Basty bet

Жер сілкінісіне дайындық шаралары пысықталды

Отандық ақпарат көздерінің мәліметіне сәйкес, ағымдағы жылдың 3-4 маусым аралығында Қазақстанның сейсмикалық қауіпті өңірлерінде, атап айтқанда, елдің үлкен мегаполистарі – Алматы, Шымкент қалаларымен қатар, Абай, Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында «Жер-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді деп алдын ала жоспарланған болатын.

Аталған іс-шара жоспарының аясында жоғарыдағы тақырыппен аудан көлемінде де оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Кеше таңертең Б.Момышұлы ауылындағы орталық алаңда апатқа қарсы қызметтер сапқа тұрғызылып, жер сілкінісіне дайындық шаралары пысықталды. Аудан әкімі Жалғас Мұртаза қызметтердің техникалары және мамандардың жұмысымен жеке-жеке танысып, айтпай келетін түрлі табиғи апаттарға қай кезде де дайын болудың маңыздылығына тоқталып, қызмет басшыларына бірқатар тапсырма берді.
Жиын барысында Жуалы ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі, аудандық №7 Өрт сөндіру бөлімінің арнайы техникалары мен мамандарының, Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі, «Жуалы-Су», «Жуалы газ» және аудандық электр желілерін тарату мекемелері, аудан әкімдігіне қарасты бірқатар жауапты бөлімдердің жер сілкінісіне дайындығы және апат кезінде атқарылатын үйлестіру жұмыстарының барысы тыңғылықты пысықталды. Оқу-жаттығудың негізгі практикалық бөлімі аудан орталығындағы екі қабатты тұрғын үй ғимаратында жалғасты.
Қосымша айта кететін болсақ, «Жер-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің жойқын жер сілкінісінің салдарынан туындайтын төтенше жағдайды жоюға дайындық деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Аталған іс-шара республикалық және өңірлік азаматтық қорғау қызметтерінің және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен, шартты түрде жойқын сілкініс кезіндегі іс-әрекеттерді пысықтау арқылы өткізілгенін де атап өткен жөн.
Апат айтып келмейді. Дегенмен, қандай тосын жағдайға да сақадай сай дайын болудың маңызы зор. Апаттың салдарымен күрескенше, қай кезде де оның алдын алып, сақтық шараларын қатаң сақтау қажет!

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close