Basty bet
Пробация қызметінің қоғам дамуында тиімділігі мол
Тақырыптың өзі айтып тұрғандай, бұл қызмет түрі қоғамға өте қажет. Өйткені адамдардың қылмыстық құқықбұзушылықтар жасауының алдын алу үшін олардың мінез-құлқын түзеуге бағытталған бақылау және әлеуметтік-құқықтық сипаттағы қызмет түрлері мен жеке айқындалатын шаралар жүйесі болуы тиіс.
Бұл дегеніміз, азаматтардың әртүрлі жағдайлармен қателікке жол беріп, қылмыстық жауапкершілікке тартылғаннан кейін адам психологиялық дағдарыстарға ұшырайды. Яғни, олар қоршаған ортадағы адамдармен және де өздері де қоғамнан моральдық жағынан да іштей болсын шеттетіледі. Осы кезде ондай тұлғаларды қоғамнан шектемей, оларды барынша қоғамға қайта бейімдеуге оңды ықпал ету мақсатында оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету (психологиялық, денсаулық жағдайына қарай медициналық, құжаттарын алу бойынша қысқа мерзімдік оқуға жолдау, тұрақты немесе мерзімдік жұмысқа орналастыру, бір реттік ақшалай әлеуметтік көмек көрсетуге ықпал жасау) бойынша жүзеге асырылатын іс-шаралар мен жұмыстар жиыны, сондай-ақ, адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін сақтау, заңдылық, ізгілік, сотталғандарға қатысты әлеуметтік-құқықтық көмек көлемін айқындау және жүзеге асыру кезінде сараланған және қоғамға пайдалы белесенді мінез-құлқын қалыптастыруды пробация қызметі реттейді.
Пробацияның идеясы – «түрме тұрғындарын» азайту, қылмыскерді бас бостандығынан айыру немесе жазасын қысқарту мүмкіндігін беру.
Қазіргі таңда пробация қызметкерлері сотты болған адамды отбасынан, туыстарынан ажыратпай, оның бойынан қоғамды сыйла, заңға бағыну т.б. жақсы мінез-құлық қалыптастырып, қайта бейімдеу жұмыстарын жүргізеді. Мұның азаматқа, жалпы келер ұрпаққа тиер пайдасы мол. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеңілдіктер мен әлеуметтік төлемдерді алу, яғни ол мыналар әлеуметтік-психологиялық және психологиялық консультация беру, тараптардың өзара келісуі жағдайында отбасылық және өзге де әлеуметтік байланыстарды қолдау жүйесін қалпына келтіру және қалыптастыру, оңалту іс-шараларын ұйымдастыру, мәдени іс-шараларға қатысуға тарту, әлеуметтік-құқықтық мәселелер бойынша консультациялар ұсынуды қамтитын әлеуметтік-тұрмыстық бейімдеу арқылы қамтамасыз ету.
Қазіргі таңда Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД-ның Жуалы аудандық пробация қызметіне бастығы, әділет майоры Бағлан Бекмолдаев басшылық етеді.
Аудандық пробация қызметінде 2026 жылдың басынан пробация қызметінің есебінен өткендердің барлығы – 65 сотталған (2025ж.-77) тіркелген.
Атап айтар болсақ, бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып сотталғандар – 18, шартты түрде сотталғандар – 13, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылған – 11 сотталған, қоғамдық жұмысқа тартылғандар және жазасы кейінге қалдырылған сотталғандар жоқ.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен босап шыққан және есепте тұрғандар арасында деструктивті діни ағымын ұстанатын сотталғандар жоқ. Бұл бағытта пробация есебінде тұрған сотталғандармен үнемі түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандар тарапынан жаңа қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында сотталғандардың тәртібі мен өмір салтына бақылау күшейтіліп, яғни түнгі 22:00-ден 06:00-ге дейін ҚАЖ мекемелерінен босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандардың тұрғылықты мекен-жайларына жыл басынан 280-ге жуық тексеріс жүргізілді. Оның ішінде аудандық прокуратурамен 120-бірлескен тексеріс және аудандық полиция бөлімімен 90-ға жуық бірлескен тексерістер жүргізілді. Бұл бағытта жұмыстар жалғасын табуда. Есепте тұрған азаматтардың мекенжайын тексеру барысында үйінде болмаған және әкімшілік жауапкершілікке тартылғандары үшін жыл басынан 19 сотталғандарға жазбаша ескертулер берілді. Қазіргі таңда іздеуде тұрған сотталғандар жоқ. Дегенмен наурыз айында қайта қылмыс жасау бойынша 1 факт орын алған.
Жаза орындау тәртіптерін қасақана бұзғаны үшін бас бостандығынан шектеу жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы 7 сотталғанға қатысты ұсыным жолданып оның 2 ұсынымы қанағаттандырылып, ал 3 ұсыным қанағаттандырусыз қалдырылды, ал қалған 2 ұсыным қаралу үстінде және 1 сотталғанға қатысты сынақ мерзімін ұзарту туралы ұсынымы қаралу қанағаттандырылды.
2026 жылдың маусым айында аудандық пробация қызметі бойынша есепке алынған және бақылауда тұрған 25 адамның әлеуметтік жеке бағдарламаларын Мансаптық орталық филиалына жолданған. Қызметке қайырылған 25 адамға жұмыспен қамту белсенді шаралары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ұсынылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде тұрақты жұмыспен қамтылған – 17 адам, оның ішінде «Бастау Бизнес» курсын оқып Сертификат алған екі адам ақылы қоғамдық жұмыстарына төрт адам жолданды, ұсынылған жұмыстардан бас тартқан бір адам, өзге өңірге қоныс аударған екі адам, жұмыссыз бір адам.
Аудан бойынша 2026 жылғы жазасын өтеу орындарынан босатылған оқшалаумен байланысты емес жазаны өтеп жүрген пробация қызметінің есебіндегі азаматтарға арналған «Айлық» іс-шара жоспарланып, Мансап орталығының ұйымдастыруымен құзырлы органдардың қатысуымен «Қоғамдық қабылдау» өткізілді.
Жыл басынан пробация есебінде тұрған азаматтарға үш жәрмеңке ұйымдастырылып өткізіліп, нәтижесінде тұрақты жұмыс орнына алты адам, ақылы қоғамдық жұмыс орнына екі адам жолданды.
Аудандық аурухананың психолог маманына жыл басынан жаңадан есепке алынған 20 сотталғанға қатысты әлеуметтік жеке бағдарлама бойынша жолданып, оларға толықтай әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетілді. Отбасы қолдау орталығына FSM Social цифрлық платформасымен 9 сотталғанға қатысты сигналдар жолданып, оларға қатысты психологиялық қолдау және т.б. әлеуметтік көмектер көрсетілді. Түзеу мекемелерінен шығып келген 7 азаматқа бірреттік ақшалай (64 875тг) көмек көрсетілді.
Осы кезекте азаматтар, қоғамдық бірлестіктер және өзге де заңды тұлғалардың пробацияны жүзеге асыруға мүмкіндіктері бар екенін баса айтқан жөн. Олар пробация қолданылатын адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмекті ұсынуға ерікті түрде жәрдемдесу арқылы мынадай нысандарды іске асыра алады: пробация қызметінің есебінде тұратын адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмекті жетілдіруге бағытталған бағдарламалар мен жобаларды әзірлеп және іске асыру, социологиялық және өзге де мониторингтер жүргізу, пробациян реттейтін нормативтік құқықтық актілердің жобарын әзірлеу барысында қоғамдық талқылауға қатысу, пробация мәселелері бойынша консультативтік-кеңесші және сарапшы органдардың жұмысына қатысу, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін нысандарда өзге де жәрдем көрсету мүмкіндіктеріне ие. Пробация қызметіне келіп өз ойларыңыз бен ұсыныстарыңызды білдіргілеріңіз келсе, пробация есебінде тұрған азаматтарға көмек көрсетемін десеңіздер (жұмысқа қабылдау, отбасына жәрдемдесу, мәдени-спорттық іс-шаралар т.б) еріктілер ретінде тіркеліп, топ құрып, қатарға қосамыз деген ойларыңыз болса пробация қызметі сіздермен бірлесіп жұмыс жасауға дайын. Сөз соңында келешегіміз үшін бірлесіп елімізде соттылықты азайту, қылмысты болдырмаудың жолын табайық деген ой тастағым келеді.
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»