараланып, биіктеп бара жатқаны ақиқат.
Биыл 9 ақпанда ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толды. Осыған орай жыл басынан бері ел өңірлеріндегі әдеби ортада, жоғары оқу орындарында, мектептерде ақынның шығармашылығына арналған түрлі жыр жарыстары мен поэзия мерекелері көптеп ұйымдастырылу үстінде. Өзі сүйген халқы мен қасиетті Отаны, өміршең өлеңдері арқылы қалың оқырманның жүрегіне жол тапқан дарынды ақынның шығармашылығынан сусындап, одан Отанды сүю және туған жерді қадірлеу тұрғысынан үлгі-өнеге алу – жас буынның парызы.
9 ақпан ақиық ақын, қазақ әдебиетіндегі дара талант Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай ауданға қарасты Қызыларық ауылдық округінде орналасқан №17 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте «Поэзия падишасы – Мұқағали!» атты аудандық жас ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылды. Жыр жарысының басты ұйымдастырушысы – аудандық Жастар ресурстық орталығы және мектеп ұжымы.
Мектеп ұжымы жас ақындар арасындағы жыр жарысын Мұқағали Мақатаевтың «Бүгін менің туған күнім…» аталатын әйгілі өлеңімен ашып, оқушылар ақынның «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан актерлік шеберлікпен сахналық көрініс қойды. Мүшәйраның ашылуында мектеп директоры Зәуре Сегізбаева құттықтау сөз сөйлеп, биыл туғанына 95 жыл толып отырған ақын Мұқағали Мақатаевтың қазақ поэзиясындағы биік орнын айта келіп, жас қаламгерлерге шығармашылық табыс тілейтінін жеткізді.
Ақынның 95 жылдығына арналған аудандық мүшәйраға аудан мектептерінен 15 жас (оқушы) ақын қатысып, олар алғашқы айналымда еркін тақырыпта жазылған өлеңдерін оқыса, екінші кезеңде ақиық ақын, жыр мұзбалағы Мұқағали Мақатаевқа арнау өлеңдерін кезекпен жатқа оқыды.
Екі сағатқа созылған жыр жарысында қазылар алқасының мүшелері өлеңімен өзгелерден ерекшеленген оқушыларды, сонымен қатар, тақырыпты мүлдем аша алмаған қатысушылардың туындыларын саралап, оған лайықты баға берді. Ақиық ақынға арналған аудандық жас ақындар мүшәйрасында Қарасаз ауылындағы №6 А.Пушкин атындағы орта мектептің оқушысы Інжу Құнанбай өнерімен дараланып, І орынды жеңіп алса, Б.Момышұлы ауылындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның оқушысы Ақерке Манас ІІ орынға лайық деп танылды. Ал, жыр жарысының ІІІ орны №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің оқушысы Кәусар Даярбекке берілсе, мүшәйраның «Үздік жас ақын» номинациясы №17 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің өнерлі оқушысы Раяна Кәрімге бұйырды.
Жыр мүшәйрасының жүлдегерлерін қазылар алқасының құрамында болған аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Сәбит Қадыров және республикалық жас қаламгерлер фестивалінің лауреаты, Ш.Айманов атындағы сыйлықтың иегері Нұржан Дербісәлиев Дипломдармен марапаттап, оларға бағалы сыйлықтардың Сертификаты табыс етілді. Ақиық ақынға арналған мүшәйра жас ақындардың шығармашылық қабілетін шыңдап, Мұқағали поэзиясының рухани құндылығын жас ұрпақтың санасына сіңіруге зор ықпал еткені анық.
Биыл туғанына 95 жыл толған сөз зергері, дара талант иесі, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев – өмірінің соңына дейін қолынан қаламы түспеген, қазақтың қара өлеңінің құдіреті мен терең сырына қаныққан ақын. Қаламгер мұрасы сөз өнерінің дара мұрасы ретінде болашаққа апарар құнды қазына болып қала береді…
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»