Basty bet

Дәрігердің әр минуты қымбат

Дәрігер мамандығы ең ізгілікті және игілікті мамандықтардың бірі. Дәрігерлерге адам өмірі үшін үлкен жауапкершілік жүктелген. Сол себепті де дәрігер – қастерлі мамандық саналады. Бағалай білген кісілерге медицина саласы қызметкерлерінің тұғыры таймас биік шың. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды.

Аудандық орталық аурухананың білікті дәрігері Қалдыбай Байрамов басшылық ететін хирургия бөлімінде жас мамандар қалыптасып, тәжірибелі маманға айналуда. Бүгінгі мақаланың кейіпкері де аталған бөлімде хирург-ординатор болып жұмыс істеп, аға буын өкілдерінің ізімен денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген Шолпан Чмаева жайлы болмақ.
Дәрігердің әр уақыты санаулы әрі қымбат. Кез келген сәтте дерті дендеп, медициналық көмекті қажет ететін науқас түсуі мүмкін. Осы сәтте бар жұмысын ысырып, науқасқа көмекке асығатын да дәрігерлер. Мұндай жағдайға Шолпанмен сұхбаттасудың сәті келгенде куә болдық. Өйткені, біз кездесуіміз белгіленген уақытта бөлімге шұғыл ота жасайтын науқас түсіп, ол өз қызметіне кірісіп кетті.
Шолпан Жамбыл ауданы Қаламаңы ауылында қарапайым отбасында дүниеге келіп, тәрбиеленген. Түркісіб ауылындағы Макаренко атындағы орта мектепті тамамдаған. Алтын ұя мектебін бітірген соң, бала күнгі арманы Шолпанды дәрігер мамандығын таңдауына әкеледі. Әрине, таңдау әрі мамандықтан шатаспау ол үшін маңызды болады. Қиындығы мен қызығы әрі жауапкершілігі жоғары денсаулық сақтау саласының маманы болу оңайға соқпасын біледі.
Дегенмен бала көңіл алдамай, тыңғылықты дайындықпен Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жасайды. Осы сәтте Шолпан жас түлектерді қолдау әрі өңірдегі тапшы мамандардың орнын толтыру мақсатында өткізілген облыс әкімі Қ.Бозымбаевтың грантын жеңіп алады. Грант иегері құжаттарын Алматы қаласындағы Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетіне тапсырып, студент болады. Бес жыл осы оқу орнында білім алып, хирургия мамандығы бойынша бакалавр атанады. Одан кейін оқуын Қырғыз мемлекеттік медициналық институтында жалғастырып, хирург-ординатор болып елге қайтады.
-Оқуды аяқтаған соң, Қырғыз мемлекетінен алып келген дипломды біздің елге жарамды болуы үшін құжаттарымды жинап, өткіздім. Облыстық денсаулық басқармасына барып, жұмыс сұрадым. Өйткені, облыс әкімінің грантын жеңіп алғанда, бізге өңірдің қай аймағында маман тапшы сол жерде жұмыс істеуіміз керектігі түсіндірілген. Қолында дипломы бар маманға жұмыс тауып береміз деген еді. Осы мақсатта мені қабылдаған облыстық денсаулық сақтау басқармасы Жуалы аудандық ауруханасындағы бос орынға жұмысқа жіберді, – дейді Шолпан.
Жас маманның алғашқы еңбек жолы осылайша Жуалы жерінде басталады. Маман «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасымен қабылданады. Облыстық деңгейде 800 мың теңге, аудандық көлемде 250 мың теңге алғашқы көмек беріледі. Одан кейін баспана алуға қаржы беріліп, үйлі болады. Мемлекеттік бағдарламаның шапағаты тиіп, ол бүгінде ауданда тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуде.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, Шолпан бірінші өмірге әкелген ата-анасын үлгі тұтады. Одан бөлек, институт қабырғасындағы жетекшісі Бейшен Ералиевті, мамандықтың әрі бөлімдегі жұмыстың қыр-сырын үйретуден жалықпайтын Қалдыбай Байрамовты ұстаз ретінде ардақтайды.
-Медицинаның төресі – хирург. Бұл мамандықтың иесі болуы үшін қайраттылық пен мықтылық қажет. Әртүрлі жағдайларда түсетін науқастарға шұғыл көмек көрсетуің керек. Одан бөлек, хирург маманының бойындағы шыдамдылық пен тазалық жаныма жақын. Бойыңда осы қасиеттер басым болуы керек. Төзімділік, өз мамандығыңа деген жауапкершілікпен қатар, мейірімділігіңді аямай, жылы сөзбен науқастың көңілін таба білу қажет.
Тәжірибені көбінесе Қырғыз мемлекетіндегі дәрігерлерден жинадым. Ондағы мамандар практика мен теорияны ұштастырып, ота жасау бөліміне кіргізеді. Ота жасау барысында көршілес елдегі медицина қызметкерлерінен үйренерім көп болды. Одан кейін жуалылық білікті дәрігерлермен бірге тату-тәтті әрі көңілді ұжымда мамандығымның қыр-сырын үйренудемін. Жалпы, хирургия бөлімі ауыр науқас түсетін, қиындығы көп бөлім болғанымен, мұнда жаны жайсаң, көңілді жандар жұмыс істейді. Бөлім меңгерушісі де өз тәжірибесімен бөлісіп, жағдаяттарды салыстырмалы түрде айтып отырады. Білгенімен бөлісіп, үйретуден, кеңесін беруден жалықпайды.
Бөлімге әртүрлі жағдайдағы науқас келіп түседі. Түрлі жағдайлар болады. Науқастарға шұғыл болмаса стационарлық көмек көрсетіледі. Осындай сәттерде мойымай, ешкімнің ала жібін аттамауды ойлаймын. Өмірлік ұстанымым да осы қағидаттармен ұштасады. Мамандығым бойынша сабақ болған жағдайлар да кездесті. Жас маман тәжірибесі аз дәрігер ретінде әрекетім болды ма әлде басқа жағдай ма сол бір сәт есімнен шықпайды. Себебі, қиындық арқылы адам шыңдалады. Басты мақсатым, антыма адалдығымды танытып, медициналық көмек қажет адамға уақтылы қызмет көрсету , – дейді Шолпан Диқанбайқызы.
Бір айта кетерлігі, Шолпанның ұлты – қырғыз. Бірақ ол қаным қырғыз болғанымен жанымыз қазақ болып кеткен дейді. Қазақ тілінде де еркін сөйлейді. Бір көрген адам оның ұлты қырғыз екеніне сенбейді. Бүгінде ол өмірлік серігі Бауыржан екеуі Мейірім есімді қыз тәрбиелеп отырған отбасы.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close