Basty bet

Статистика – ашықтық пен сенімнің кепілі

Биыл Қазақстан Республикасының статистика саласына 105 жыл толып отыр. Бұл – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мемлекеттік басқару жүйесінің ажырамас бөлігі болып саналатын маңызды тарихи кезең.
Тарихқа жүгінер болсақ, еліміздегі статистика қызметінің бастауын 1918 жылдан көруге болады. Нақтырақ айтқанда, қазақ даласында 1920 жылдың 8 қарашасынан бастау алады. Сол күні мемлекеттік статистика туралы Ереже бекітіліп, Қазақ АКСР-нің Статистикалық басқармасы құрылды. Осы жылы алғашқы статистикалық органдар құрылып, халық санағы мен шаруашылық есеп жүргізу ісі қолға алынған. Содан бері бір ғасырдан астам уақыт ішінде бұл сала заманауи деңгейге көтеріліп, ақпараттық технологиялармен тығыз байланысқан мемлекеттік құрылымға айналды.
Осы уақыт ішінде сала заман талабына сай дамып, халыққа сапалы әрі ашық ақпарат ұсынатын деңгейге жетті. Бүгінде статистика органдары еліміздің барлық аймақтарында, соның ішінде Жуалы ауданында құрылды. Өңірдегі статистика қызметі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты барлық маңызды деректерді жинап, талдау жасап келеді. Бұл мәліметтер аймақтың нақты ахуалын бағалауға және алдағы жоспарларды белгілеуге көмектеседі. Сонымен қатар, сала қызметкерлері халық пен экономиканың нақты жағдайын көрсететін сенімді деректерді жинақтап, талдап және ұсыну бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Қазіргі кезде «Статистика» деген сөзді естімедім дейтін адам сирек болар. Шын мәнінде, статистика дегеніміз – сандық көрсеткіштердің жиыны. Ол уақыт өткен сайын өзара байланыста әрқашан дамып, жетіп, толығып отырады. Олай болса, оқыған, білімдар адамдар сол көрсетілген сандық көрсеткіштерді оқи және түсіне білуі керек. Себебі, ондағы көрсетілген сандық көрсеткіштер арқылы мемлекетіміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық даму немесе кему процесстерін толығымен көруге болады. Сонымен бірге, статистикалық сандық көрсеткіштерді қолданып, оған талдау жасау арқылы болашаққа, яғни, белгілі бір кезеңге болжам жасауға толық мүмкіндік туады. Демек, статистикада жай әншейін берілген құрғақ сандық көрсеткіштер емес, онда тек қана айқын, дәлелді, нақты сандық мәліметтер көрсетіледі.
Дәл және сапалы статистикалық ақпарат – мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға, экономикалық және әлеуметтік шешімдердің нақтылығына тікелей ықпал етеді.
Цифрландыру дәуірінде статистика саласы да айтарлықтай жаңғырды. Қазіргі таңда есеп беру жүйелері толықтай электрондық форматқа көшіп, деректердің қолжетімділігі мен ашықтығы артты. “Stat.gov.kz” және “Smart Data Ukimet” сияқты заманауи платформалар арқылы қоғам мен бизнес өкілдері өздеріне қажетті мәліметтерді еркін пайдалана алады.
105 жылдық тарих – бұл ұлт дамуының айнасы ғана емес, сонымен қатар осы салада абыроймен еңбек етіп келе жатқан мамандардың қажырлы еңбегінің жемісі. Олардың кәсібилігі мен жауапкершілігінің арқасында еліміздің статистикалық жүйесі халықаралық талаптарға сай дамып, шынайы дерек пен сенімді ақпараттың үлгісіне айналды.
Осы ретте, сала ардагерлерін және қызметкерлерін 8 қараша – Статистика күні кәсіби мерекесімен және Қазақстан Республикасы статистикасының 105 жылдығымен шын жүректен құттықтаймыз. Сіздерге мықты денсаулық, отбасылық амандық және еңбекте табыс пен жаңа кәсіби жетістіктер тілейміз. Еңбектеріңіз еліміздің өркендеуіне қызмет ете берсін!

Жуалы ауданының статистика басқармасы

Таңдаулы материалдар

Close