Basty bet

Жұмыстың нәтижелі болуы басшының жұмысқа деген ниетіне байланысты

Аудан әкімі Жалғас Мұртазаның төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте алдымен “Көктөбе” тұрғын үй алабындағы жерлерді үлестіру және соғылып жатқан құрылыс жұмыстарының жүргізілу барысы туралы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Сауырбаевтың баяндамасы тыңдалды.

-Б.Момышұлы ауылындағы «Көктөбе» жаңа тұрғын үй алабына инфрақұрылым нысандарының құрылысын жүргізу бойынша Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасы арқылы 25.08.2018 жылы мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, нәтижесінде «Талас-Құрылыс» ЖШС жеңімпаз болып анықталған. Мердігер құрылыс монтаж жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде Б.Момышұлы ауылындағы 30 га «Көктөбе» жаңа тұрғын үй алабында электр желісі ұзындығы 11,3 км, су құбыры желісі – 7,162 км, газ құбырының ұзындығы – 4,235 км, қиыршықтытас жолдары – 5,899 км инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп, 2020 жылы пайдалануға берілді,- деді Н.Сауырбаев.
Айта кету керек, аудандық жер комиссиясының 2020 жылғы 25 желтоқсандағы №25-1 хаттамалық шешімі негізінде Б.Момышұлы ауылы әкімінің шешімімен 166 азаматқа «Көктөбе» тұрғын үй алабынан уақытша үй жыл мерзімге жер пайдалануға берілген. Осы 166 азаматтың ішінде 68 азамат тұрғын үй соғып, оның ішінде, 26 азамат меншік иесінің салынған объектіні пайдалануға дербес қабылдау актісі негізінде жеке меншік жер пайдалану құқығын алған.
Аудан әкімі тиісті бөлім басшылары мен ауыл әкіміне рәсімделмеген жерлерді қайтару туралы тапсырма берді.
-Комиссия шешімі шыққан соң бір жыл ішінде құжаттары рәсімделмесе, ол жер кері қайтарылуы керек,- деді аудан әкімі. Баяндамшы бұл санаттағы төрт жер учаскесінің біреуі кері қайтарылғанын айтты. Аудан басшысы қалған үш жерді де бір аптаның ішіне қайтару жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
-Берілген мәліметтерге сүйенсек, 102 жер учаскесінде құрылыс жұмыстары әлі жүргізілмеген. Заң талаптарына сәйкес үш жыл ішінде құрылыс жұмыстары жүргізілмеген жерлер кері қайтарылуы керек.
Менің қабылдауыма үй салуға жер сұрап келетін шын мұқтаж жандар көп. Сондықтан жер иелеріне хабарласып, мерзімі аяқталатынын ескерту керек”,- деді аудан әкімі.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе 2021, 2022, 2023 жылдары әскерге шақыру науқанының жүргізілу барысы туралы аудандық Қорғаныс бөлімінің басшысы Асылбек Ахметовтың баяндамасы тыңдалды.
Баяндамашының айтуынша, өткен үш жыл ішінде ауданнан мерзімді әскери қызметке 540-қа жуық ер азамат жіберілген.
Айта кетерлігі, жыл сайын әскери қызметке баруға ниет білдіретін әскерге шақырылушылардың саны артуда. Алайда, әскерге шақырылушылардың әскери қызметтен жалтару жағдайлары артуда және әскерге шақыру қағазымен келмей, басқа қалаларға кетіп қалу жағдайы жиі кездесуде.
-Аудан бойынша 2021-2023 жылдары 200-ге жуық әскерге шақырылушыға іздеу жарияланып, полиция бөлімдеріне берілген.
2023 жылғы көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру бойынша Жамбыл облысы Қорғаныс істері жөніндегі Департаментінен 88 адамға жасақ берілген болса, әскер қатарына 90 азамат жіберілді.
Ал, 2023 жылғы күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру бойынша Департамент тарапынан 89 адамға жасақ берілген. Алайда әскер қатарына 78 азамат жіберілді. Яғни, жоспар толық орындалмады.
78 азаматтың 13-і ҚР ҰҚК Шекара қызметіне, ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне – 1 адам; ҚР Қарулы Күштеріне – 40 адам; ҚР Ұлттық Ұланға – 38 адам жіберілді.
Жоспарды орындай алмаған ауылдық округтің бірі – Қызыларық ауылдық округі,- деді А.Ахметов. Баяндамашы кейбір ауылдық округ әкімі аппаратының жауапты мамандары маңызды науқанға немқұрайды қарайтындықтарын жеткізді.
Сонымен бірге көктемгі әскерге шақыру науқанында 98 азаматты әскерге жіберу жоспарланғанын, бүгінгі таңда 10 азамат жіберілгенін айта келіп, жауапты науқанда жұмысты тиімді ұйымдастыру мен әскери қызметтің беделін арттыруға қатысты бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы бұл жұмыста жергілікті билік, қорғаныс бөлімі және полиция бөлімінің бірлескен жұмысы маңызды екенін ескертті.
Жастар ресурстық орталығы, білім бөлімі басқа да жауапты мекемелерге жастардың патриоттық рухын көтеру, әскерге баруға үгіттеу мақсатындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырып, көктемгі әскерге шақыру науқанының қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданатынын ескертті.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – аудан аумағында жүргізіліп жатқан ветеринариялық жұмыстар туралы аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Бақыт Сүйіндіков баяндама жасады.
“Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді” демекші, ветеринария саласы сан саланы қамтитын маңызды сала. Сондықтан аудан әкімі бар мәселе мал санын дұрыс есептеуден басталатынын баса айтты. Себебі, малға салынатын түрлі ауруларға қарсы вакцинаның алынуы, олардың дер кезінде салынуы алдымен мал санының нақтылануымен тығыз байланысты.
Үкіметтен қаншама қаржы бөлініп, сатып алынған вакциналар шын мәнінде салынғанда ғана нәтиже болады.
-Жұмыстың нәтижелі болуы басшының жұмысты дұрыс жүргіземін деген ниетіне, жанашырлығына байланысты. Бақыт Үшкемпірұлы басшылық қызметке келгеніңізге көп уақыт болған жоқ. Сондықтан салаға қатысты мәселелерді реттейді деген сенімдеміз.
Бұл салада малдардың қозғалысы да маңызды мәселе. Шет мемлекеттерде ит, мысық асыраса да адамдар өзінің жауапкершілігін сезінеді. Бізде иттері күшіктесе, сайға алып барып тастайды. Олар өсе келе қаңғыбас итке айналады. Тұрғындар мал басын жасырып қалғысы келеді. Салдарынан түрлі жұқпалы аурулар бас көтеріп, адам өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан мал санын нақтылауда ауылдық округ әкімі аппаратының жауапты мамандары да тұрғындарға талап қоя білуі керек,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Аппараттық кеңесте аудан әкімі басқа да маңызды мәселелер бойынша тиісті сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырма берді.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close