Basty bet

Өмірін өнермен өрнектеген өнерпаз

Қай кезеңде және қай елде болсын, мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы. Мәдениеттің өсуі – ұлттың өсуі, елдің өсуі. Қасиетті Тәуелсіздікке тәубе етіп, Мәңгілік Ел болуды мұрат еткен жасампаз халқымыздың рухани бай дүниесінің өлшемі мен өресі де осы мәдениет пен өнердің биік шоқтығында жатыр.
«Мәдениет – ұлт мәйегі» деп текке айтылмаса керек. Олай дейтініміз, мәдениет пен өнердің еліміздің жан-жақты дамуы мен өсіп-өркендеуіне қосар үлесі өлшеусіз. Мәдениет пен өнер – егіз ұғым. Ол – қаншама ғасырлар бойы құнды мұра болып келе жатқан халықтың дәулет-байлығы, асыл қазынасы. Ұлттық сананың кемелденуі, ел мәдениеті мен өнерін өркендету жолында мәдениет саласы мамандарының, оның ішінде, мәдениет үйлерінің, ауылдық клуб және шығармашылық орталық қызметкерлерінің еңбегі ерен.
Қасиетті өңірдің мәдениет саласы жылдан жылға қанатын кеңге жайып, өркендеп келеді деп айтуға толық негіз бар. Ауыл мәдениетінің дамуы жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген үлгілі өнер қызметкерінің бірі аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының маманы, «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің белді әншісі Мадина Свамбаева өңір өнерінің дамуына мол үлес қосып келеді.
Өмірін өнер жолымен өрнектеген Мадина Өмірбекқызы – ауданға қарасты Ертай ауылында дүниеге келген. Ол бала кезінен өнерге жақын болып өседі. Алғашында ауыл сахнасында өнер көрсетіп, түрлі мәдени іс-шараларға белсене қатысып, кейіннен аудандық «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің белді мүшесі атанды. Өнер адамға қанмен берілетін құдірет екені дәлелдеуді қажет етпесе керек-ті. Өнерпаз Мадинаның әкесі жағынан туыстары да өнерден құр алақан емес. Ұстазы – ұлттық музыканың көрнекті өкілі, «Қоңыр» тобының мүшесі, жезтаңдай әнші Мархабат Мықтыбеков.
– Ауылдағы орта мектепті бітірген соң, 2004 жылы аудандық «Достық» мәдениет үйіне жұмысқа қабылдандым. Араға біраз уақыт салып М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде «Музыкалық білім» мамандығы бойынша сырттай бөлімде білім алдым. Мәдениет саласында халыққа қызмет етіп жүргеніме биыл – 20 жыл. Қазіргі таңда оркестр құрамында ән айтып, «Мыңбұлақ» халық театрында да өнер көрсетемін. Көбінде халық әндерін орындағанды жаным сүйеді. Мен дүниеге келгенде қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Мәдина Ералиеваның өнері шарықтап тұрған кезі екен. Анам перзентханада сол кісінің әндерін тыңдап жүріп: «Менің қызым да Мәдинадай әнші болады» деп ниет етіпті. Сол кісінің құрметіне есімімді де анам өзі қойған болатын,- дейді М.Свамбаева.
Ауданның мәдениет саласында талмай еңбек етіп, шығармашылығын шыңдап келе жатқан өнер иесі отбасында Бауыржан Маймақов екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған үлгілі ата-ана. Балалары да өнерден алыс емес. Кенже қызы Іңкәр «Топжарған» би тобының мүшесі, №1 Балалар өнер мектебінде вокал үйірмесіне қатысады. Одан бөлек театрда да өнер көрсетеді. Ұлы Нұртілеу қара домбыраның құлағында ойнап, ән де айтады.
Өнерпаздың жеткен жетістіктерін айтатын болсақ, 2017 жылы Тараз қаласындағы «Баласағұн» мәдениет сарайында өткен «Жаңарған Жамбылым» атты бірінші республикалық әншілер байқауының лауреаты, Шәмші әндері облыстық байқауының II орын иегері және т.б. Алғысхат, түрлі дәрежелі Дипломдармен марапатталған. 2021 жылы «Достық» аудандық мәдениет үйінде «Мен қазақтың қызымын!» атты жеке есеп беру ән кешін өткізді.
Өмір айнасы өнер болған соң, ол жарыққа шықпай тұра алмайтыны анық. Олай деуге себеп, мәдени шаралардың өзі – өмірдің бір бөлшегі және ұрпаққа берер тәрбие. Еліміздің бай мәдени мұрасы мен руханияттың дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан өнерпаздардың еңбегі әркез бағалы.

Аида Тұрғұмбекова,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close