Basty bet

Мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы спартакиада

Ауданда мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау, олар үшін қолайлы орта қалыптасыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Сонымен қатар, ерекше күтімді қажет ететін жандар қоғамнан тыс қалмай, түрлі спорттық шараларда белсенділік танытуда.
Осы орайда, өткен аптада қам көңіл балаларға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында спорт кешенінде мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спартакиада өтті. Шараны аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен Жамбыл облысы “Нақты көмек” мүгедектер қоғамы” қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Спорттық жарыста аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету құрылымдық бөлімшесінің, “Жуалы мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту және бейімдеу” орталығының және “Жамбыл облысының мүгедектерін әлеуметтік қорғау” қоғамдық бірлестігінің балалары бас қосты.
Жарыстың ашылуында аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев және Жамбыл облысы “Нақты көмек” мүгедектер қоғамдық бірлестігінің мүшесі Елена Иванова сөз алып, шараның маңыздылығына тоқталды. Бұл жарыс – қоғамдағы мейірім мен бірліктің айнасы екенін, жарыс арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмірге құштарлығы және рухының мықтылығы айқын көрінетінін айтып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Спартакиада аудандық “Қызғалдақ” ән-би ансамблі әншілерінің орындауындағы патриоттық рухтағы әндерімен басталды.
Әрі қарай спартакиаданың бағдарламасына сәйкес, балалар шахмат, қол күресі, дартц, тоғызқұмалақ және дойбы ойындарында өзара бақ сынасты. Бұл сайыстар қатысушылардың ой ұшқырлығын, төзімділігін және жеңіске деген құштарлығын шыңдады. Балалардың жүзінен толқу мен қуаныш лебі сезілді. Олардың жүзіндегі күлкі мен қуаныш, қайсарлығы мен табандылығы – олардың өмірге деген құштарлығының айқын көрінісі.
Жарыс барысында Жамбыл облысы “Нақты көмек” мүгедектер қоғамы” қоғамдық бірлестігі ауданда әлеуметтік салада жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарды Алғысхатпен марапаттады.
Спартакиада соңында жеңімпаздар мен белсенді қатысушыларға Дипломдар мен естелік сыйлықтар тапсырылды.

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close