Basty bet

Жас келіндер салт- дәстүрден сынға түсті

бас жүлде Ұлбосын Саржановаға бұйырды

«Пай-пай шіркін, қазақтың келіндері-ай» деген әдемі сөз қазақ келіндерінің сұлулығына, ұстамдылығына, ептіліктеріне осылайша тамсанып, сүйсінген мақсатта айтылған сөз. Байқауға мемлекеттік қызмет пен үйдегі міндетін қатар алып жүрген келіндер қатысты. Олар өзара сайысқа түсіп, салт-дәстүрімізді насихаттады. Біліктілігі мен білімін көпшілікке паш ете білген олар жылы пікірге ие болды.

Осы орайда аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі және «Халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы» мекемелерінің ұйымдастыруымен «Жас келіндер» клубының жұмысын жандандыру және сонымен қатар жас келіндерді ұлттық рухта тәрбиелеу, жанұядағы сыйластыққа, адамгершілікке, отбасының бірлігін сақтауға және инабаттылыққа шақыру мақсатында «Ақ босаға» атты аудандық келіндер сайысы өтті.
Бұл сайыста қазақ әйелінің қоғамдағы орнын айқындау, жас отбасыларында кездесетін тұрмыстық мәселелердің оң шешілуіне ықпал ету, тұрмысқа байланысты қазақтың ырым-жоралғылары (сәби күткен ана, шілдехана-бесік той, тұсау кесу, сүндетке отырғызу, баланы атқа мінгізу-тоқымқағар, қыз ұзату, келін түсіру барысындағы жоралғылар т.б меймандостық, ерулік, жылу-жәрдем, т.б. қамтылды.
Бойларына дарыған қазақы мінез инабаттылық қасиеттерін көрсете отырып, өлеңдете сөз саптаған сайысқа қатысушылар «Тегін білу тектілік» атты І кезеңде келіндер өздерін көпшілікке таныстырды.
Келесі кезеңде олар салт-дәстүр, әдет-ғұрып, жөн-жоралғы жөніндегі билеттердегі сұрақтарға жауап берді. Осылайша келіндер «Халқын сүйген-салтын сүйер» деп аталатын ІІ кезеңді де артқа тастады.
«Өнерлі өрге жүзеді» атты ІІІ кезеңде қатысушылар өз өнерлерін ортаға салды. Бірі салт-дәстүрден көрініс қойса, бірі ән айтып, бірі би биледі. Бірі өз жүрегінен шыққан жыр шумақтарын оқып көрермендердің ыстық ықыласына да бөленді.
«Асыл мұра – асыл қазынамыз» атты сайыста ене мен келіннің қолөнері мен ісмерлігі сынға түсті оның ішінде тоқыма тоқу, құрақ құрау, ою-өрнек пен әшекей бұйымдарының жасалу жолдарын бейнебаян арқылы көрсетті.
Ұлттық тағам әр отбасының сүйсініп жейтін асы, оның жасалу әдісін қазылар алқасына түсіндіріп «Қонақжайлылық ата дәстүріміз» деп аталатын байқаудың қорытынды кезеңінде келіндердің жалпы өнерлері дайындықтары сараланды. Аталған шарада келіндер үйдегі енелерімен, абысын-ажындарымен, қайын сіңлілерімен сахнада өмірдегі күнделікті тіршіліктерінен көрініс көрсетті. Бүтін бір отбасының татулығы мен тыныштығын ұстап бастарын біріктіру үшін ене мен келіннің де атқарар міндеттері орасан зор. Әулеттің үлкен әз анасы яғни енесі жаңа түскен келінге мейлінше ұқыптылықпен, байсалдылықпен келген әулеттің жай-күйін, туыс-бауырларын, отбасылық қағидаттарымен түсіндіре отырып, өзі де сол келінге үлгілі жан ретінде жол көрсетіп, үлкен отбасылық өмірге дайындауы тиіс. Сонда ғана отбасында ынтымағы мен татулығы жарасқан үлгілі отбасылар қатары көп болмақ! Енесі келінді өзіне жақын тартқан сайын, келінде сол ананың жолымен жүруге тырысады. Сол кісінің жүріс-тұрысын, қалыбын алады деп,- қазақ бекерге айтпаса керек.
Қазылар алқаларының шешімімен бас жүлде «Ең үздік келін» номинациясымен сайыстың жеңімпазы атанған, өнерлі, келінге, әйелге тән өзіндік нәзіктігімен, инабаттылығымен көзге түскен Ұлбосын Саржанова жеңіп алса, І орынның жүлдесі – Билікөл ауылдық округінен келген ақын келін Салтанат Манатқа бұйырса, ІІ орын – Нұрлыкент ауылдық округінің жас та болса еліміздің демографиясына аянбай үлес қосып жүрген алтын құрсақты, келін Анар Эсениязова және ІІІ орын Күреңбелдік өзге ұлт өкілінің қызы Луиза Кошкинбаеваға бұйырды. «Өнерлі келін» номинациясымен Шақпақ ауылдық округінен домбырашы, қолөнер шебері Жанерке Байсаковаға табысталды. Жүлделі орын иеленген қатысушыларға Диплом және бағалы сыйлықтар табысталды.

Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close