Basty bet
Картоп – екінші нан!
биыл «Зылиха» тұқым шаруашылығында 70 гектарға жуық элиталы картоп тұқымы күтіп-бапталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев асыраушы сала саналатын ауыл шаруашылығындағы агроөнеркәсіптік кешенін жан-жақты дамыту арқылы халықтың табысын арттыруға айрықша назар аударып отырғаны белгілі. Бұл бағытта елімізде жүйелі жұмыстар қолға алынып, жүргізіліп келеді.
Жуалы ауданының табиғаты ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қолайлы өңір болып саналады. Қазіргі таңда аудан көлемінде мал азығын дайындау, сонымен қатар, жаздық арпа мен күздік бидай алқаптарының өнімі толықтай орылып, ендігі кезекте картоп және бау-бақша дақылдарын жинау жұмыстары қалып отыр.
Аудан бойынша ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі – 216 306 га, оның ішінде, 95 435 гектары егістік, (жалпы суармалы егістігі – 8 460 га.) Шабындық 2 046 гектар, жайылым 109 439 га, көпжылдық екпелер 265, басқа да жерлер 2 128 гектарға тең. 2025 жылдың өнімі үшін ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі барлығы – 54 956,0 гектарға орналастырылып, 102,6 пайыз (2024 жылы 53 516,0 га ). Атап айтқанда, биылғы жаздық арпа алқабы – 28 510,0 гектарды құраса, майлы дақылдар 17 976,0 га, көпжылдық шөп алқабы 4 500, картоп 2 554, көкөніс 704, дәндік жүгері 150, сүрлемдік жүгері 708, бақша дақылдары 13, мал азығы 30 079, егілген күздік бидайдың алқабы 10 300 гектарды құрап отыр.
Айта кету керек, биыл өңірде қуаңшылықтың байқалуына байланысты орақ кезінде жаздық арпаның түсімі әр гектардан орта есеппен небәрі 6,9 центнерді құраса, күздік бидайдан алынған өнім әр гектардан 9,2 центнерден айналып, аталған екі дақылдан жиналған жалпы өнім көлемі 29 мың тоннаға жуықтады.
Иә, қасиетті Жуалы ауданын ақ бидайы жайқалып, төрт түлігі мыңғырған берекелі өңір дейтін болсақ, жері-суы дуалы, ауасы таза өңір картоп дақылын өсіруге де өте қолайлы саналады. Табиғаттың осынау сыйын жақсы білетін жергілікті шаруалар картоп алқабының көлемін ұлғайтуға бар күш-жігерін жұмсау үстінде. Биыл өңір шаруалары барлығы – 2 554 гектар алқапқа картоп тұқымын сіңірсе, оның 379 гектары Нұрлыкент ауылдық округіне тиесілі.
Картоп – екінші нан. Одақ кезінде дәмі ерекше тіл үйіретін ірімшігімен және ақ картобымен аудан даңқының алысқа тарап, өңір еңбеккерлерінің еңбегі еленіп, жоғары бағаланғанын жақсы білеміз. Кейіннен Одақ тарап, ұжымшарлар бөлінгеннен кейін өңірде шағын шаруашылықтар құрыла бастады. Ауданда Тәуелсіздіктің елең-алаңында құрылып, бүгінде аяққа нық тұрып, кемеліне келген шаруа қожалықтың бірі әрі бірегейі ретінде Түктібай ауылында орналасқан «Зылиха» тұқым шаруашылығын атап айтуға болады. Еселі еңбек пен жүйелі жұмыстың нәтижесінде аталған қожалық бірер жыл бұрын «Тұқым шаруашылығы» статусына ие болды. Шаруашылық 2001 жылдан бастап картоп егумен және тұқым шаруашылығымен тұрақты айналысып келеді.
Жұмыс барысында кездескен қиындықтарды қажырлы еңбекпен еңсерген шаруашылық биыл «екінші нан» алқабының көлемін 70 гектарға ұлғайтып отыр. Тұқым шаруашылығы болып танылған шаруашылық көп жылдық тынбай ізденудің нәтижесінде, картоптың голландиялық тұқымын жаңа технологияның негізімен егіп, басқа тұқымдарға қарағанда әлдеқайда мол өнім беретін бірнеше сортты жерсіндіруге күш салып келеді. Көп жылғы ізденіс нәтижесіз болған жоқ. Тұқым шаруашылығы биыл екінші жыл қатарынан егістік алқапқа картоптың «Пикассо» және «Артемис» аталатын элиталы сорттарын егіп, оны тиісті агротехникалық шараларды сақтау арқылы күтіп-баптады. Өткен аптада жиын-терін жұмыстарына үлкен дайындықпен кіріскен шаруашылықта қазір картоп жинау науқаны басталды.
Өткен аптаның жұма күні Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты Түктібай ауылының жоғары жағында орналасқан 7 гектар картоп алқабындағы өнім жинау жұмыстарының барысымен танысып, шаруашылық басшыларымен сөйлестік. Биыл мұндағы алқапқа Нидерланды мемлекетінен жеткізілген «Пикассо» элиталық картоп тұқымы егілген. Алқапта топырақтан жаңа қазылған ірі-ірі картопқа қарап биылғы өнімнің жоғары болатынын оңай бағамдауға болатындай.
Шаруашылықтағы дәстүрлі жиын-терін жұмыстарына аудан орталығынан жұмысшылар тартылған. Мұнда шамамен 30-ға жуық терімші әйел қолайлы ауа райын тиімді пайдаланып, дайын өнімді ысырапсыз жинап алуға күш салуда.
– Күзгі жиын-терін науқаны кезінде картоп теру жұмыстарына араласып келе жатқанымызға 20 жылдай уақыт болды. Бұл алқапқа келмес бұрын Көлбастау ауылындағы картоп өсірумен айналысатын шаруашылықтарда өнім жинадық. Үйреніп қалған жұмысты ешбір қиналмай, күліп-ойнап атқарамыз. Бұл – ұжымдық еңбек. Сондықтан әрбір күніміз еңбекпен өтеді. Бір-бірімізге жылы сөзімізді арнап, көмектесеміз.
Жұмыс таңертеңгі сағат 6:30, 7-00 шамасында басталып, кешкі төрт-бестерде аяқталады. Шаруашылықтан төленетін бір күндік еңбекақыға ризамыз. Келіскен сомаға қосымша бір шелек картоп беріледі. Түскі үзіліс кезінде алқап басында тамақтанамыз. Бір сөзбен айтқанда, адал еңбек ету арқылы нәпақа тауып, отбасын асырап келеміз. Алладан берілген денсаулық, бойда күш-қуат барда көштен қалмай еңбек еткенге не жетсін,- дейді өзін Алтынкүл Кенжалиева деп таныстарған көлбастаулық егде әйел.
Иә, айтса айтқандай, бригада құрамында тұрақты еңбек етіп жүрген жалдамалы жұмысшылардың дені зейнет жасындағы әйелдер. Атап айтқанда, Әуес Қалменова Сапаргүл Бейсенбаева, т.б. еңбекқор жандар жастарды еңбекке баулып өсірудің ел болашағына пайдасы ұшан-теңіз екенін айтады. Айта кету керек, жұмысшылар бригадасына тәжірибелі маман Әмина Әбдіжаппарова жетекшілік етеді.
Ауыл шаруашылығы саласының қай тармағын алып қарасаңыз да қуатты техниканың күшімен атқарылатыны белгілі. «Зылиха» шаруа қожалығында жүргізіліп жатқан жиын-терін жұмыстарына барлығы 10 ауыл шаруашылығы техникасы тартылған. Картоп қазатын және дайын өнімді жүк көлігіне тиейтін доңғалақты трактор, 6 дана жүк көлігі (3 бірлік ЗИЛ, 3 бірлік ГАЗ-53 маркалы жүк көлігі) бар. Қуатты техникалардың көмегімен жұмысты уақтылы әрі сапалы атқаруға мол мүмкіндік жасалуда.
– Картоп қазу жұмыстарын бүгін ғана бастап жатырмыз. Жұмыс күшін жеткілікті деп айтуға болады. Аудан орталығынан тұрақты жұмысшылардан жасақталған бір бригада жұмысқа таңертең ерте кірісіп, түс ауа аяқтайды. Науқанға қажетті техникаларымыз да сақадай сай. Жеңілдетілген дизель отынын алып жатырмыз. Биыл да жылдағы дәстүрге сай картоп тұқымы алқаптарға уақтылы егілді. Күтіп-баптау, суғару жұмыстары да уақтылы атқарылды деуге болады. Биыл Нидерландыдан 20 тонна «Пикассо» аталатын элиталы картоп тұқымын әкелгенбіз. Алқаптардың көп бөлігіне осы тұқым егілді. Қазу жұмыстары енді ғана басталды. Өнімділік жоғары болады деген үмітіміз бар. Маңдай тер мен еңбегіміз ақталса дейміз. Бұл дақылды егу және күтіп-баптау жұмыстарына аз уақыт, аз қаражат жұмсалмайды. Сондықтан жиын-терінді уақтылы бастап, уақтылы аяқтауға күш салудамыз,- дейді шаруашылық басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев.
«Зылиха» шаруа қожалығы «Тұқым шаруашылығы» дәрежесіне ие болып, аудан шаруаларына сапалы картоп тұқымын таратушы оператор ретінде өнімді жұмыс атқаруда. Тұқым шаруашылығының бұл саладағы тәжірибесі жеткілікті. Құрылған күннен бастап тек қана сапалы тұқым егуді дәстүрге айналдырған шаруашылықта алға ілгерілеу анық байқалады. Оны жыл санап артып келе жатқан картоп тұқымының сапасынан болсын, ауыл шаруашылығына арналған техника күшінен немесе жаңа технологияларды енгізу ісінен байқау қиын емес. Шаруашылық біраз жыл бұрын 1,5 мың тоннаға дейін дайын өнім (картоп) сақтайтын екі бірдей заманауи қойманы жабдықтап, іске қосты. Осының арқасында өнімді сапалы әрі ұзақ сақтауға мүмкіндік туып отыр.
Шаруашылық биыл барлығы 70 гектарға картоп тұқымын егіп, күтіп-баптаса, оның 25 гектары ертелеу пісетін «Артемис» тұқымы. Қалған алқаптар «Пикассо» элиталы картоп тұқымына тиесілі.
Биыл Алатаудың етегіндегі «Көксай» каналынан егістік алқаптарға судың түсуі жылдағыдан сәл аздау болғанын айтады шаруашылық мамандары. Ағын судың мол болуы төменде орналасқан Ақтөбе, Қызыларық ауылдық округтері және Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты Түктібай ауылының шаруаларына егістіктен мол өнім алуға үлкен көмек екені анық.
Айтса айтқандай, теміржолдың үстіңгі бөлігінде (Алатау ауылына барар автожолдың бойында) қаз-қатар орналасқан егістік алқаптарға ақ егіс пен көпжылдық шөп және картоп егілген. Қазір осы аймақта картоп жинау науқаны қызу жүруде.
Науқандық жұмыстарды негізінен шаруашылықтың бас маманы, істің жайын жақсы білетін еңбекқор азаматтар – Данияр Байбатыров және Нұрлан Лес үйлестірсе, тәжірибелі сушылар – Нұрлан Иманбеков, Дастан Оспанов, Бауыржан Мамыр және Ерболат Бегалиев өнімді күтіп-баптау, суғару жұмыстарын атқарды.
Картоп өсіру ісінде көп жылдық мол тәжірибесімен ерекшеленетін «Зылиха» шаруа қожалығы биыл картоп тұқымын негізінен алдыңғы жылдары жоңышқа егілген тың алқаптарға отырғызғанын айтады. Оның үстіне, картоп алқабына зиянды тыңайтқыштардың берілмеуі де өнімнің экологиялық таза болуының бірден бір кепілі болмақ.