Жомарт күздің әрбір күні қарбаласқа толы. Оның үстіне, аграрлы аймақ саналатын Жуалы ауданында қасиетті қара жерден нәсіп терген жергілікті шаруалар қазіргі таңда картоп жинау науқанын қызу жүргізу үстінде. Бұл бір жағынан алдағы қыстың қамы болса, одан қала берсе, жиын-терін жұмыстарының сапалы жүргізілуі келер жылдың да өніміне әсер ететінін естен шығармауымыз қажет.
Ауданда атқарылып жатқан дәстүрлі дала жұмыстарына келсек, биыл жуалылық диқандар барлығы – 2 723 гектар алқапқа басым дақыл ретінде картоптың тұқымын сіңіргені белгілі. Ендігі кезекте қасиетті өңірде жаз бойы күтіп-бапталған «екінші нан» алқаптарында пісіп-жетілген өнімді қазып алу жұмыстары қызу қарқынмен жүргізілуде.
Картоп қазу жұмыстары Түктібай ауылының тұрғыны, шаруа азамат Бағлан Сувалиевтың да алқабында қызу жүріп жатыр. Жастайынан ауыл шаруашылығы саласында тұрақты еңбек етіп келе жатқан еңбекқор азаматтың бұл тірлікпен айналысқанына 10 шақты жылдың жүзі болған екен. Бағлан мектепте оқып, еңбекке жарай бастаған кезінен бері алқапта үлкендермен бірге картоп теру жұмыстарына араласқанын айтады. Жұмыстың ауырлығына қарамастан алқапта жүк тасушы болып жұмыс істеген ол кейіннен өз алдына егістік жер алып, оған картоп егуді бастаған.
-Ауылдың күнделікті тірлігі мен қол еңбегінің маған ешқандай таңсықтығы жоқ. Жастайынан қара жұмыс істеп өскеннің баланың бірі менмін. Ауылда картоп егетін ағалардың еңбегіне қатты қызығып, содан мен де өз алдыма кәсіп бастауды жөн көрдім. Ең алғашқыда картопты бір гектар жерге егіп, байқадым. Өнім жаман болған жоқ. Тұрақты ізденумен бірге кәсіптің көзін табу арқылы биыл «екінші нанның» алқабын үш гектарға ұлғайтып отырмын. Бұл – ең біріншіден өзімнің табан ақы, маңдай терімнің нәтижесі. Екіншіден отбасындағы балалардың нәсібесі деп білемін.
Жерге берсе, елге береді. Құдайға шүкір деуіміз керек, биыл да картоптан алынған өнім жаман емес. Жиын-терін жұмыстарын аяқтау үстіндемін. Биыл Көкбастау ауылдық округіне қарасты Көктөбе ауылының маңынан үш гектар алқапты жалға алып, оның аз бөлігіне «Алладин» аталатын тұқымды қызыл картоп ексем, алқаптың қалған бөлігіне «Крона» аталатын картоптың жаңа тұқымын егіп, оны жаз бойы баптадым. Картоп алқабына күтіп-баптау жұмыстарынан бөлек, төрт-бес рет суғарылып, онымен қоса бір мәрте минералды тыңайытқыш берілді. Соның нәтижесінде болу керек, биылғы картоп тұқымы әдеттегіден ірірек болды. Өнімнің көлемі де көңілден шығып отыр. Түсім әр гектардан 30 центнерден айналуда,- дейді шаруа азамат Бағлан Базарбекұлы.
«Не ексең, соны орасың» деген. Картоп алқабынан мол өнім алу үшін оған тиісті күтім жасау жұмыстарынан бөлек, ең бастысы, тұқымдық материалдың сапасы да жақсы болуы шарт. Бұл ретте алқапқа жаңа тұқымды сіңірген шаруа азаматтың айтқан пікірінің жаны бар. Жасыратын несі бар, қайбір жылдары ауданның картоп егетін шаруалары әбден ескірген тұқымдық материалды егіп, соның салдарынан қыруар шығынға батқаныны да ұмытыла қойған жоқ. Бұл әрине тұқымның тапшылығынан болған әрекет.
Мұның алдында Жамбыл облысын басқарған іскер азамат Асқар Мырзахметовтың картоп егетін шаруаларға мейлінше көмек-қолдау жасауының нәтижесінде, өңірдің картоп егумен айналысатын шаруалары Қарағанды облысынан элиталы картоп тұқымын сатып әкеліп, оны осында жерсіндіруге қол жеткізді. Алқаптан мол өнім алу ісінде тұқымның маңызы зор екенін баса айтып отырған себебіміз де сондықтан.
-Үш гектар алқаптың әр гектарына төрт тоннадан тұқым егілді. Алқапты жаз бойы бес рет суғарып, оған екі мәрте қопсыту жұмыстарын жүргізгенбіз. Оның үстіне, биыл картоп егілген алқап былтырғы жоңышқаның орны болатын. Мұның да өнім көлемін ұлғайтуға және оның сапасын арттыруға ықпалы зор.
Баса айта кететін тағы бір мәселе, картопты теретін жұмысшы күші жыл санап тапшы болып отыр. Қазір ауданда картоп теру жұмыстары жаппай жүріп жатқандықтан, терімшілер шаруашылықтарға бөлініп жұмыс істеуде. Бізде қазір 15 жұмысшы уақытпен санаспай еңбек ету үстінде. Олардың бір күндік еңбекақысына – 4000 теңге және бір шелек картоп беріледі. Әйтеуір қимылдап, еңбек ету арқылы нәпақа іздеген адамды қара жер де құр тастамайды. Еңбегіне қарай – өнбегі. Мен артымнан ерген жастарға осыны айтқым келеді,- дейді еңбекке бет бұрған шаруа азамат.
Қазіргі таңда аға буынның тарапынан жастарды ұлттық тәрбиемен қатар, оларды адал еңбекке, қол еңбегіне баулудың қажеттілігі туралы мәселе орынды көтеріліп келеді. Олай болатыны, қазіргі жас буынның көбі смартфон мен әлеуметтік желілерге телміріп, еңбек етуді естен шығарып жатқанын жасыра алмаймыз. Содан да болу керек, кейбір жастардың психологиясы мен өмірге деген көзқарасы дұрыс қалыптаспауда. Сондықтан, өскелең ұрпақты еңбекке баулудың маңызы өте зор.
Адал еңбектің ғана наны тәтті болатынын ерте ұғынған азамат Бағлан Базарбекұлы отбасында жұбайы Насихат екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп отыр. Жұбайы ауыл мектебінде бастауыш сыныптың мұғалімі. Қазіргі таңда бала күтімімен үйде. Ұлдарының алды ес біліп, етек жауып қалған. Бұл отбасының тұңғышы – Әсет жетінші сыныпта оқыса, екінші перзент Ерсайын биыл үшінші сыныптың табалдырығын аттады. Одан кейінгілері – Ернар мен Динара әлі кішкентай.
Ата-ананың тәлімін алған баланың өмірге деген көзқарасы мен еңбекке деген ұмтылысының бөлек болатыны сияқты, біз картоп алқабының басындағы жиын-терім жұмыстарының барысына әкесімен бірге бас-көз болып жүрген екінші ұл Ерсайынның еңбекке деген талпынысына риза болдық.
«Балаларды жастайынан еңбекке баулып өсіруді басты мақсат етіп отырмын. Олар одан жаман болмайды» деген пікірді алға тартқан шаруа азаматтың сөзін құптамасқа тағы да амалың жоқ. Ол картоп егуден бөлек, үйінде мал шаруашылығымен де айналысатынын айтады. Қолға алған ісін ілгері бастыруды ойлаған азаматтың отбасылық кәсіпті дамытуға деген талпынысы көңіл сүйсінтеді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»