Basty bet

Дәуірмен үндес, заманмен сырлас басылым!

Аудан тарихының шежірешісі, уақытпен бірге жасасып келе жатқан төл басылымымыз – «Жаңа өмір-Новая жизнь» газетінің 90 жылдық торқалы тойы құтты болсын!
Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы өткен ғасырдың басында «Газет – халықтың көзі, құлағы және һәм тілі» деген өсиет сөз қалдырыпты. Бұл қалтқысыз баға, өңірдің жасампаз тарихымен бірге жасасып келе жатқан «Жаңа өмір – Новая жизнь» газетіне де берілген баға.

«Газеттің өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік» деген ұғым осыдан қалғаны ақиқат. Өйткені, арадан қаншама жылдар өтсе де белгілі бір қоғам мен заманның тарихын сол кезең газеттерінен іздеп табуға болады.
Жуалы ауданының тарихы да, оның өз газеті – «Жаңа өмірдің» беттерінде қалып жатқаны бекер емес. Енді осы төл газетіміздің өткеніне, яғни тарихқа көз жүгіртсек.
Жуалы аудандық газетінің тарихы бірде 1932 жылдан, енді бірде 1934 жылдан басталады деген екі ұдай пікір айтылып жүргені анық. Мұның да өз жөні бар сияқты. Өйткені, 30-жылдары Жуалыда «Таусағыз» (1932) және «Адал еңбек үшін» атты екі бірдей газет шыққаны архив деректерінен белгілі.
Орысша-қазақша аралас шыққан бұл басылымның қазақша вариантының редакторы көрнекті журналист-публицист, қоғам қайраткері Құрманбек Сағындықов болды.
Кейін «Адал еңбек үшін», «Сталин жолы» деген атаумен шыққан.
Соғыс кезінде аудандық газет «Тыл – майданға!», «Бар күш гитлершіл басқыншыларды талқандауға жұмылдырылсын!» деген ортақ тақырыптармен хабарлар жариялап отырған. Жергілікті басылым аш-жалаңаш жүріп егін өсірген, дән бастырған, мал баққан, пішен шапқан, трактор жөндеген ауыл адамдарының жанқияр еңбегін елге өнеге етіп ұсынудан жалыққан емес. Оқырман қауым жерлестерінің әскери заемдарға жазылғанын, әйелдердің түнімен ұйқы көрмей әскерге қолғап, шұлық, бөкебай тоқып және жылы киімдер дайындап «қанатымен су сепкен қарлығаштай» жеңіске өз үлестерін қосып жатқанын осы газеттен оқып білетін. Кейбіреулердің самолет, танк жасау үшін өз қаржыларын тиісті қорларға аударған патриоттық іс-әрекеттері де газет бетінде жиі көрініп тұратын.
Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңінде аудан жұртшылығы атқарған істер де «Сталиндік жолдың» назарынан тыс қалған емес.
1952 жылы 24 қаңтарда Бүкілодақтық Коммунистік большевиктер партиясы «аудандық газеттерді жақсарту туралы» қаулы қабылдап, онда жергілікті басылымдардың мазмұнын, идеялық-көркемдік дәрежесін жақсарту, материалдық базасын нығайту жөнінде нұсқау берілген болатын. Партия талабына сәйкес редакцияны білікті кадрлармен толықтыру, газетке қойылар талапты күшейту жөнінде көптеген игілікті істер атқарылды.
Редактор болып Сергей Кузьмич Носиков тағайындалған 1953 жылы партияның талабына сай газет жұмысына ауыл-село еңбеккерлерін көбірек тарту, ауыл тілшілерін тәрбиелеу, қалыптастыру жөнінде көптеген мақсатты жұмыстар жүзеге асырылған. Баспахананың полиграфиялық базасы біршама жақсартылған.
Соғыс жылдары әртүрлі себептермен газетте қазақша материалдар беру тоқтатылып тасталған болса, 1955 жылдан бастап қазақша нұсқасы өз алдына отау тікті.
1958 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің арнайы нұсқауына сәйкес газеттің көлемі ұлғайып, ол төрт бетпен шыға бастады.
1963 жылдың мамыр айында Жуалының төл газеті «Жаңа өмір» деген атпен қайта шыға бастады.
Өткен ғасырдың 60-жылдары газет редакциясы білімді, білікті кадрлармен нығая түскендіктен, басылымның мазмұны тереңдеп, идеялық-көркемдік дәрежесі арта түскенін сол кезден қалған газет тігінділері айқын дәлелдейді.
Аудандық газет жұмысына университет бітірген талантты журналист Манап Бөлекбаев, Кәрібай Ахметбеков келіп, басылымның ажары айтарлықтай ашыла түскен.
Бақытжан – ардақты Батыр Баукеңнің ұлы да Жуалы аудандық газетінің белді қызметкерінің бірі болғанын бүгінде екінің бірі біле бермейді. Сөйтіп, бүгінде бүкіл халық таныған белгілі қаламгерлер Манап Бөлекбаев, Кәрібай Ахметбеков, Бақытжан Момышұлы журналистикадағы алғашқы қадамдарын біздің газетте бастағанын келешек ұрпақтар да білуге тиіс деп ойлаймыз.
1967-1969 жылдары газетке маман журналист Константин Васильевич Цайзер редакторлық етсе, 1969 жылдан 1987 жылға дейін үздіксіз 18 жыл Әбдіғапар Айтоқұлы басшылық жасады.
Бұл кезде «Жаңа өмір» газеті аптасына үш рет – орысша нұсқасы өзінше, қазақшасы өзінше жеке-жеке газет болып шығып тұратын.
Журналистік қызмет – ой еңбегінің жемісі. Әр мақала маңдай термен келеді. Еңбекқорлық тілшілер қауымына да тән қасиет. Бұл редакцияда аға буын қалыптастырған сара жолды ізбасарлары Шералы Шөкенов, Базар Қилыбаев, Мырзай Нұрабаев, Аманкелді Ормантаев, Ораз Елшібаев, Карл Кистер, Әбдік Қоңырбеков, Қасым Әзімханов жалғастырды. Газет материалдарын қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға екі тілде бірдей аударатын Икрамбай Тұрғымбеков редакциядағы басты тұлғалардың бірі болды. Республика көлемінде танымал болған белгілі қаламгерлер – Қазақстан журналистер одағының хатшысы Рақым Сатаев, Алматы теледидарының бас редакторы Жаңабек Тоқпанов, «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы тілшісі Мақұлбек Рысдәулетов, танымал жазушы Әміртай Бөриев, Жақсылық Жүнісов біздің газетімізде алғашқы туындыларымен көрініп, студенттік практикаларын осында өткізген.
70-жылдары «Жаңа өмір» газеті көптеген талант иелерін қанаттандырып ұшырды. Осы газетте 7 жыл қызмет істеген Қасым Әзімханов бүгінде республикалық «Құқықтық Қазақстан» газетінің бас редакторы, Қазақстан журналистикасының қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. Алғашқы тырнақалды туындылары осы газетте жарияланған Толымбек Әлімбекұлы қазір елімізге кең танылған сатирик-ақын, бірнеше кітаптың авторы. Жуалылық сатирик-жазушы, белгілі тележурналист, халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының Бас директоры, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Доқтырхан Тұрлыбек ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізге сүбелі үлес қосып отырған танымал азамат. Ол көптеген сықақ әңгімелердің, 70-тен астам ғылыми-көпшілік және танымдық телефильмдердің авторы.
Мектеп қабырғасында жүрген кездің өзінде аудандық газетке хат-хабар, әдеби туындыларын жариялап, кейін осы газеттің жолдамасымен ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түскен Талғат Айтбайұлы, Алпысбай Шымырбайұлы, Талғат Сүйінбай да кейін талантымен талайды тамсандырған қаламгерлер болды.
Бүгінде облыстық, республикалық деңгейдегі басылымдарда қызмет істеп жүрген ардагер журналистер «Қазақстан журналистикасының қайраткері» төсбелгісінің иегері Ақылжан Мамыт, Жамбыл Шоқыбасов, Амангелді Әбіл сынды журналистер де аудандық газетте ұзақ уақыт тер төккен бағалы кадрлар.
Қолына қалам ұстаған талапкердің өз кезінде аудандық газетпен байланыспағаны кемде-кем. «Жаңа өмірдің» жолдамасымен ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға аттанған қошқараталық қызымыз Гүлжәмилә Райымбекова, майталман радио дикторы Ұлжан Пармашқызынан кейін ауданнан шыққан журналист қыздардың алғашқы қарлығашы болды десек, асыра айтқандығымыз емес.
1987 жылы редакцияның ардагері Әбдіғапар Айтоқұлы зейнет демалысына шыққаннан кейін бір жылдай аудандық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарған Александр Иванович Коробкин басқарады. 1989 жылдың ақпан айы мен 1994 жылдың наурызына дейін «Жаңа өмір»-«Новая жизнь» газетінің бас редакторы болып ҚазМУ-дің және Алматы жоғары партия мектебінің түлегі Мырзахан Ахметов істеді. Бұл кезде редакция әдебиет пен өнерге, журналистикаға икемі бар кілең жас кадрлардан жасақталып газеттің мазмұны жаңаша сипат алды: аудан өміріндегі кемшілік біткен сын тезіне салынды, әлеуметтік-экономикалық өмірдегі процестерге байланысты қоғамдық пікір қалыптастыруға айрықша көңіл бөлінді. Сол кезде қызмет еткен жергілікті қаламгер Мейірбек Мәтенов, Жамбыл Шоқыбасов, Амангелді Ормантаев, Ақылжан Мамытов, Любовь Фоминская, Гүлмира Дембаева, Талғар Сейталиев, Бауыржан Үсенов, Ризагүл Темірбекова газеттің белді тіректеріне айналды. Небәрі 31 жасында өмірден өткен талантты ақын Бауыржан Үсенов газет бетінде әдебиет және өнер, мәдениет мәселелерін қозғап отырса, жас журналист Ақылжан Мамытов ауыл шаруашылығындағы проблемаларға терең үңілуге талпынған еді. Газеттің жауапты хатшысы, жалт еткен жасындай қысқа ғұмыр кешкен Талғар Сейталиев газетті полиграфиялық жағынан көркем етіп безендіруге күш-жігерін салды.
«Жаңа өмір» қай кезде де талабы таудай, сөз өнерінен, жыр әлемінен өз орнымды алсам деген таланттарға қамқоршы болған, қанат қақтырған.
1994 жылы наурыз айында болған жергілікті мәслихаттардың сайлауында редактор Мырзахан Ахметовтың жаңадан жасақталған депутаттар корпусына басшы болып сайлануына байланысты оның орнына Мейірбек Мәтенов тағайындалды.
Мейірбек Мәтенов бұл редакторлық қызметті ширек ғасырға жуық атқарды. Ол басшылық тізгінін алған алғашқы жылдары қоғам өміріндегі қиыншылықтар газет шығару ісін де айналып өтпеген еді. Қаржының тапшылығынан редакция штаты бес есеге дейін қысқарды. Орысша-қазақша газеттер біріктіріліп, басылым аралас тілде шығатын болды. Аудан әкімдігі газетті сақтап қалу үшін жан-жақты шара қолданды. 1998 жылы алғаш аудандық газетке 1 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп, компьютерлік теру, беттеу машиналары сатып алынды. Бірте-бірте редакция материалдық-техникалармен жабдықталуы жаңара түсті, газет шығару ісі едәуір жеңілдеді.
«Жаңа өмір» газетін 2017-2018 жылдары талантты, облысқа белгілі жас журналистердің бірі Сатыбалдиев Бекнұр Мейрамбайұлы басқарды. Талантты журналист газеттің мазмұны мен дизайнына жаңаша серпін әкелді. Проблемалық және сыни мақалалар жиі жарияланып, журналистердің шеберлігін арттыра түсті.
2018-2019 жылдары газетке Берік Жұмабайұлы редакторлық етті.
Бүгінде «Жаңа өмір» газетінің мәні мен мазмұны өзгерген. Мұнда тәжірибелі журналист мамандар қызмет етіп, газетті барынша көркем әрі қызықты етіп шығаруға тер төгуде. Атап айтар болсақ, редактордың орынбасары, ақын Нұржан Дербісалиев, тілші Айгүл Аманқұл сынды қарымды қаламымен және азаматтық ұстанымымен танылған журналистер еңбек етуде. Сонымен қатар Лаура Мұсабекова, Баян Оразбаева, Анар Тіленшиева сынды жас тілшілер мен фототілші Сәбит Күзембаев пен дизайнер Асылхан Ескенеев те газеттің мазмұнды, сапалы шығуына үлкен үлес қосуда.
Газет тарихында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қаламы қарымды журналистер Абылайхан Сәрсенов пен Марат Құлибевтың да алар орны ерекше.
“Жуалы аудандық “Жаңа өмір-Новая жизнь” қоғамдық-саяси газеті” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры қызметін Ақмарал Омарбекова абыроймен атқарып келеді. Ақмарал Сапаралықызы шығармашылық қызметкерлердің алаңсыз жұмыс істеуіне, яғни материалдық мәселелердің әрдайым оң шешімін табуына үлкен үлес қосып келеді.
Бүгінде газет Тараз қаласындағы “Сенім” баспаханасында шығады. Газет таралымы бес мыңнан асады. 2018 жылдың тамыз айынан бастап газет D2 форматта шығады. 1934 жылдан бастап шығып келе жатқан төл басылымымыз дәл бүгінгі күнгі мерекелік санмен 9416-рет шығарылып отыр.
90 жастың төріне көтерілген «Жаңа өмір» газеті алдағы уақытта да елдіктің жаршысы, халықтың мінбері, жасампаздықтың жылнамашысы миссиясын абыроймен атқара береді деген сенімдеміз! Алдағы уақытта да газет ұжымының жазар жақсылығы, жеткізер жаңалығы көп болсын!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
Бас редактор

Таңдаулы материалдар

Close