Basty bet
Еңбекке жол ашқан “жастар тәжірибесі”
«Тәжірибелі мамандардан үйренерім көп» дейтін жастың бірі – Әлия Рысалиева.
Әлия 1998 жылы Алматы облысында туған. Жас маман мектепте де, университетте де өте белсенді жастардың бірі болған. Ол Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық Университетті құқықтану мамандығымен қатар әскери бөлімді оқып, құқықтану және офицер белгісін алып шығады.
-2019 жылы Жуалы ауданының жігітіне тұрмысқа шықтым. Тұрмысқа шыққан соң, бала күтімімен отырып қалдым. Биылдан, яғни маусым айынан бастап аудандық тіркеу және жер кадастр бөліміне «Жастар тәжірибесі» арқылы жұмысқа орналастым.
Осы бағдарлама арқылы жұмысқа орналасқаныма өте қуаныштымын. Біріншіден, жаңа орта таптым. Тәжірибелі, өз жұмыстарын жақсы білетін мамандармен, жаңа әріптестермен таныстым. Бұл жерде менің білгенімнен білмегенім көп әрине. Мен бұл жақта жер кадастырын тіркеу, мемлекеттік актілерді, өтініштерді қабылдау және архивтік құжаттармен жасау, келіп түскен хаттарды тіркеу жұмыстарымен айналысамын. Бұл жақтағы мамандардан үйренерім көп. Осындай орта тәжірибеден өтіп жатқаныма өте қуаныштымын.
Алға қойған мақсаттарым да өте көп. «Жастар тәжірибесі» арқылы білімді шыңдап, болашақта өзімнің мамандығыммен үлкен белестерді бағындырып, елге пайдам тисе,- дейді жас маман Әлия.
Баян Оразбаева,
“Жаңа өмір”