Basty bet

Ақсайда көпшілікке үлгі-өнеге боларлық істер көп

Биыл тарихы тереңде жатқан Қазақстан Республикасының жаңа заманда қайта егеменді ел болғанына 32 жыл толып отыр. Еліміздің Тәуелсіздік алғаннан бері ел тарихында көптеген өзгерістер орын алды. Басынан түрлі қилы замандарды өткерген еліміз бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Қазақстанның қай өлкесін алып қарасаңыз да, барлығы көрікті әрі әсем. Елдің өркендеуіне атсалысып, дамуға септігін тигізіп отырған ауыл-аймақтар да өңірімізде жетерлік. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып отырған топырағы құнарлы, шөбі шүйгін, тау-тасы киелі, қасиетті мекеннің бірі – Жуалы ауданы.

Батырлар мен ақындардың, қасиетті өлкенің жұлдызын биікте жарқыратқан генералдардың елі атанып кеткен аудан өзіндік терең тарихқа ие. Жуалы – жүректі батырларды, қаламы қарымды ақын-жазушыларды және ел өмірінде ойып алар өзіндік орны бар белді-беделді талай дүлдүл тектес азаматтарды түлеткен өлке. Сонымен қатар, тек өзіне ғана тән тамаша табиғатымен, құнарлы топырағымен, суы кәусар бұлақтарымен және пейілі кең, жүрегі жомарт тұрғындарымен танымал өңір.
Бүгінде аудан орталығымен іргелес болып, тұрғындарының еңбекқорлығымен көркейіп келе жатқан Ақсай ауылдық округінің тыныс-тіршілігі, алға қойған жоспарлары былайғы жұртшылыққа үлгі. Ауылдық округтің құрамында екі ауыл болса, бүгінгі әңгіме округтің орталығы Қайрат ауылының тыныс-тіршілігі жайында болмақ.
Қайрат ауылы – ауыл шаруашылығына ден қойған, бірлігі бекем ауыл. Бүгінде 2 266 тұрғыны бар ауылдың негізгі күнкөріс көзі мал және егін шаруашылығымен тікелей байланысты. Бүгінгі күні ауыл тұрмысы пилоттық жобаның арқасында одан әрі дамып, көркейіп келеді. Мемлекет тарапынан берілген мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып отырған шаруа қожалықтардың саны – 134. Қазіргі таңда ауылда егістік алқаптары мен малдың басы да өсіп келеді.
«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру жобасына» Ақсай ауылдық округінің тұрғындары да қатысты. Аталған жоба 2021 жылы төрт бағытына жалпы 500 миллионнан астам несие қаражаты беріліп, толық игерілген. Олар мал шаруашылығын дамыту және мал сатып алу бағыты, тұрғындардың ауыл сыртындағы жерлерді тиімді пайдалану, кооперативтерді жабдықтау және құру бағыты және тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге бағытталған.
Осыған сйкес, мал шаруашылығын дамыту және мал сатып алу бағыты бойынша ауылдық округте 1 254 мал басын сатып алуға 85 ауыл тұрғыны несиемен қаржыландырылған. Тұрғындардың ауыл сыртындағы жерлерді тиімді пайдалану 2022 жылы игерілген егістік жер көлемі 800 гектарға ұлғайған. Кооперативтерді жабдықтау және құру бағыты бойынша 21 дана ауыл шаруашылығы техникасы лизинг жүйесімен сатып алуға жергілікті бюджеттен 12 млн теңгеге бес пайызбен несиелендіріліп, алынған 21 дана техникаға республикалық бюджеттен 25%-бен 17 миллион теңге инвестициялық субсидия төленген.
Ал аталған жобаның аясында кәсібін ашуға немесе кеңейтуге берілген мүмкіндікті пайдаланып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған ауыл тұрғындары да бар. Ауыл тұрғыны Қуанышбек Төребеков механикалық техникалық қызмет көрсету орталығын ашса, Диас Рахманқұлов кілемнен портрет жасау бойынша 2,8 млн теңге несие алып, ауылда өз ісін жүргізіп отыр. Ағайынды Қайсар мен Эльдар Құралбай бал ара өсіру бағыты бойынша кәсіптерін бастаған.
Ауылдың мақтан етер тұстары жетерлік. Соның бірі – ауылдық округтің орталығында қазақтың біртуар ұлы, даңқты әскери қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының мемориалдық музейі орналасқан. 1995 жылы ашылған мұражайда Баукеңнің фотосуреттерінен фотоколлаж, оның әскери формасы, бейбітшілік уақытында киген киімі, пайдаланған заттары, альбомдар, домбыра, төсек, жұмыс кабинетіндегі заттар және кітап сияқты заттарды қамтиды. Қазіргі уақытта мұражайда барлығы 2 074 экспонат сақтаулы. Мұражай қызметкерлері ғылыми және ағартушылық қызметпен айналысады. Жергілікті мектеп оқушылары үшін мұражайда көрмелер, экскурсиялар, лекциялар, әңгімелесулер және музыкалық-әдеби кештер өткізіледі. Бұл жас ұрпақты Батырдың өмірінен үлкен тағылым алып, тұлғаны тануға өз ықпалын тигізуде.
Сонымен қатар, мұражайдың жанынан жасалған Б.Момышұлы саябағы ауылдың көрікті жерлерінің бірі десек те болады. Аудандағы көптеген мерекелік және көпшілік іс-шаралар мен мерейтойлар сол көрікті саябақта аталып өтіледі. Б.Момышұлының 100 жылдығы аталып өткен саябақта биыл Жуалы ауданының 95 жылдығы аталып өтті.
Имандылыққа бет бұрған ауылда 2018 жылы ауыл тұрғындарының бірлесуімен «Қайрат» көпшілік мешіті бой көтерді. Мешіт 300 адамға арналып соғылған. Мешіттің жанында діни ілім алып, білімін жетілдіремін деушілерге медресе және асхана жұмыс істейді. Қазіргі таңда мешіттің жамағаты бірлесіп игі істі қолға алып жатыр. Олар өзара келісіп немесе жеребе арқылы ай сайын бір адамды «кіші қажылыққа» жіберу. Бүгінде құлшылық жасауға мешіт жамағатынан 12 адам барып, қайтты. Ауылда болатын ас, құдайы тамақ және Ораза кезінде ауызашар мешітте өтеді.
– Мешіттің небәрі сегіз айдың ішінде соғылып бітуі – ауыл азаматтарының жұмыла жасаған жұмысының арқасы. Оған қаржылай көмек берген де ауыл азаматтары, құрылысын жасаған да ауылдың азаматтары. Бұл ауыл тұрғындарының ынтымақ-бірлігінің жоғары деңгейде екенін көрсетеді.
Қазір мешіт ішіне арнайы сөрелер жасаттық. Ол жерде қажылыққа барып-қайтқан азаматтар естелік заттар әкеліп қояды. Сондай-ақ елге еңбек сіңірген, ауылдың көркеюіне атсалысып жүрген және атсалысқан ауыл қариялары мен кіші қажылық парызын өтеп келген ауыл азаматтарының суреттерін сақтайтын альбом жасаттық. Оны жасатқан себебіміз, одан жастар үлгі-өнеге, ғибрат алсын деген ниет,- дейді Ақсай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Кәрібай Құрмашов.
Қазіргі уақытта ауылдың барлық көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт жамылғысы төселген. Сондай-ақ ауылдың батыс беткейінен үй салу үшін тұрғындарға жер телімдері беріліп жатыр. Бұл да ауыл тұрғындары санының артып келе жатқандығының белгісі.
Қайрат ауылының өзге ауылдардан айшықтап тұрған тағы бір нәрсе бар. Ауыл көшелеріне негізінен ұлт қайраткерлерінің есімдері берілген, яғни олар – Төле би, Әлия Молдағұлова, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынұлы және Абай Құнанбайұлының есімдері. Өзге алты көшеге осы өңірде туып-өсіп, еңбек еткен ел азаматтарының есімдері берілген. Олар ел қорғаған – Садыбай батыр, милиция генерал-майоры Есен Демесінов, еңбек адамдары – Озғанбай Тәукебаев, Тоқтасын Тілеуқұлов және Манап Әлімбекұлы.

Нұрғалым Мырзахметұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close