Basty bet
Замана сынағы табанды еңбекті талап етеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру туралы айтып келеді. Жаңа сапаға көшу үшін әр адам өзінің күнделікті өмірлік ұстанымдарын өзгертуі керек.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» дейді. Бұл көзқарас қай кездеде маңызды. Әсіресе, дәл бүгінгі қоғамда өте қажет. Әйтпесе, қоғамды жайлаған немқұрайдылық, жауапсыздық, жемқорлық қоғамды қасіретке ұшыратады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын былай деп түйіндейді: «Мемлекеттік қызметкерлер және бүкіл қоғам біртұтас ел ретінде алдымызда тұрған міндеттерді орындау үшін жұмылуға тиіс. Әйтпесе, ертең кеш қалуымыз мүмкін.
Себебі, дүниежүзіндегі ахуал құбылмалы әртүрлі сын-қатерлерге толы.
Қазір ел дамуының шешуші кезеңіне қадам бастық.
Мемлекеттік аппарат біртұтас құрылым ретінде жұмыс істеуге міндетті. Солай болған жағдайда ғана біз көздеген мақсаттарымызға қол жеткіземіз.
Мықты мемлекет болу үшін ұлттың ұйыса білуі айрықша маңызды».
Ауданымызда бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Алайда атқарылар жұмыс одан да көп. Ел дамуының маңызды бағыттары жолындағы жұмыстар турасында аудан әкімінің орынбасары Ахметова Анар Садыққызымен сұхбаттасқан едік.
-Анар Садыққызы, аудан әкімінің идеология жөніндегі орынбасары күрделі де қиын қызмет. Яғни, күрделі салаларды қамтиды. Барлық сала маңызды. Алайда Сіз үшін ең маңыздысы қайсысы?
-Мен үшін барлық сала маңызды. Мәселен, білім саласы – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика негізінде жеке адамды, жас ұрпақты, жалпы қоғамды дамытуда ең маңызды сала. Денсаулық сақтау саласына келсек, әрине халықтың денсаулығы бәрінен де маңызды. Ішкі саясат – барлық мәселеге дер кезінде құлақ асып, халықтың мұң-мұқтажымен жұмыс істеу, сонымен бірге жастар саясаты, руханият, мәдениет саласы, халықтың жұмыспен қамтылуы мұның бәрі кезек күттірмейтін, бір-бірімен тығыз байланыстағы, бірінсіз-бірі алға баспайтын салалар. Мәселен, коронавирус індетіне қарсы екпе егу мәселесінің өзінде жұмыс халықтың сауаттылығын, мәдениетін көтеру арқылы ғана жүреді. Яғни, барлық саланы қатар, тең ұстай білгенде ғана нәтижелі жұмыс жүреді.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісінде сөйлеген сөзінде жаңа Қазақстанды құру туралы айтты. Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Меніңше, жаңа Қазақстанды құру туралы тапсырмаларды орындау үшін ең бірінші әрбір қазақстандық немқұрайдылық қасиеттен арылу керек. Есеп үшін, өзін көрсету үшін, тек қағаз жүзінде жұмыс жасауды тоқтату керек деп ойлаймын. Бұл пікір бұрын да айтылып жүрді, алайда ендігі жерде мұндай жұмыстарды әрі қарай қоғам қабылдамайды. Сондықтан Сіздің ойыңызша бұл маңызды мәселе бойынша не істеу керек деп ойлайсыз?
-Жаңаруды, жаңаша ойлап үйренуді, ойын жаңаша жүзеге асыруды ең бірінші әр адам өзінен бастауы керек. Жұмысты талап ететін сала басшысында да басшылық қасиеттер болуы тиіс. Яғни, әр басшыға білімділікпен қатар, сенімділік, батылдық, бірсөзділік, мейірімділік, түсіністік, еңбекқорлық, жауаптылық, ізденімпаздық, әділеттілік сынды қасиеттер қажет. Яғни, баршамыз өз-өзімізді дамытуға күш салуымыз керек. Замана сынағы бізден үздіксіз қозғалысты, мықты күш-жігерді және табанды еңбекті талап етеді.
Әрбір іс-шараны мақсатты, жанашырлықпен ұйымдастыру ол адамның жауапкершілігіне, жас ұрпақтың келешегіне деген жанашырлық қасиетіне, қарым-қабілетіне тікелей байланысты. Мамандар да осындай игі қасиеттеріне қарай бағалануы керек. Себебі, кез келген салада мәселенің түйінін білікті маман шешеді.
Сонда ғана жаңа Қазақстанға қол жеткіземіз.
-Елімізде жыл басында орын алған жағдай барлығымыз үшін үлкен сабақ болды. Қай жерде қателестік, нені қолға алу керек екенін ашып көрсетті. Әсіресе, жас ұрпақ тәрбиесіне жете көңіл бөлуді түсіндірді. Қазір барлық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы еліміздегі зиялы қауым өкілдері өз пікірлерімен бөлісуде. Айтылған пікірлердің барлығы ескеріліп, нәтижелі жұмыс істеледі деп ойлаймын. Осы орайда, Сіз байқаған қоғамдағы кемшіліктер қандай? Жас ұрпақ тәрбиесінде нені мықтап қолға алу керек деп ойлайсыз?
-Қаңтар айының басында болған қарапайым халықтың шеруі негізінен бейбіт түрде басталды. Алайда бізді қынжылтқаны, жастардың арандатушылардың сөзіне ілесіп кеткені. Бұл ауыр жағдай барлығымызға үлкен сабақ болды. Ендігі жерде ең бірінші тәрбие мәселесін мықтап қолға алу керек. Әрбір отбасы – мемлекеттің кішкентай бөлшегі. Сондықтан отбасында ата-ананың бала тәрбиесіндегі міндеті мен жауапкершілігін көтеру керек. Яғни, әрбір ата-ана баламыз қайда жүр, кімдермен жүр, бос уақытында немен айналысуда, әлеуметтік желідегі достары кімдер, жалпы интернет арқылы не көріп жүр, баланың ішкі жан дүниесінің сұранысы қандай барлығынан хабардар болып, ондағы мәселелермен жұмыс істей білуіміз қажет.
Жас ұрпақ тәрбиесі – жалпы қоғамға ортақ маңызды мәселе. Сондықтан жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жастардың жұмыспен қамтылуы, Отанға, елге деген патриоттық сезімін нығайту бағытындағы жұмыстарды мықтап қолға алуымыз керек.
Қазіргі таңда көптеген жастарымыз жұмыссыз жүр. Мәселен, біздің ауданда 14 мың жас болса, соның ішінде NEET жастардың санын 110 жас құрайды екен. Енді алдағы уақытта осы 110 жасты жұмыспен қамтуымыз керек. Жалпы бұл бағытта алдымызда көптеген мәселелер тұр.
Үстіміздегі жылы «Еңбек» бағдарламасының логикалық жалғасы ретінде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба қолға алынуда. Бұл кешенді жоба халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруде үлкен маңызға ие жоба. Яғни, жұмыссыздық мәселесін шешуге арналған ұлттық жоба.
Жоба аясында біз жоғарыда айтқан 110 жасты бірінші қысқа мерзімді оқуға жібергелі отырмыз. Одан кейін ауданда 182 адамға грант беру жоспарланса, соның 131-і жастарға беру көзделуде. Жаңа жұмысты, кәсіпті бастасам деген ниетті 131 жас мемлекет қолдауымен өз кәсібін бастаса, олардың әрқайсысы айналасына тағы да үш-төрт белсенді жастарды жинап, жұмыспен қамтыса, бұл бағдарламаның жемісін, пайдасын 300-400 адам көреді деген сөз.
Елімізде 2022 жылдан бастап грант беру ережелері мен талаптары өзгеріп отыр. Енді гранттар жастар мен әлеуметтік осал топтарға, оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылғандар мен көпбалалы отбасы мүшелеріне және еңбекке қабілетті мүгедектерге ғана беріледі.
Сонымен қатар «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы, кәсіптік даярлау және қысқа мерзімді кәсіптік оқуға ниет білдірген жастар бірінші кезекте жолданатын болады.
Қазіргі кезде аудан аумағында жұмыссыз азаматтар тіркеуге алынып, Ұлттық жобаның бағыттарына қатыстыру бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, ауданда жұмыс орындарының жоспары әзірленіп, картасы ұйымдастырылуда.
-Өткен жылы халыққа рухани қуаныш сыйлау, рухани дамуына тамшыдай болса да үлес қосу мақсатында көптеген жұмыстар атқарылды. Мәселен, саябақтағы мәдени шаралар, жуалылық ақын-жазушылардың туған жеріндегі тағылымды кездесу кеші, ауыл күндері, қайырымдылық шаралар, тағы да басқа. Енді үстіміздегі жылы осындай шаралар жалғасын таба ма? Қандай жоспарларыңыз бар?
-Шынында былтыр ауданда жақсы мәдени шаралар жүзеге асты. Өткен жаз халық індетке байланысты карантиндік талаптарды сақтап, үйден шықпай, теледидардан да, телефоннан да шаршаған кез еді. Сондықтан халықты мәдени шаралар арқылы көңілін көтеріп, серпілтуіміз қажет болды. Аудан әкімі Олжас Қаржауовтың тікелей тапсырмасымен халықтың мәдени тынығу, жалпы халықтың бос уақытын ұйымдастыру үшін орталық саябақтан жұмысты бастадық. Яғни, орталық саябақта үш айға арналған жоспар жасалды. Әр апта басында бір аптаға арналған бағдарламамыз туралы хабарландыруды әлеуметтік желілер мен аудандық басылымда жарияладық. Аптаның әр күні кешкісін бір-бірін қайталамайтын түрлі мәдени шаралар өткізілді. Мәселен, «Ретро әндер», «Сағындырған әндер-ай», түрлі байқаулар, вокальді, ұлттық аспаптар және отбасылық ансамбльдердің концерті ұйымдастырылды. Халықтың көңіл күйін рухани тұрғыдан көтеретін, рухани әлемін, мәдениетін дамытатын шаралар өз мақсатына жетті. Себебі, шараларға халық көп жиналып, ризашылығын білдіріп жатты.
Одан бөлек «Ашық аспан астындағы кітапхана» жұмыс істеп тұрды. Сонымен бірге балалар үшін, аудан тұрғындары үшін тегін караокеде ән айту, шахмат, дойбы, теннис ойнау орындары, футбол, волейбол алаңдары жұмыс істеді. Аудандағы шығармашылықпен айналысатын қосымша білім беру мекемелеріндегі үйірмелер де жұмысын саябақта өткізіп, түрлі көрмелер, байқаулар ұйымдастырылды. Ашық аспан астында ұйымдастырылған шаралар балалар, жастар үшін тиімді әрі қолжетімді болды.
Енді тікелей аудан әкімінің бастамасымен қыс ауасында да орталық саябақтардың жұмысын қолға алу мақсатында Қайрат ауылында орналасқан Бауыржан Момышұлы саябағының жұмысын жетілдіру басты назарда. Бұл жерде қазіргі таңда мердігерлердің тарапынан сырғанақ тебуге арналған мұз алаңы салынуда. Сондықтан бұл шарамыз ақпан айында жүзеге асады деп күтілуде. Сонымен қатар саябаққа арналған жоспарда көктем, жаз айларында да халыққа қолжетімді спорттық, рухани, мәдени шаралар өтетін орындар белгіленген.
Жуалы ауданы батырлар, генералдар, жазушылар өлкесі болып есептеледі. Биыл жерлесіміз халық жазушысы Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толады. Сондай-ақ, генерал Бақытжан Ертаев ағамыз 70 жасқа толады. Осыған орай жыл бойына жастардың патриоттық сезімін оятатын, рухани өсіретін түрлі шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Мәселен, кешегі күні орын алған қаңтар қақтығысында біздің жас сарбаздарымыз тікесінен тік тұрып ел күзетті. Алдағы уақытта жастарға, Отан алдындағы әскери борышын өтейтін жастармызға патриоттық тәрбие беру рухында Бақытжан ағамыздың патриоттық, ізгі істерін насихаттау мақсатындағы шараларға басымдық беруді көздеп отырмыз.
Сонымен бірге тұтас аудан жастарын Шерағамыздың шығармаларын, халықты ауызбіршілікке, шыншылдыққа тәрбиелейтін сөздерін жыл бойы оқып, жырлап, жатқа білетіндей дәрежеге жеткізетіндей ауқымды шаралар ұйымдастыратын боламыз.
Сондай-ақ, жас ұрпақ тәрбиесінде Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, тағы да басқа айтулы даталарды бір күн, бір ай ғана тойламай, жыл бойына насихаттау шараларын ұйымдастыратын боламыз.
Жоғарыда айтып өткенімдей, Жуалы тек батырлар елі ғана емес, ақын-жазушылар елі. Бір Қошқарата ауылының өзінен қаншама елімізге танымал жазушы, журналист, ақындарымыз түлеп ұшқан. Мәселен, Бауыржан Үсенов, Қасым Әзімханов, Алпысбай Шымырбай, Талғат Өтегенов, тағы да басқа. Сондықтан Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында Жуалыдан шыққан ақын-жазушыларымыз ауданымызға арнайы шақырылып, туған ауылдарында «Ауыл күндерінде» құрметті қонақ болуы, соңынан аудан орталығында мәдениет үйінде тұрғындармен, шығармашыл жастармен өткен кездесуі де тағылымды, сағынышқа толы, тәрбиелік мәні зор іс-шара болды. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба береді.
Тағы бір ерекше тоқталатын шара – Мемлекеттік рәміздеріміздің 30 жылдығына арналған шаралар болмақ. Елімізде Тәуелсіздік алғалы бірнеше рет Аза тұту күні болды. Енді ешқашан Туымыз төмен түспесін! Жемісті, қуанышты күндеріміз көп болып, Туымыз тек биіктен желбірей берсін!
Туымыз биіктен желбіреп, Әнұранымыз шырқала берсін десек, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруіміз керек. Сондықтан бұл бағыттағы шаралар ұрпақ тәрбиелеу жолында ұстанатын басым бағытымыз болуы тиіс.
-Әлемді әбігерге салған коронавирус індетін түбегейлі жеңетін бірден-бір жол ол – екпе егу. Адамзат тарихында бұған дейін кездескен қаншама жұқпалы, қауіпті ауруларды тек екпе ғана ауыздықтаған. Оны тарихымыздан, ата-апаларымыздың әңгімесінен жақсы білеміз. Алайда әлеуметтік желідегі түрлі алып-қашпа әңгімелер халықты адастыруда. Дегенмен, ауданда құрылған түсіндіру тобының жұмысының нәтижесінде аудан тұрғындарының екпе егуді қажет ететін тобы толығымен екпе қабылдады. Алайда әлі де бұл бағыттағы жұмыста кедергілер жоқ емес…
-Иә, халықтың денсаулығын сақтау мен нығайтуда аурудың алдын алу жұмыстарының рөлі ерекше. Бұл тұрғыда әсіресе, халықты екпеден өткізу мәселесінде қиындықтар көп. Қиындықтарды шешу үшін әр адам саналы түрде шешім қабылдауы керек. Осы жолда халық арасында екпенің пайдасын түсіндіру мақсатында өткен жылы мамыр айынан бастап көптеген жұмыстар атқардық. Аудан әкімі Олжас Есалханұлы бастап арнайы құрылған мониторингтік топ мүшелерімен бірге, ауылдық округ әкімдері, аудандық емхананың медициналық қызметкерлері үйме-үй аралаған кездеріміз де болды. Біздің қатарымызды еріктілер толықтырды. Ұйымдасқан, жүйелі жұмыстың арқасында аудандағы 52 мың халықтың 25 107 адамы 100 пайыз екпе қабылдады. Яғни, вакцинациялауға жататын халықтың тобы екпенің І, ІІ компонентін қабылдауда аудандар арасында алғашқылардың бірі болып қолжеткіздік.
Қазіргі таңда ауданда тұрғындарды ревакцинациялау жүріп жатыр. Оның орындалуы да ауданда әзірге 81,1 пайыз болып отыр.
Ал, 12 мен 17 жас аралығындағы балалар мен жүкті, емізулі аналарға салынатын «Комирнати» вакцинациясын егу жұмыстары да 60 пайыздан асып отыр. Бала – біздің болашағымыз. Сондықтан балаларға екпе салдыруда ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары да бүгінгі таңда маңызды жұмыстардың бірі. Себебі, халық болған соң түрлі түсінік, түрлі көзқарас болады. Сол себептен жауапты дәрігерлер медицина саласындағы тәжірибелерімен түсіндіре отырып жұмыстар жүргізуде. Қауіпті індетті жеңуде ұжымдық иммунитет қалыптасыру үшін бұл бей-жай қарайтын мәселе емес.
-2022 жыл Мемлекет басшысының қаулысымен Балалар жылы болып бекітілді. Балалар жылына орай ауданда қандай шаралар жоспарлануда?
-Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Қаулысымен балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Балалар жылы жарияланды. Ендігі жерде Үкімет тарапынан бекітілген арнайы ауқымды шаралар қолға алынады деп ойлаймын.
Жалпы, әр баланың қарым-қабілетін, ерекшелігін ескере отырып, балалардың рухани әлемін дамыту бағытында шығармашылық орталықтардың жұмысына едәуір серпін керек.
Қазіргі таңда балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, балаларды смартфоннан бас көтеріп, кітаппен дос болуына жағдай жасау мақсатында кітапханаларда балалар бұрышын қайта жасақтаудамыз. Алдағы уақытта бұл айдарлар мен бұрыштар өз жұмысын бастайтын болады.
Көктемде балалардың мәдени-танымдық әлеуетін арттыру мақсатында тарихи-мәдени орындарға демеушілердің, ата-аналардың қолдауымен экскурсия ұйымдастыру жоспарлануда. Бұл шаралардан мүмкіндігі шектеулі балалар да тыс қалмайды. Бұл санаттағы балалармен де жүйелі түрде жұмыс жүргізілетін болады.
-Соңғы сұрақ – жұмыс барысындағы ұстанымыңыз қандай?
-Жұмысты мақсатты ұйымдастыру. Қызметкерлерді лайықты бағалап, ынталандырып отыру. Жұмыста ұсақ-түйек деген болмайды. Әрбір нәрсеге жете мән беру. Айналама талап қойып, тәрбиелей отырып өзімді тәрбиелеу, дамыту, әркез ізденісте болу.
-Әңгімеңізге рақмет! Ісіңізге сәттілік тілеймін!
Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»