Basty bet

Қарапайым еңбектің қадірін сезінген…

Қазақ халқы қашанда еңбек адамын ардақтап, маңдай терімен ел құрметіне бөленген жандарды ерекше бағалаған. Себебі, кез келген қоғамның дамуы мен өркендеуі адал еңбектің арқасында жүзеге асады. Елдің ырысы мен бірлігі, ұрпақ тәрбиесі мен ауылдың тыныс-тіршілігі де қарапайым еңбек адамдарының тынымсыз тірлігімен тығыз байланысты. Осындай саналы ғұмырын адал еңбекке арнаған, қарапайымдылық пен адамгершілікті серік еткен жандардың бірі – Закира Қалдыбекова.
Еңбекпен шыңдалған кейіпкеріміз 1964 жылы ауданға қарасты Талапты ауылында дүниеге келген. Көпбалалы, берекелі әулеттің перзенті 15 бауырдың ортасында өсіп, жастайынан үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді бойына сіңірді. Осындай ортада қалыптасқан тәрбие еңбек пен жауапкершілікті өмірлік ұстанымға айналдырғаны анық.
Әкесі ұзақ жылдар бойы бастауыш сыныптың мұғалімі болып, ауыл балаларына білім мен тәрбие берген абыройлы ұстаздардың қатарында болса, ал анасы бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнап, берекелі шаңырақтың ұйытқысы болған.
Еңбек ардагері алғашқы білімін туған ауылындағы Талапты сегіз жылдық мектебінен алады. Мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ, оның бойында өнерге деген ерекше қызығушылық байқалған. Әсіресе, тоқыма тоқу мен құрақ құрауға деген ынтасы өзгелерден ерекшелеп тұрған. Жетінші сыныптан басталған бұл қызығушылық жылдар өте келе өмірінің ажырамас бір бөлігіне айналды.
Өмірдің еңбекпен ғана көркейетінін ерте түсінген Закира Жолдасбекқызы 1979 жылы бұрынғы Ленин атындағы колхозда еңбек жолын қатардағы жұмысшы болып бастайды. Жас болса да өзіне жүктелген міндетті үлкен жауапкершілікпен орындап, үлкендердің сеніміне ие болды. Сол кезеңде ауыл шаруашылығы саласында еңбек ету оңай болған жоқ. Дегенмен, қайсар мінезі мен табандылығы оның әр істі абыроймен атқаруына жол ашты.
Білімін жалғастырып, мамандық игеруді мақсат еткен ол 1983 жылы Жамбыл облысындағы қазіргі Құлан ауылында орналасқан бұрынғы зооветеринарлық техникумға оқуға түседі. Бұл оқу орны ауыл шаруашылығы саласына қажетті білікті мамандарды даярлайтын білім ордаларының бірі болатын. Аталған оқу орнын 1986 жылы сәтті аяқтап, кәсіби маман ретінде еңбекке араласты.
Сол жылы Ленин колхозына ветеринарлық техник болып жұмысқа орналасып, 1989 жылға дейін еңбек етті. Мал шаруашылығы саласында жауапкершілік үлкен. Себебі, ауыл экономикасының негізгі тірегі саналатын төрт түліктің күтімі мен денсаулығына немқұрайды қарауға болмайтын. Осы жауапты қызметті атқару барысында ол өз ісіне деген адалдығын, кәсіби біліктілігін және еңбекқорлығын көрсете білді.
Закира апай 1986 жылы Қайрат ауылындағы Қалдыбековтар әулетіне келін болып түсіп, қазақы салт-дәстүрді қастерлеген отбасының келіні атанып, үлкен әулеттің берекесін кіргізген жанға айналды. Келіндік міндет пен қоғамдық еңбекті қатар алып жүру оңай емес. Алайда, кейіпкеріміз бұл сыннан да сүрінбей өтті. Ол бір жағынан еңбек етіп, екінші жағынан отбасының ынтымағы мен берекесін сақтауға үлкен күш салды.
Ол жылы Қайрат ауылындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебіне жұмысқа қабылдану арқылы ұзақ жылдарға созылған еңбек жолы басталды. Білім ордасының тазалығы мен тәртібіне жауапты қызмет атқару арқылы мектеп өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл міндет сырт көзге қарапайым көрінгенімен, үлкен жауапкершілік пен ұқыптылықты талап етті.
Ұзақ жылдар бойы табан аудармай еңбек етіп, өз ісіне адалдық пен тиянақтылықты басты қағида етті. Ұжым арасында кішіпейілділігімен, сабырлы мінезімен және еңбекқорлығымен ерекше сый-құрметке ие болды.
2025 жылы ұзақ жылғы адал еңбектің нәтижесінде құрметті зейнет демалысына шықты. Бұл – маңдай термен келген абыройдың, төзім мен табандылықтың заңды жемісі. Еңбекпен өрілген ғұмырдың бір белесі осылай түйінделді.
Отбасында төрт перзент тәрбиелеп өсірген ардақты ана 13 немеренің сүйікті әжесі атанып отыр. Ұрпағының қызығына кенеліп, отбасының алтын қазығы ретінде шаңырақтың шуағын арттырып келеді. Балаларына еңбек пен адамгершілікті үлгі еткен өнегелі тәрбие жалғасын табуда.
Зейнеткерлікке шыққанымен, жастайынан серік болған тоқыма тоқу мен құрақ құрау өнері өз жалғасын тауып келеді. Ұлттық қолөнер арқылы атадан қалған асыл мұраны дәріптеу – оның күнделікті өмір салтына айналған.
– Өмір жолыма көз жүгірткен сайын сан алуан белестер мен еңбекке толы жылдар еске түседі. Балалық шақтан бастап ауыл тіршілігімен біте қайнасып өскен кезең, алғашқы еңбек жолым, жауапты қызметтер мен отбасылық өмір – бәрі де бір-бірімен сабақтас ғұмырдың бөлшегі.
Қай салада еңбек етсем де, ең басты ұстанымым – адал болу, берілген істі жауапкершілікпен атқару болды. Адамға ең үлкен баға атақпен емес, атқарған еңбегімен берілетінін өмірдің өзі үйретті. Жылдар бойы тынымсыз еңбек етіп, қарапайым жұмыстың да өз қадірі бар екенін түсіндім. Мектеп қабырғасында өткен ұзақ жылдар – мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Сол ортада талай жақсы адамдармен жолықтым, көп нәрсені үйрендім.
Бүгінгі таңда зейнет демалысында болсам да, өткен өмір жолыма ризамын. Жастайымнан жаныма серік болған қолөнерімді жалғастырып, немерелерімнің ортасында бейбіт, берекелі күн кешіп отырмын, – дейді Закира Қалдыбекова.
Еңбек – адам өмірінің ең биік өлшемі. Осындай қарапайым да қайсар жандардың ғұмыры – кейінгі ұрпаққа үлгі, адалдық пен төзімділіктің айқын көрінісі. Закира Қалдыбекованың өмір жолы да еңбектің қадірін ұғындырған өнегелі ғұмыр ретінде ел жадында қалары сөзсіз…

Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close