Basty bet
Домбыра үні – бірлік пен татулықтың әуені
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуі – еліміздің құқықтық мемлекет ретінде дамуының жаңа кезеңін айқындаған маңызды тарихи оқиға. Ата Заң – мемлекетіміздің берік іргетасы, ел бірлігі мен тұрақтылығының, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі. Конституцияда айқындалған басты құндылықтар – бірлік, әділдік, татулық пен отаншылдық бүгінде халықтың рухани мұрасымен үндесіп,ел дамуының негізгі бағдарына айналып отыр.
Өткен аптаның жексенбісі күні Б.Момышұлы ауылының орталық алаңында Ұлттық домбыра күні және Астана күні мерекелеріне арналған «Домбыра үні – бірлік пен татулықтың әуені!» атты мерекелік іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Мерекелік шараға аудан тұрғындары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, мәдениет қызметкерлері, жастар мен өнерпаздар қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – қазақ халқының қасиетті ұлттық аспабы домбыраны дәріптеу, ұлттық өнерді жас ұрпаққа насихаттау, ел бірлігі мен татулығын нығайту, сондай-ақ, Астана күнінің маңызын кеңінен таныту болды.
Мерекелік жиында аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова тұрғындарды қос бірдей мерекемен құттықтап, ұлттық мәдениетті сақтау мен дамыту – баршаға ортақ міндет екенін атап өтті.
– Құрметті жерлестер! Сіздерді Ұлттық Домбыра және Астана күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Шілденің алғашқы аптасында қатар келетін бұл қос мереке – ұлттық рухымыз бен мемлекет қуаттылығының белгісі. Домбыра – қазақтың жаны мен тарихы болса, Астана – ел бірлігі мен дамудың символы.
Биыл 1 шілде күні Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясы заңды күшіне еніп, еліміз саяси-экономикалық реформалардың, ауқымды өзгерістердің және қарқынды дамудың даңғыл жолына түсті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды арнайы құттықтап, жариялаған Үндеуінде: «Біз нағыз Халық Конституциясының мызғымас құқықтық негізіне арқа сүйеп, барлық мақсат-мұраттарымызға міндетті түрде жетеміз. Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік пен Өрлеу, Тазалық пен Табиғатты аялау сынды жасампаздық құндылықтарын қоғамда берік орнықтырамыз. Бұған еш күмәнім жоқ» деп атап өтті.
Бұдан былай Конституция күні мерекесі ресми түрде 15 наурыз күні, «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтеді.
Мемлекет басшысы атап өткендей, елімізді әлемге танытатын бірегей мәдени брендіміз – Домбыра мен Астана қаласы.
Домбыра – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді және бабалар аманатын жеткізуші қасиетті жәдігер. Оның бойындағы қасиет ұлттық болмысты сақтап, болашаққа бағыт сілтейді. Домбыраны қастерлеу және оны келесі ұрпаққа таза қалпында жеткізу – баршаның борышы!
Бірлігіміз бен Отанға деген сүйіспеншілігіміз бас қаламызбен бірге бүкіл елімізді жаңа биіктерге жетелейді. Астананың жетістігі – әрбір аудан тұрғынының қажырлы еңбегінің жемісі. Осынау айтулы мерекеде баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке және бақыт тілеймін!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын! Ауданымыз гүлденіп, Отанымыз көркейе берсін,- деді Анар Садыққызы.
Мерекелік іс-шара барысында аудан өнерпаздары мен мәдениет қызметкерлері қасиетті қара домбыра шанағынан күй күмбірін төгіп, халық әндерін орындады. Көрермендер Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет және басқа да халықкүйші-композиторларының күйлерін зор ықыласпен тыңдап, ұлттық өнердің құдіретіне тәнті болды. Сонымен қатар, жас домбырашылардың орындауындағы шығармалар көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Мерекелік бағдарлама концерттік қойылымдармен, патриоттық әндермен және ұлттық өнерді дәріптейтін шығармашылық нөмірлермен жалғасты. Қатысушылар ел бірлігі мен Тәуелсіздіктің символына айналған Астананың дамуы мен жетістіктеріне тоқталып, ұлттық мәдениетімізді ұлықтау арқылы елдің рухани тұтастығын нығайтудың маңызын атап өтті.
Сонымен қатар, аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастырумен Астана күніне орай оқушылар арасында сурет байқауы мен спорттық жарыстар ұйымдастырылды.
«Домбыра үні – бірлік пен татулықтың әуені!» атты мерекелік іс-шара ұлттық өнерді ұлықтап, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен ұлттық құндылықтарға деген құрметті қалыптастыруға зор үлес қосты. Осындай тағылымды іс-шаралар халқымыздың мәдени мұрасын дәріптеп, ел ішіндегі бірлік пен татулықты нығайтуға қызмет ете береді деп сенеміз!