Basty bet
Еңбекпен өрнектелген өнегелі өмір
Ынтымағы мен бірлігі жарасқан Күреңбел ауылынан өнегелі, қазыналы қарияларды көптеп кездестіреміз. Өмірін еңбекке арнаған, саналы ғұмырында ұрпағына жақсы тәлім-тәрбие берген, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып отырған ардақты ардагерлер де осында.
Қасиетті Күреңбел жерінен кезінде сауыншы, тракторшы, шопан болған ақ жаулықты аналар бүгінде ел арасында еңбегімен абыройлы. Ұрпаққа өмір жолы – үлгі, өнеге.
Мұндағы қарапайым еңбек адамдарымен кездесе қалсаң, олар бірден еңбекпен өткен өмірлері туралы әдемі әңгімелерін айта жөнеледі. Олардың есті естеліктерін тыңдай отырып, нәзік жандылардың күш-қайратына, шыдамдылығына, кең пейіліне, қонақжайлығына қанық боласың.
Таңның атысы, кештің батысы тапсырылған жұмыстың үдесінен шығу үшін жауапкершілік танытып, нәтижесінде үздік сауыншы атанған Нүрипа Дәулетбаева бүгінде бір әулеттің ұйытқысы. Он төрт баланы дүниеге әкелген Батыр ана биязылығымен ұрпағына қымбат асыл ана, ардақты әже. Өмір өрнектеріне, тіршілікке көбірек араласқан Нүрипа апа бүгінде 84-ші көктемін қарсы алды.
-Өзіміз әкеден екі қызбыз. Таудың етегіндегі бұрынғы Түркісіб деген ауылда туып-өстім. Кейіннен аталарымыз Жетітөбе ауылдық округінің Кәріқорған ауылына қоныстанған екен, – деп бастады әңгімесін Нүрипа апа. – Әкем Сырайыл майданға аттанып, сұрапыл соғыстан елге қайтпады. Ленинград түбінде болған шайқаста жараланып, қаза болғаны туралы “қара қағаз” келген екен. Анамыз Қыздаркүл әкем соғысқа кеткен соң, қайындарының қолында болып, олардың шаруасына қолғабыс етеді. Екі қызын жеткіземін деп, ел қатарлы тылда майдан үшін, жеңіс үшін деп көппен бірге еңбек етіп, кейіннен колхозда жұмыс істеген.
Біздің уақытта қазіргі жастардай бос уақыт болып, оқуға ден қоюға мүмкіндік болған жоқ. Небәрі 6 класты бітіріп, сауатымызды аштық. 1955 жылы күреңбелдік Қуатбек деген азаматқа тұрмысқа шығып, екі ененің қолына түстім. Екі ененің тәрбиесін көрдім. Алғашында жолдасым екеуміз жоқшылықты көрсек те, қолымыздағы барымызға қанағат тұттық. Үйдегі қариялардың үдесінен шығу үшін келіндік міндетті де атқарып, өмірге бала да әкелдік, – дейді.
Нүрипа апа Чапаев атындағы колхоздың екінші тауарлы-сүт фермасында сауыншы болып жұмыс істеп, едәуір тәжірибе жинақтап, жылдан-жылға жақсы көрсеткіш көрсетеді. Қария бір кездері қарауындағы әр сиырдан 2200 литрден сүт саууға міндеттеніп, ол Ұлы Октябрь мерекесі құрметіндегі социалистік жарысқа қосылады. Нәтижесінде тоғыз айда әр сиырдан 2182 литрден сүт сауады. Бұл еңбегі де еленіп, жұмысшылар арасында “Үздік сауыншы” атанып, “Ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін” медалімен марапатталады.
-Еңбекпен өткен өмір-ай десеңізші… Колхоз уағында жүктелген жұмысты жауапкершілікпен атқару үшін бесіктегі баламызды тастап кете беретінбіз. Әр күніміз қарбаласпен өтуші еді. Кезінде егістікке шығып қызылша теріп, шөп жинау науқанына да араластық. Сауыншы болған уақыт, қызық әрі қиыншылығы қатар жүретін жұмыс еді. Тіпті, жұмысқа баламды бесікке салып апарған кездерім де болған. Өйткені, күндігіне 30-40 сиыр сауып, сүтін өткіземіз. Берілген жоспарды да орындау қажет.
Жұмысымызды таза әрі тиянақты орындауымыз керек. Колхозға әр жылдары Еркінбек Солтыбаев, Жетпіс Көпбаев мал дәрігері болып жұмысқа келді. Екеуі де еңбегімізді жоғары бағалайтын. Еркінбек Солтыбаев ауданның басшылығына тағайындалған соң, Күреңбел ауылындағы еңбек адамдарына үнемі қолдау білдіріп отыратын. Мені еңбегі бағаланғандардың қатарына қосып, қабылдауға шақырып, құрмет көрсеткен кездері де болды.
Жолдасым екеуміз 40 жылға жуық уақыт колхозда еңбек еттік. Жолдасымның денсаулығы болмай, мен зейнетке ерте шықтым. Марқұм Қуатбек атадан жалғыз ұл еді. Аллаға шүкір, қазіргі таңда артынан ерген ұрпағы оның атын өшірген жоқ.
Балалармен жас қалсам да, оларды еңбекке баулып, ауызбіршілікке тәрбиелеп, аяқтандырған жайым бар. Алғашқыда перзенттерім әжелерінің берген тәлім-тәрбиесі мен өнегесін бойына сіңірді. Әкесінің салған сара жолымен адал еңбекке шыңдалып, өмірден өз орындарын тапты. Он төрт перзентімнің бесеуі қайтыс болды. Қазіргі таңда тоғыз ұл-қызымнан 40 немере, 31 шөбере сүйіп отырған жайым бар. Қолымда кенже ұлым Бүркітжан мен Қарлығаш тұрады. Бұған шүкіршілік етемін! Адамға ұрпағының өсіп-өнгенін, жалғасқанын көргеннен артық бақыт бар ма?! – деген Нүрипа апа ел амандығы мен жастардың білімді, жан-жақты болуын тілейтінін жеткізді.
“Адам ұрпағымен мың жасайды” деген сөз тегін айтылмаса керек. Адам өмірінің мәні саналатын өз ұрпағы жақсы атын шығарып, ел сүйсінер азамат болса, ата-ана үшін одан асқан қуаныш жоқ. Осы ретте, алтын құрсақты анадан тараған ұл-қыздар да қарапайым еңбек адамдары. Әртүрлі салада өз еңбектерімен адал табыс тауып, бір отбасының отағасы, отанасы атануда. Сонымен қатар, әжейдің отбасының бір ерекшелігі қасиетті Рамазан айында барлығы бірге Ораза ұстап, имандылық тәрбиені жоғары ұстанады.
Бұл отбасынан өнерлі, көкпаршы, кәсіпкер, жан-жақты перзенттер тараған. Немерелері аттың құлағында ойнап, бәйгеге ат қосып, тазы жүгіртіп, ұлттық спортты насихаттауда. Одан бөлек, өнерге бейімі бар, әуелете ән салып, мыңбұрала би билейтін немерелері де бар. Ұл-қызынан тараған немере-шөбересі қара шаңыраққа жиналғанда үй іші қуанышқа, бақытқа, ең бастысы, қазыналы қарттың жүзінен тараған жылулыққа бөленеді.
“Түсі игіден түңілме”, демекші, шын мәнінде Нүрипа апаның жүзіндегі жылулық айналасына қуаныш ұялатады. Үлкенді-кішіге кішіпейілділік танытып, аман-саулық сұрасқанының өзі бір әдемі.
Қазақтың ақ жаулықты аналарының жүрегінің кеңдігі мен жанашырлығын Нүрипа апаның бойынан көруге болады. Бұлай дейтініміз, біз қарт анамен сұхбаттасып отырған кезде үйге әжейдің немере-шөберелері кірген сәтте ол ерекше қуанды. Орнынан құрақ ұшып тұрып, шөбересін құшырлана иіскеп, хал-жағдай сұрасты. Келіндерінің сәлемін қабыл алып, ақ батасын берді. Бұл көріністен кейін Нүрипа апаның ұрпақтары өсіп-өнген әулет екеніне куә болып, еңбегімен өмірін өткізген қарт анаға өмірінің ұзақтығы мен денінің саулығын тілеп, жолға шықтық.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»