Basty bet
Еңбек ардагерлерімен тағылымды кездесу
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Әлихан Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейде «Ұлы ерлікке мәңгілік тағзым: Туған өлкеден Отанға» тақырыбында тыл ардагерлерімен кездесу өтті.
Шараның мақсаты – соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлерінің ерен еңбегін жас ұрпаққа танытып, олардың өмір жолынан өнеге алу және елге деген сүйіспеншілікті дәріптеу.
Кездесуге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, Б.Момышұлы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренұлы, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әбуғали Ералиев және еңбек ардагері Шәкіржан Мамаджанов шақырылды.
Іс-шарада Әнұран шырқалып, күмбірлеген күй орындалды. Әрмен қарай дәуірдің бейнесі ретінде «Майданнан хат» көрінісі сахналанды. Одан бөлек, оқушылар кеш қонақтарына арнап өлеңдер оқып, патриоттық әндер шырқады.
Кездесу барысында ардагерлер оқушылармен ашық әңгіме өрбітіп, өз естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, жас ұрпаққа Отанға деген құрметтің маңыздылығын түсіндіріп, бейбіт күннің қадірін біліп, елін сүюге шақырды.
Ардагерлер үшін бұл іс-шара тек өздерінің елеулі еңбектерін еске алу ғана емес, сонымен қоса, жас ұрпақтың болашағы үшін тәрбиелік мәні бар тағылымды кездесулердің бірі болды.
Мұндай кездесулер жастардың патриоттық сезімін оятып, өз Отанына деген жауапкершілік пен құрметті арттыра түспек. Сондай-ақ ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, ел ертеңі үшін біртұтас ұлт болуға шақырып отыр. Жастарға еліміздің Тәуелсіздігі мен бейбітшілігі үшін күрескен батыр бабаларды құрметтеуге, тарихты бағалауға және болашаққа сеніммен қарауға септігін тигізетіні анық.
М.Ибраймова,
Ә.Сауранбек,
Ә.Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейінің ұйымдастырушысы.
Ж.Молдағалиева,
АӘД пән мұғалімі