Basty bet

партияның Кезектен тыс конференциясы

Аудандық «Достық» мәдениет үйінде «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбековтың төрағалығымен партия Жуалы аудандық филиалының кезектен тыс XL (40-шы) конференциясы өтті.
Конференция жұмысына Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы Абдалы Нұралиев және облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев қатысты. Сонымен қатар, партия аудандық филиалы Саяси кеңесі және Саяси кеңесі Бюросының мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, партия аудандық филиалы «Жастар рухы» Жастар Қанатының мүшелері және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде жалпы үш мәселе қаралды. Қаралған мәселенің біріншісі – «AMANAT» партиясы аудандық филиалы Саяси кеңесінің 2021 жылдың маусымы мен 2023 жылдың тамызы аралығында атқарылған жұмысының есебі және алдағы уақыттағы міндеттері, оның ішінде Сайлауалды бағдарлама аясында өңірлік Жол картасының іске асырылуы туралы партия аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков баяндама жасады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша партия аудандық филиалы Саяси кеңесіне жаңа мүшелердің кандидатурасы ұсынылды. Конференция делегаттарының мақұлдауымен аудандық филиалының Саяси кеңесінің жаңа құрамы бекітілді.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының ХХХІІ есеп беру-сайлау конференциясына делегаттар сайланды. Конференцияда күн тәртібіне ұсынылған мәселелер толығымен қаралып, тиісті қаулылар қабылданды.
Әрі қарай облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев сөз алып, партияның бастамасымен қолға алған жобаларға тоқталып, Сайлауалды бағдарламаның аясында аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың бірқатарын атап өтті.
Жиын соңында сөз алған облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев «AMANAT» партиясы аудандық филиалы Саяси кеңесінің 2021 жылдың маусымы мен 2023 жылдың тамызы аралығында атқарылған жұмыстарына оң баға беріп, Саяси кеңеске жаңадан сайланған мүшелердің алдағы атқарар жұмыстарына сәттілік тіледі.
Конференцияны партия аудандық филиалының төрағасы Марат Аманғалиұлы қорытындылап, бастауыш партия ұйымдарының бұрынғы төрағаларының атқарған жұмыстарына алғысын білдіріп, оларға Алғысхат және бағалы сыйлықтар табыстады.

Нұрғалым МЫРЗАХМЕТҰЛЫ
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close