Basty bet
Саяси науқанға арналған семинар
Аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық мәселелері бойынша оқыту семинары өтті.
Семинарға облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сара Мәдиева, Жуалы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Нүрзия Алтыбаева және облыстық, аудандық сайлау комиссияларының мүшелері қатысты.
Сондай-ақ, кездесуге аудан әкімінің аппарат басшысы Рәтбек Көсембаев, ішкі саясат бөлімі, прокуратура, полиция органдары, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы, мемлекеттік кірістер басқармасы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, төтенше жағдайлар бөлімі, Қазақтелеком, электр жүйесінің, БАҚ өкілдері және округтік, учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен орынбасарлары және хатшылары шақырылды.
Жиынды облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сара Мәдиева ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде, наурыз айында өтетін сайлаудың ерекшелігі, өту барысы және маңызына кеңінен тоқталды.
Әрі қарай сөз кезегін алған облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Талғат Жамалов сайлау науқаны бес кезеңнен тұратынын айтып, әр кезеңге жеке-жеке түсініктеме берді. Одан бөлек, мәслихат депутаттығына үміткерлерге қойылатын талаптар мен қағидаларға кеңінен тоқталды.
Сонымен қатар, жиында сөз алған облыстық сайлау комиссиясының мүшелері Мейіржан Сембеков, Еркін Жапаров та сайлау заңнамасы туралы әңгімеледі.
Жиын соңында аудандық сайлау комиссиясының мүшелері көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдап, сұрақтарына нақты жауап ала алды.
Семинарды аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Нүрзия Алтыбаева қорытындылады.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»